23 Қараша, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Мақатқа аялдады

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
unnamed Мақат –Атыраудағы өндірісті ауданның бірі. Дәл осы ауданға «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы арнайы аялдады. Штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов бастаған салалық министрліктер мен түрлі комитеттердің, ұлттық холдингтердің таңдаулы өкілдері мен жетекші мамандарынан құралған топты жұртшылықпен бірге аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев қарсы алды. –Кең жазиралы даламызды баянды мекеніне айналдырған көпэтносты елімізде тәуелсіздік жылдарында бекем бірлігі мен ырысты ынтымағына сызат түспеді. Бұған жаһанның барша жұрты қызығып қарайды. Қарашаңырақ –Қазақстанымыздағы өркенді өзгерістерге, түтіні түзу тыныштыққа қызғана қарайтындар да бар. Біз үшін ең бастысы –еліміздің өсіп-өркендеуі, ынтымағымыздың бекемделе түсуі. Халқымыз «Ырыс алды –ынтымақ» деп бекер айтпаған. Елдегі бірліктің нығаюына да, ырысымызды тасытқан ұлттық экономикамыздың өркен жаюына да әрқайсыңыздың үлесіңіз бар. Мен баршаңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, –деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов. unnamed-1 Шын мәнінде бұл пойздың келуіне аудан тұрғындары қызығушылық танытты. Дәрігерлер алдына келген тұрғындардың барлығына медициналық көмек көрсетілді. Дұрыс тамақтану мен тынығудың маңыздылығын да тұрғындарға түсіндірілді. Мәселен, Серікбай Сақтағанов пойыз құрамымен келген жоғары санатты кардиологтың кеңесімен жүрегіне ем-дом жасаудың жолын білгеніне ризашылығын білдірді. Сол секілді кәсіпкер Саламат Қуанышев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен кәсіпкерлікті одан әрі кеңейту үшін көрсетілетін қолдаудың жай-жапсарына қанықты. –Кейде әлдебір әлдебір мәселе үшін облысқа, тіпті, Астанаға дейін барудың қажеттігі туындап жатады. Адам болған соң сырқаттанбай тұра ма? Кей сырқат жандар жанына шипа Астана, Алматы секілді ірі қалалардағы білікті дәрігерлерге баруына мүмкіндігі бола бермейді. Ал бүгін ауданымызға кәсіби дәрігерлер де, түрлі саланың жетекші өкілдері де келіп, қабылдау жүргізді. Бұл –біз үшін үлкен қуаныш, –дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Қаленов. Мақат ауданының тұрғындары «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының өкілдерінен «Жұмыспен қамту –2020», «Жастар тәжірибесі», «25 жылдың белестері» және мемлекеттік қызметтер ұсыну мәселелері бойынша ақыл-кеңес алды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Мақат ауданы.  
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10