23 Қараша, 2016

25 жылда 2 млн. жұмыс орны ашылды

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары аралығында 2 млн-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті дамытуға тиісті жағдай жасалды. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдары мемлекет бюджеті 1 100 есеге өсті. Жалпы ішкі өнімнің үлесі 1,5 есе ұлғайды. Барлық қолға алынған шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz. «Ұлтымыз үшін тәуелсіздік – асыл қазынамыз. Тұтас бір халықтың тағдыры сыналған шешуші сәтте ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін қолына алды. Ол тәуелсіздіктің туын тігіп, тар жолда кідірмей, тайғақта сүрінбей, жол бастады. Ел мүддесін мұрат еткен Елбасымыздың еңбегінің арқасында жарқырай келген жас мемлекет алға қадам басты», - деді ол. Сонымен қатар, Нұртай Сабильянов тәуелсіздік жылдары жүргізілген қаржы реформаларына тоқталды. «Нақты жүйеге бет бұрып, жекешелендіру жүргізілді. Инвестиция тартылып, шетелмен өзара сауда қатынасы жолға қойылды. Төл теңгеміз қолданысқа енгізіліп, дербес қаржы жүйесі құрылды. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалып, жеке кәсіпкерлік қарқынды дамыды. Бұл тәуелсіз еліміз үшін бұрын-соңды болмаған өз нәтижесін берді. Оған дәлел Тәуелсіздік жылдары мемлекет бюджеті 1 100 есеге өсті. Жалпы ішкі өнімнің үлесі 1,5 есеге ұлғайды», - деді депутат. Сондай-ақ, халық қалаулысы бұл өзгерістердің ұлттық экономикаға оң әсер еткендігін атап өтті. «Мемлекет басшысының Ұлттық қорды құруы ел экономикасының еңсесін тіктеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Жалақы жыл сайын еселеніп, 2 млн-ға жуық жұмыс орны ашылды. Инфрақұрылым қайта қалпына келтіріліп, дамып, ел игілігіне жаратылды», - деді ол. Сөз соңында Нұртай Сабильянов еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін маңызды жобаларды қолға алғандығын айтты. Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. 
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10