Кеше «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы, Қазақстан президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізов ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының еліміздегі президенттік сайлауды байқаушылар миссиясының басшысы Даан Эвертспен кездесті.
Кездесу Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының ғимаратында өтті. Президенттікке кандидат пен миссия басшысының кездесуі өзара түсіністік жағдайында өтіп, оның барысында науқанға қатысты мәселелер сөз болды.
Осы ретте миссия туралы бірер сөз айта кеткен ләзім. Ол елімізде үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде кезектен тыс өтетін президенттік сайлау барысын байқау үшін құрылған. Оның құрамында 15 сарапшы болса, олар Алматы және Астана қалаларында шоғырланатын болады, сонымен қатар, жер-жерде сайлауға дейін бір ай қалғанда 28 ұзақ мерзімді байқаушылар да жұмыс істейді. Аталған миссия ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің атынан 400 қысқа мерзімдік байқаушы жіберуді көздейді.
Миссия сайлаудың ЕҚЫҰ принциптеріне және халықаралық демократия үлгісіне сәйкестігін, сонымен қатар, мемлекет заңнамасына сәйкестігін бағалайтын болады. Байқаушылар сондай-ақ саяси үгіт жұмыстарының барысын, сайлау заңнамасының сақталуын, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы жағдайын, сайлау комиссиялары мен басқа да маңызды мемлекеттік құрылымдар жұмысын жан-жақты бақылайды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.