22 Қараша, 2016

Есімі есте қалдыруға лайықты

387 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ermurat-zeyipkhanТуған Отанымыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығының тарихи шежіресі «Ұлы дала ұлағаттары» туындысының «Қиырдан келсе қандастар» тарауында: «...1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақ радиосынан шет ел қазақтарына арнап сөз сөйледім. Ол сөз жан-жүрегімнен қайнап шыққан еді. Сол сөз әлемнің әр елінде ғұмыр кешіп жатқан бауырларымызды дүр сілкіндірді. Қазақстанға келемін деп ат басын бұрып, ұлы көштің теңін буып, тізгінін қаққан бауырлар сол кезден бастап Отанға оралудың қам-қарекетіне кірісті...» деп жазады. Арман-мұратқа айналған атажұртта ақ таң атып, Тәуелсіздік туын көтергенін күл­лі әлем­ге жария еткен бұл сөз қиялына қа­нат бі­ті­ріп, жолын тауып, Қытайдан Алма­тыға аң­сап жеткен азаматтардың алғаш­қы­ла­рының бірі – сол кезде жиырма жасты енді еңсерген Ермұрат Зейіпхан еді. Жалындаған жастығымен қазағының күн сипат­ты астанасы Алматыда қандас­та­рының ыс­тық құшағына, риясыз ақ көңіл мейірі­­мі­не бөленген Ермұрат білімге деген ұмты­лы­сы­мен қолдау тауып, Темірбек Жүргенов атын­дағы өнер академиясының студенті атанды. Оқи жүріп те, өнер академиясын бітіріп, ең­бек ете жүріп те  алматылық өнерсүйер қа­­­уым­ға, әсіресе, отызында орда бұзар шы­­­­­ға­р­машылық қатарластары ортасында сы­­пайы мінезімен, сабырлы, сері сырт бей­не­­сімен, өмірге құштар, отаншыл, ойшыл дар­қан жүрегімен, сегіз қырлы, бір сырлы арқалы ақын, әнші-сазгер тума талант өне­рі­­мен кең таныла бастады. Ол бірер жыл айналасында сүйген жа­ры мен жас өскін ұлын жетелеп көшіріп әке­­ліп, атажұртта отбасылық қуанышқа же­­теді. Қытайдың төрт жылдық медици­на институтын бітірген келіншегі де ең­бек­­­шілдігімен жаңа ортаға тез бейім­де­ліп, жұ­байының сенімді серігі болды. Өзіне мүл­­­дем таныс емес кириллицамен жа­зуға тез төселіп, орысшаға ден қойып, С.Асфендияров атындағы мемлекеттік ме­­­­ди­­­­­цина институтының арнаулы курсын тә­­­мам­дап, тәжірибелік сынақтан өтіп, ақ­ ха­латтылар сапына қосылды. Тұңғыш ұл­дары музыка мектебінің табалдырығын аттады. Екі бөлмелі пәтердің кілтін алып, отбасымен Ермұраттың бақыттың биігіне, шабыттың шалқарына шыққан шағы еді, бұл кезең. Атажұртта сүйіншілеп келген екінші сәби ұлы туғанда жүрегі жарылардай қуаныштан киелі Қазақ елі топырағын жата қалып сүйген шағы еді бұл. Тәуелсіздікке жеткен, өз тізгінін өз қо­лына алған, азаттық бақытына ие болған Қазақ елінің, қазағының алыстан аңсап келген өзіндей бір перзентіне көрсеткен шексіз қамқорлығына риза әнші-ақын-сазгер жүректің түкпірінен жарып шыққан бір­туар «Көк тудың желбірегені» әнінің дүниеге келген шағы да осы кезең еді. Амал қанша, батпандап кірген ауыр дерт атпалдай азаматтың – Ермұрат Зейіпхан­ның өмірін  қырық жасқа жеткізбей қиып кетті. Қазақстан Жазушылар одағы үйінде Ермұратты соңғы сапарға шығарып салу­ға арналған қаралы жиынға қатысқан алма­­тылықтардың қарасы қалың болды. Жинал­ған қауымның алды-артын орап  алған қабағы қатулы жастар көп болды. Адамзат тарихының екінші мың­жыл­ды­ғының ортасында бақиға аттанған хас та­лант иесі өмірі қысқа болғанмен артын­да өшпейтін асыл мұра қалдырды. Азат­тық­тың ақ құсындай Ата­мекенге аңсап жетіп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне тәу етіп, жастық жалынмен қазағына бар дарынын ақтарыла тарту еткен Ермұрат Зейіпханның өмірі мен шығармашылығын өзек еткен көк кітаптың қолға тиетін уақыты да келер. Тәуелсіздік шарапатымен атажұртқа бет бұрған ұлы көштің жолын ашқан  Елбасы жоғарыда аталған туын­дысында: «Біз әрбір бауырымызды ата­мекенін аңсап келген ағайын деп қана қара­май, елге қосылған елеулі қазына деп қабылдаймыз» деп жазады. Талантты бауырымыз Ермұрат Зейіп­хан­­­ның бір ғана «Көк тудың желбі­ре­гені» әні еліміздің еңсесін тіктеуге, отан­сүйгіштік рухымызды көтеруге қосылған мәңгілік қазына екенін баршамыз жақсы білеміз. Бұл әннің сөзін жазған ақын А. Ах­мет­бековтен осы әнді өз репертуарлары­на қосуға рұқсат сұраушылар да көбейіпті. Кү­ні кеше ғана төрткүл дүниені дүр сіл­кін­т­кен Рио олимпиадасына қатысқан қазақ­стандық спорт­шылардың осы ән рухын көтеріп, жеңіс­ке жетеледі десек, ар­тық айт­қандық емес. Әлемдік спорт сайысынан үзбей хабар таратқан бұл ән Қазақ радио­сының тұрақты үн жаршысына айналды. Жан дүниеңді баурап алатын әннің рухани қуат-күшінің құдіретімен «спортшыларымыз жеңіске жетіп, Көк туымыз әлемдік жарыс тұғырына көтерілсе екен» деген тілекпен әлемдегі барлық қазақ бір қазақтай болып ұйыса түстік, бір жұрт болып бір-бірімізге жақындай түстік. Тәуелсіздік дәуіріміздің төл туынды­сы осы әннің құдіреті менің қолыма қалам алғызды. Айтайын дегенім, отан­шыл­дық рухтың асқақ көрінісі іспетті, «Көк ту­дың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпханның есімін есте қалдыру, өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету Қазақ елі мен халқына үлкен парыз емес пе?! Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына орай Қазақ­стан­ның қай өңірінде болса да жаңадан салынып жатқан мектепке, көшеге Ермұраттың есімі берілсе, әсіресе, жас ұрпаққа өлшеусіз үлгі-өнеге болар еді, демекпін. Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, баспасөз ардагері