22 Қараша, 2016

Асанәлі Әшімов. Қазақ үшін жүрек майын шам қылды

440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ek3Тәуелсіздік алғалы бері қол жеткіз­ген табыстарымыз бен жетістік­терімізді кең көлемде саралап, сындарлы көзқараспен 25 жылға шолу жасаған «Ұлы Дала ұла­ғаттарын» оқи отырып, Президен­тіміздің мемлекетшіл санамен ойлап, қазақы тілмен сөз саптай­тынына тағы бір сүйсіндім. Қа­зақстанның жаңа тарихында, мемлекет іргетасын қалыптастыруда ерекше еңбек сіңірген тұлға асқаралы белес биігінен өткенге көз сала тұрып, терең пайымдар жасайды. Сөзінің жалғаны жоқ. Ел туралы ойланса да, жер жө­нін­де толғанса да, қазақ жастарын қауіп-қатерден сақтандырып, тілі мен дінін құрметтеуге шақырса да, пайымы мен ойы Прези­ден­т­тік міндетінен ғана емес, осы ұлт­тың азаматы ретіндегі перзент­тік жанашырлығынан, ағалық қам­қор­лығынан туғанын байқатады. Саяси және экономикалық тығырыққа тірелуге жол бермей, барлық қиын кезеңдерден ақылмен жол тауып, Қазақстанды алға сүйреп келе жатқан қызметі көз алдымызда. Президент бұл кітабында әдеттегі демократиялық, саяси, экономикалық толғамдарымен емес, халықтық құндылықтарды, ғасырлар бойы тірнектеп жинаған асыл қазынасын – тіл, дін, өнер, дәстүр, ізгілік, адамгершілік деп аталатын жан байлығын құрметтеуге, қорғауға, сақтауға үндепті. Басқаны білмеймін, мұндай әңгіме, әсіресе біздің, өнер адамдарының құлағына майдай жағады. Кітаптың соңғы «Жаңғырып келер жас толқын», «Қарияларымыз – қазыналарымыз» деген бесінші және алтыншы тарауларындағы жаңашыл жастарымыз бен қадірлі қария, абзал ақсақалдарымызға қаратыла айтылған ойды халықтық тәрбиемен өсіп, тұлғалық тұрпаты обал-сауап, ар-ождан секілді төрт тағанмен биіктеген адам ғана айта алады. Өзіміз де ақсақал жасына жеттік, қазақтың отбасылық институтын құрайтын дәстүрлі ұғымдарды – қария кім, ақсақал кім, абыз кім, Президент аражігін әдемі ашып, тарқатады. Балалығы – жастыққа, жастығы – қарттыққа ұласатын қуыс кеуделі адам баласы біле жүруі тиіс керек ой, кәдемізге жараса, қане? Президентіміздің осы еңбегін оқи отырып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазақ үшін жүрек майын шам қылды» деген сөзі еске түседі. Расында да, Елбасымыздың қайраткерлік келбеті ел өмірінің тіршілік-тынысын терең білуімен, мемлекет ішіндегі және әлемдік ахуалдармен санаса отырып, батыл қадамдарға баруымен, ойға алып, діттеген идеясын табандылықпен жүзеге асыруымен дараланады. Еліміз сынға түскен егемендіктің әрбір күні айға, әрбір аптасы жылға, әрбір жылы ғасырға бергісіз болып келеді. Содан бері үміт артып, тағдырымызды тапсырған Көшбасшымыз қияннан жол тауып, адастырмай алға сүйреп, азаматтығын танытумен келеді. 25 жыл дегеніңіз онша көп уақыт емес, бірақ маңызы үлкен. Еліміз ешкімге тәуелді болмай, үлкен жеке мемлекет болғанымыз – бақытымыз. Осы Тәуелсіздікті ұстап тұра алсақ, сол біздің міндетіміз. Бұдан ары да біздің қажыр-қайратымыз, ерік-жігеріміз толығымен осы ұлы мақсатқа жұмсалуы керек.