22 Қараша, 2016

Мұхтар Алтынбаевтың ғибратқа толы өмірі

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
mukhtar-altynbaev Ғибратқа толы өмірін Отанының қауіпсіздігі мен дамып, өрлеуіне арнаған, халқының сенімін ақтап, ықыласына ие болған тұлғалардың бірі - әскери-ұшқыш, армия генералы, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев. Мұхтар Қапашұлы қарапайым жұмысшы отбасында туған. Ол қазақ орта мектебінің 10-11-сыныпта оқып жүрген кезде-ақ аэроклубқа барып шағын ұшақтармен ұшады. Болашақ ұшқыш өзінің еңбек жолын 17 жасында шахтада көмір қазып жұмысшы болудан бастады. Қарағандылық жас жігіт алты жылдай жер астында ауыр еңбекпен айналысып жүрген кезде де, әуеде ұшу арманы ойынан кетпеді. Қол еңбегімен айналысып жүрсе де, ұшқыштарды дайындайтын әскери орталықтан қол үзбейді. Сөйтіп запастағы кіші-лейтенант шеніне ие болады. 24 жасында балалық шағынан келе жатқан арманы жетелеп, Краснодар өлкесінің Армавир қаласындағы ұшқыштар әскери училищесіне түседі. Таңдаған мамандығына қолы жеткен жігіт оқуды үздік бітіреді. Бұдан кейін Тверь қаласындағы маршал Г.К.Жуков атындағы 1985 ж. ӘШҚ Әскери командалық академиясын қызыл дипломмен аяқтайды. Әскери еңбек жолында Одақ қалаларында әскери тапсырмалармен елден жырақта өмір сүріп, әскери истребитель ұшақтардың сан түрлерін басқаруды игереді. Ол отанымыздың қарулы күштер саласында 40 жылға жуық қызмет атқарған тәжірибелі басшы. М.Қапашұлы бірде телеарнадан берген сұхбатында: «адам өз жасаған ісіне көңілі толып жайбарақат жүретін болса, ол тоқырай бастайды. Сондықтан қандай биікке қол жеткізсең де, өз ісіңдегі кемшіліктерді көріп, оны түзету үшін алға қарай ұмтыла  білу керек», деді. Әскери-кәсіби еңбек жолын аға ұшқыштан бастап, 1992 елге оралған соң Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне (1996, 2001) дейінгі өте жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Сол жылдары Уральск әскери округі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс авиациясы полкінің командирі болып тағайындалғанда М.Алтынбаев басшылығындағы полк КСРО-дағы ең жоғары деңгейдегі үздік полк болған екен. Шетел мамандары оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалады. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев Мұхтар аға туралы: «Ол жол тауып өзінің бұйрығын орындата біледі, өзін сыйлата біледі. Мінезінде дипломаттығы мен жауапкершілікке қаталдығы да бар. Бойында адамгершілігі жоғары» деген бағасы көрерменнің есінде. Мұхтар Қапашұлы халық қалаулысы, елінің мақтанышы, патриот тұлға. Оның абыроймен атқарған әскери қызмет жолы өскелең ұрпақтың елінің адал ұлы, азаматы болып өсуіне үлгі болмақ. Қазақстанның қорғаныс саласының бекіп, нығаюына орасан үлес қосқан тұлғаның бірі және бірегейі. 2010 жылдан Елбасының Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Елінің ер ұландарының Отан алдындағы атқарған парызын жас ұрпаққа, ортамызда насихаттауды ұлттық «Табыстың 100 қадамы» жобасы өзінің мақсаты етіп қойды.  Бақыт Жолдыбайқызы