«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулин бастаған сайлауалды үгіт-насихат тобының мүшелері 11 наурызда Қызылжар өңіріне атбасын тіреді. Оның құрамында елімізге белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының өкілдері болды.
Погодин атындағы орыс драма театрында өткен кездесуге облыс жұртшылығы, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, кәсіподақ белсенділері қатысты. Жиынды «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Қартов ашып, бірінші сөзді Н.Нығматулинге берді. Нұрлан Зайроллаұлы өз сөзінде еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде қол жеткен табыстарын атап көрсетті. Облыс халқын сайлауға белсене қатысуға, Н.Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдауға шақырды.
Залға жиналғандар «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың сөзін де ұйып тыңдады. Ол өз сөзінде алдымызда үлкен тарихи таңдау тұр. Мемлекетіміздің, халқымыздың болашағын айқындайтын кезең. Олай болса, таңдауда қателеспейік, деді. «Ауыл» социал-демократиялық партиясының жетекшісі Ғани Қалиевтың залға қарата айтқан толғамдары да жалынды шықты. Ол «мен Қызылжардың қасиетті топырағын талай рет бастым. Бұл өңірдің халқы шетінен еңбекқор. Егіншілік саласындағы толағай табыстарының өзі неге тұрады? Биылғы президенттік сайлауда да үлкен ұйымшылдық танытып, бірлік, ынтымақ, достық үшін дауыс береді деген сенімдемін, десе, сенатор Қуаныш Сұлтанов та әңгімені тереңнен өрбітті.
Жиында «Қазақстан азаматтық альянсының» төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков сөйлеп, бір кісідей дауыс беруге жұмылдырды.
Түстен кейін коалиция мүшелері үш топқа бөлініп, облыс, аудан тұрғындарымен жүздесулер өткізді. Жүк вагондарын шығарумен айналысатын «ЗИКСТО» зауытының ұжымы коалиция мүшелерін құшақ жая қарсы алып, сайлауды үлкен саяси белсенділікпен өткізетіндерін айтты. «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің жұмысшы-қызметкерлері қоғамдық сайлауалды үгіт-насихат топ мүшелеріне атқарылып жатқан игілікті істер жайлы баяндап берді. Таңдаудан қателеспейтіндеріне сендірді. Петропавл қалалық мәдениет үйінде өткен кездесу де әсерлі болды.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.