Үкімет назарына
Жергілікті ауқымда қозғала беретін мәселеге нүкте қоятын мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылданса, шіркін! Тараз қаласына әкім болған шенеуніктердің көзі Елбасы тиянақтап тапсырған өндіріске, өнеркәсіпке емес, базарға түседі. Түскенде, баға мен салыққа бас-көз болатын парасатты басшы ретінде хал-жағдай сұрай келсе жақсы ғой. Жоқ, олар күрегі мен қайласын арқалаған археологтарша «базардың астында көне қала бар, соны қазу керек» деп күшке мінеді. Бір қызығы, жиырма жылға жуық уақыттан бері күрек-қайласын шошаңдатып келе жатқан «әкім-археологтарға» базар басшыларының да, «базар жағалап» күн көрген қарапайым халықтың да еті үйренген. «Е-е, бұл да баяғылардың жолын құшып, ел-жұрттың алдында ұятты болайын деп жүр ғой» дейді де қояды. Өйткені, сол тұста «базардың астында көне қала ғимараттары көміліп жатыр» деген мәлім де беймәлім дерек пен дәйекке иек артып, «қазба жұмыстарына» шұғыл кірісіп кеткен. Тұрпайы археологиялық «қазба жұмысының» аяғы сиырқұймышақтанып, екі шұңқырмен тәмам болған. Ал ойдан-қырдан жиналған жалдамалы жұмысшылардың ізі өшкен соң әлгі шұңқырлар базардың жуынды-шайынды төгіп, қоқыс тастайтын орнына айналды. Абыз тарихтың сақалына жармасып, бетіне түкірудің еш өңірде болмаған осы сорақы мысалынан қазіргі әкімдер қорытынды шығарудың орнына, тағы да археологтардың «бақшасына» түсіп, «қазамыз» да, «қатырамызға» басуда. Сондықтан біздің көңілімізді алаңдатып, қолымызға қалам алғызған «Базар астында жатқан көне қаланы қазу керек» деген ұсынысты археологиялық қазба жұмыстарының ел деңгейіндегі білікті мамандары емес, қалтасы қалың жергілікті байлар көтеріп, оны әкімдердің жалаулатып іліп әкететіні неліктен?» деген сауал. Егер «Төлебай базарының» ет пен жеміс-жидек сататын павильондарының аумағы астында көне қала қирандылары жатыр, соны жедел зерттеу қажет болып тұр десе, ондай маңызды мәселе Үкімет деңгейінде, кең ауқымда ойластырылмаушы ма еді?! Ойластырылғанда, ел мәдениеті мен тарихына, туризміне қатысты министрліктер мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институты ақыл қоспай ма? Ол үшін тарих ғалымдарынан, профессор-археологтардан тұратын беделді мемлекеттік комиссия құрылмай ма? Олар осы игі істің басы-қасында жүрмей ме? Өйткені, мемлекет тарапынан өте қомақты қаражатты қажет ететін бұл мәселе ең алдымен «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп, сосын ұзақ жылдарға жасалған жоба негізінде қолға алынуы керек екені белгілі. Өкінішке қарай, көне Тараз қаласы қирандыларына қатысты қолға алынғалы жатқан «жабайы археологиялық» жұмыстан Үкімет те, тиісті министрліктер де, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты да хабарсыз. Ал «әкім-археологтардың» өктемдігі мен өзім білермендігі жер астында «тып-тыныш» жатқан көне шаһар қалдықтарын мың жылда да қайта қалпына келтіре алмастай қиянатқа ұшыратуы бек мүмкін. Көне шаһарға алғашқы ғылыми қазба жұмыстарын 1920 жылы М.Е.Массон бастаған экспедиция жүргізіпті. Содан кейін Тараз қаласының орнына кешенді түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Ешқандай мемлекеттік бағдарламаға да енгізілмеген. Сондықтан, бұл мәселе тек қана мемлекеттік деңгейде шешуді қажет етеді. Әйтпесе, екі мың жылдан астам тарихы бар делінетін көне қаланың орнын бір-екі жылда қазып, оны аспан астындағы ашық музейге айналдырып, ел игілігіне ұсына саламыз деу ұшқалақтық болып табылады. Өйткені, инемен құдық қазғандай археологиялық жұмысты бірер жылда атқару материалдық жағынан да, физикалық тұрғыдан да мүмкін емес. Бірнеше ондаған жылдарға созылатын бұл жұмысқа облыстың он жылдық бюджеті де жетпейді. Сондықтан Елбасының пәрменімен, Үкіметтің қаулысымен іске асырылатын ауқымды істі күткен абзал. «Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы» деген кітаптың (Алматы, 2002 ж.) Жамбыл облысына арналған томындағы 57-беттен басталатын «Тараз қаласы» деген тарау бар. Сол ғылыми тұрғыда тұжырымдалған мақаланы мұқият оқып, ондағы 1865 жылы сызылған ежелгі жоспарға назар аударғандар, ежелгі Тараз қаласы мен Әулиеата бекінісінің бүгінде адам көптеп қоныстанған бірнеше көшелердің астында жатқанына көз жеткізеді. Ал ол аумақ тек қана «Төлебай» базары ғана емес, сонымен бірге бір жағы «Шахристан», екінші жағы «Дүйсебай» болып, ортасында «Еркебұлан», «Назар», «Ателье», «Райхан» және ТРТ деген сияқты ірілі-ұсақты 20-дан астам базарды қамтып жатыр. Оларға кіріп-шығатын үлкенді-кішілі жолдар мен тұрғын үйге толы көшелер қаншама?!. Көне Тараз қаласының орнын қазу өте ауқымды және жауапты мемлекеттік жұмыс дейтініміз, міне, сондықтан. Ал ойдан-қырдан жиналған жалдамалы арзан жұмысшы күштеріне «Төлебай» базарының «ет корпусы» орналасқан тұстағы он-жиырма сотық жерді апай-топай қаздыра салып, оның басына Қожанасыр атамыздың лашығы сияқты бірдеңені дереу қалқитып, алыс-жақыннан ат терлетіп келген туристерге: «Міне, ежелгі Тараз қаласы осы», деп көрсету – екі мың жылдық тарихы бар абыз шаһардың атақ-даңқы алдында да, Таразды әлемге таныту үшін бұл қаланы тізіміне енгізіп отырған ЮНЕСКО сынды беделді ұйым алдында да ұят. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, базарды көшіру – жергілікті билік құзырындағы әңгіме де, ал көне шаһар қирандыларын ашық музейге айналдырамыз деу – мемлекеттік деңгейде ойласатын мәселе. Тараз қаласы әкімі Б.Орынбеков әлі де болса жел сөзді желпілдетушілердің айтқанына көніп, айдауында кетпесе екен дейміз. Ол үшін мына мысалды айта кеткеннің артықтығы болмас. 1976 жылы Қытайдағы Сиань қаласының маңайында бір шаруа құдық қазамын деп жүріп беті жабулы үңгірге құлап түседі. Есін жиса, жер астында сап түзеген мыңдаған «жауынгер» тұр! «Арбалары», «аттары», «қару-жарақтарына» дейін бар! Міне, қытай археологтары осы жерді ұзақ жыл қазды. Бірақ жүздеген ғасырлар бойы дін аман тұрған сол жәдігер-терракоталар ашық аспан астына шығарылып, жұрт назарына ұсынылғаннан кейін жарылып, үгітіліп, қирап, сына бастаған. Енді қытайдың ғалым-археологтары сол терракоталарды жер астында бұзылмай тұрған берік қалпына қайтадан келтіре алмай әлек болуда. Шетел ғалымдарының сан түрлі химиялық тәжірибелеріне де жүгінуде. Бірақ ізденіс нәтиже берер емес. «Көне Тараз қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу керек, сөйтіп оны ашық аспан астындағы музейге айналдыру қажет» деген ұрандарды естіп, оқыған сайын осы мысал ойымызға орала береді. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын». Көне шаһар жәдігерлеріне жаны ашығансып жүргендердің, күні ертең сол тарихи жәдігерлер қоқыс астында қалса, басқаша сайрауы әбден мүмкін. Сондықтан жергілікті ауқымда қайта-қайта қозғала беретін осы бір ұшқары мәселеге біржола нүкте қоятын мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылданса екен дейміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Тараз.Көшпелілер ойындары: Астанада жаңа мурал пайда болды
Елорда • Бүгін, 18:08
Алматы маңындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты
Оқиға • Бүгін, 17:23
Бангладеште қонақ үй өртеніп, 24 адам қаза тапты
Әлем • Бүгін, 17:18
Қазақстан спортшысы Олимпиада рекордын орнатты
Олимпиада • Бүгін, 16:36
Демеу Жадыраев қырғыздың беделді балуанын жарыс жолынан шығарды
Олимпиада • Бүгін, 16:13
2025 жылы ҰБТ сұрақтары өзгереді
Білім • Бүгін, 16:02