Аршалы кентінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде әлеуметтік жағынан мұқтаж тұрғындарға жаңа 16 пәтерлік үйдің кілті табыс етілді.
– Мен бүгін баспаналы болғаныма ерекше қуаныштымын. Шынымды айтсам, бұлай болады деп тіпті де ойлаған емес едім. Енді ештеңеге алаңдамай, отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Біздерге осындай қамқорлық танытып жатқан мемлекетімізге мың алғыс, – деді патронаттық отбасының тәрбиеленушісі Аленя Рязанов салтанатты шарадағы сөзінде.
Осынау 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 143 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «СК Гросс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жаңа тұрғын үй заманауи талаптарға сай салынған. Үйдің маңында автотұрақ және балалар алаңы да қарастырылған.