22 Қараша, 2016

Омарташылардың оңды ісі

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

01-3Қытай кәсіпкерлері Қазақ­стандағы омарта шаруа­шы­­лығының дамуына қы­зығушылық танытуда. Соның бір айғағы ретінде ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігі сапа инспекциясы және карантин жөніндегі бас басқарма төрағасының орынбасары Мей Кебао жетекшілік еткен делегацияның Аршалы ауданына арнайы келуін айтуға болады. Көрші елдегі іскер қауым өкілдерін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Гүл­мира Исаева мен аудан әкімі Азамат Тайжанов қарсы алды.

Қонақтар Ақмола об­лы­сына әйгілі әрі бай тәжі­рибе иесі Анатолий Доб­ровольскийдің Бабатай темір­ жол стан­са­сындағы омарта ша­руашылығында болып, атқа­рылып жатқан істермен танысты. Шаруашылық иесі А.Доб­ровольский бал жинау жұмысы жайлы жан-жақты әңгімелеп, қытайлық әріп­тес­терімен тәжірибе бөлісті.

Сондай-ақ, кездесу барысында елге белгілі омарташылар Сандықтау ауданындағы Балқашын кентінен келген Станислав Богомолов пен Аршалы ауданындағы Ижев ауылының тұрғыны Юрий Лагутин өз кәсіптерінің қыр-сыры мен болашағы жайлы егжей-тегжейлі айтып, қойылған сұрақтарға толымды жауаптар қайтарды.

Аудандағы омарта ш­а­руа­­­шы­лығы­ның ұйым­дас­ты­ры­луымен танысып, дайын өнімнен дәм татқан қо­нақ­­тар Ақмола балының ерек­ше­лігі мен сапасына жоғары бағасын берді. Өзара түсіністік ахуалындағы пікір алмасу барысында Мей Кебао мырза Ақмола балына Қытай тарапынан қызығушылық барын атап көрсетіп, алдағы уақытта бағалы өнімді жеткізу мәселесіне мүд­делілік білдірді. Келісімшарттар рәсім­деу күні де алыс еместігі байқалды.

– Елімізде омарта шаруа­шылығын дамытуға ерекше көңіл бөліне бастағаны қуан­тады, – деді бізбен әңгімесінде А.Добровольский. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі де осынау пайдалы салаға қолдау көрсетуде. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары, нарыққа табиғи таза өнім шығару әрі ел экономикасына қосымша капитал тарту болып табылады.