22 Қараша, 2016

Алматыға аспанмен баратындар азайған

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Әулиеата» халықаралық әуежайының кешені өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өтіп, жолау­шыларға жаңа кейіпте қызмет етіп жатыр. Тір­кеу, тексеру, басқа да қызмет орындары зама­науи үлгіде жабдықталған. Полиция, кеден, қауіп­сіздік қызметтерінің алаңсыз жұмыс істеуіне де барлық жағдай жасалыпты. Ұшу, ұшып келу, «VIP», жалпы залдарда жолаушыларға мінсіз қызмет көрсетіледі. Мейрамхана, дүкен, газет-журнал сататын орын, ойын алаңы, ана мен бала бөлмесі, медпункт, дәріхана, жүк сақтайтын, ақша айырбастайтын орындар, тіпті банкоматқа дейін бар. Мұндағы атаулар да, бағыт білдіретін жазулар да қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Әуежай халықаралық талаптарға сай. Жолаушылар терминалының жалпы көлемі 6800 шаршы метрді құраса, сағатына 600 жолаушы қабылдап, бір сағатта – 3, бір жылда 6500 рейсті жүзеге асырады. «Әулиеата» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Анатолий Нестеренконың айтуына қарағанда, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­аралық көлік дәлізі пайдалануға берілгелі бері Тараздан Алматыға ұшатын жолаушылардың саны күрт азайып кетіпті. Ақырында бұл рейсті жабуға мәжбүр болған. Өйткені, Тараз бен Алматының арасы 500 шақырымнан сәл-ақ астам. Жүйіткіген көліктер көне қаладан оңтүстік астанаға 4-5 сағатта жетіп барады. Әрі такси бағасы да ұшақтың билетінің құнына қарағанда мүлдем арзан. Дегенмен, әуежай басшылығы Әулиеата­дан Алматыға жаңа рейс ашудың басқа жолдарын қарастырып жатыр екен. Бүгінде әуежайдан SCAT компаниясының ұшақтары ішкі бағыт бойынша Астанаға аптасына төрт рет ұшса, «Air Astana» компаниясының ұшақтары үш рет, ал халықаралық бағытта SCAT компаниясының ұшақтары Мәскеуге, Худжандқа аптасына екі рет, Сургутке бір рет ұшады. Алдағы уақытта ішкі бағытта Ақтау, Атырау қалаларына және халықаралық – Санкт-Петербург, Нижневартовск, Түмен, Ыстанбұл, Үрімші және Дубай бағытында жолаушылар ұшағын ұшыру жоспарланып отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» ТАРАЗ