22 Қараша, 2016

«Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясы шықты

1228 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
15135990_611919718992861_733626713197485600_n Кеше ұлттық әдебиет әлемі айрықша оқиғаның куәгері болды. Қазақстан Жазушылар одағында «Ғасыр ақыны» атанған, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевқа арналған энциклопедия жарыққа шықты. Тұлғалық энциклопедия − ақынның мол әдеби мұрасының қауызын ашып, оның асыл дәнін оқырман қауымға барынша саралап көрсетуді мақсат тұтқан үлкен жинаққа айналды. Талайдан жоспарланған энциклопедия тұсаукесеріне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева бастаған Алматы зиялылары, ақынның замандастары, танымал жазушылар қатысты. − Қазақстандағы тұлғалық энциклопедиялардың алғашқысы – «Абай» болса, бүгінгісі − «Мұқағали». Екеуі де ұлы ақын, екеуі де энциклопедия арнауға тұрарлық ақын. Бірақ екі энциклопедияның арасында үлкен өзгерістер болды. Абайды шығарудың оңайлығы, оған көп жылдар ақын шығармашылығын зерттеген ғалымдар қатысты да және Абай өлеңдері жайлы еңбектер көп болды. Ал Мұқағалитану ғылымы енді ғана қолға алынғандықтан, ғылыми тұрғыдағы материалдардың көпшілігі әрі жарық көрмегендіктен, біраз қиындықтар болды. Соған қарамастан, Алматыдағы ақын-жазушылардың, сыншылардың күшін пайдаланып, осы кітапты шығардық. Мұнда басты тақырып − Мұқағалидың өлеңдері. «Мұқағали 1001 өлең шығарған» дейді. Бұл кітапта сол мыңнан астам туынды энцилопедияға түгел енді. Екіншіден, ақын шығармаларын жанрлық жағынан ғана емес, тақырыптық жағынан барынша қамтып, мейлінше мол материалдар беруге тырыстық, − дейді энциклопедияны құрастырушылар тобын басқарған жазушы Таңатқан Рсаев. Жаңа энциклопедияны жарыққа шығарған «Қазақпарат» баспа корпорациясының президенті Қонысбек Ботбай: «Бұл кітапты 2010 жылы жоспарлап, ұсынысымызды Әділет министрлігінде тіркетіп, рұқсат куәлігін алып, материалдар жинақтауды бастаған едік. Тек былтыр ғана Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша көздеген мақсатқа қол жеткіздік. Бір жыл бойы энциклопедия құрастыруда тәжірибесі бар мамандарды тартып, осы кітаптың басын құрадық. Авторларды көптеп қамтуға ұмтылдық. Энциклопедия құрастыру ісімен айналысып жүрсек те, бұл жобаға үлкен жауапкершілікпен қарадық. Күнді түнге ұластырылып, сапалы жинақ жасадық деп ойлаймын. Бізге оңай тиген тұсы, осы энциклопедия қолға алынғаннан бастап, қаламгерлер тарапынан, мамандар жағынан ұсыныс-тілектер көптеп түсіп жатты. Жасалынып жатқан жұмыстан хабардар жұрт баспамызға келіп, ақыл-кеңес беріп отырды. Сондықтан Мұқағали ақын туралы мәліметтер барынша қамтылды. Егер кемшін тұстары болса, Мұқағали дәуірі енді басталды, ақын шығармашылығы әр кезеңде өзінің лайықты бағасын ала береді», дейді. Кітапта сонымен қатар ұлы ақынның өмір жолы, туған жері, өскен ортасы, үрім-бұтағы, таным-сенімі, қаламдас жолдастары, қоғамдық, әлеуметтік, діни көзқарастарына байланысты нақты мағлұмат беретін материалдар жүйелі жинақталған. Энциклопедияны құрастырушылар оны шығаруда «Мұқағали» журналының және Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың көмегі көп болды дейді. Сонымен, көлемі  90 шартты баспа табақ болатын энциклопедия 3 мың тиражбен тарап отыр. Қосымша таралымға «Қазақпарат» баспа корпорациясы қаражат бөлген. Мәңгілік жырдың мұхитындай Мұқағалидай ақынның рухани ғұмырына арналған жиынның  бейреси бөлімінде жастар ақынның өлеңдерін оқып, белгілі әншілер халыққа кең тараған әндерін шырқап, талай естеліктер тарқатылды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ