Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары қасиетті Түркістан қаласында жалғасты. Мұнда Президент Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінде болып, осында жай тапқан ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етті. Осыдан кейін қаладағы мәдени-тарихи этнографиялық орталықта болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген бұл ғимарат кітапхана, мұражайлардан тұрады. Үш қабатты ғимарат әсем безендіріліп, оның үш қабатында ғұндар дәуірінен бастап, барлық түркі, қазақ тарихы мен Түркістан қаласының өткен шежіресінен мол деректер беретін музей ұйымдастырылыпты. Экспонаттар қоры 14 мыңға жуық көрінеді. Ал кітап қоры 5 мыңнан асады.
Зиялы қауым өкілдерімен кездесуді Президенттің өзі ашып, жүргізіп отырды. Алдымен өзінің Оңтүстік Қазақстанға келген жұмыс сапарының мақсатын айтып берді. Мен мұнда үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысымен танысуға келдім. Бұл бағытта Оңтүстік өңір жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Осы бағдарлама бойынша 14 серпінді жоба іске асырылды, дей келіп, Президент әлеуметтік саланың дамуына тоқталды. Соның ішінде адам денсаулығын сақтау бағытындағы жақсы істердің бірқатарын айтып берді. Өзі Шымкент қаласында болғанда жұмысымен танысқан перинаталдық орталықтың жетістіктеріне де тоқталып өтті.
Соңғы жылдардағы мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, сондай-ақ сырттан инвестиция тарту жолымен жасалып жатқан қамқорлықтардың арқасында ана мен бала өлімі азайды, атап айтқанда, бала өлімі – 20, ана өлімі 30 пайызға кеміді, деді Президент. Аталған орталықта біз 500 грамдық салмақпен туған шарананы да өлімнен алып қалу мүмкіндігіне ие болдық, деді Елбасы. Одан әрі Президент Қазақстанның 20 жылда шыққан биіктеріне кейбір мемлекеттер ғасырлар бойы да қол жеткізе алмағанын атап көрсетті. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда 500-дей мектеп, 300-дей аурухана салынды. Алдымен біз шекарамызды шегендеп алдық. Ал шекарасы шегенделмеген ел – ел емес. Қазақстан жастарының білімі ешкімнен кем болмас үшін халықаралық жоғары деңгейде білім бере алатын жоғары оқу орындарын ашудамыз, деді Елбасы. Сөзін қорытындылай келе Президент «Мәдени мұра» бағдарламасына тоқталып, 2003 жылдан бері оны іске асыруға 7 млрд. теңге жұмсалғанын айтты.
Алғашқы болып сөзді «Қазқайтажаңғырту» РМК директоры Қанат Тұяқбаев алды. Ол өзінің сөзінде «Әзірет-Сұлтан» қорық-мұражайына жүргізілген жаңғырту жұмыстары және жалпы оңтүстік өңірдегі мавзолейлер мен тарихи орындардың қалпына келтірілуі жөнінде әңгімелеп берді. Сонымен бірге, Дамаскідегі жөнделіп жатқан Әл-Фараби кесенесі мен Каирдегі Бейбарыс Сұлтан мешітінің жөнделу барысы туралы ақпарат беріп өтті. Жалпы, соңғы 7 жылда мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған 89 тарихи нысанның 73-і қайта жөндеуден өтті, деді ол.
Келесі сөз алған Халықаралық түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев өзінің сөзінде түркі халықтарын рухани-мәдени тұрғыдан жақындастыруда қазақстандық бастамалардың зор маңызы болғанын атап өтті. Соның ішінде Астанада ашылған Түркі академиясының жай-күйі, оның келешек жоспарлары туралы айта келіп, оның түркі халықтарын жақындастырудағы игі қызметтеріне жоғары баға берді.
Біз кеңестік дәуірде есесі кеткен халықпыз, деп бастады өзінің сөзін мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығаев. Қазір руханият саласында үлкен сілкініс жүріп жатыр. Қазақтың жауһар жыр, терме, ән-күйлері жинақталып, бір ізге түсірілуде. Олар «Мәңгілік сарын» деген атпен жарыққа шығып, аудиотаспаларға да түсірілді. Сонымен бірге, қазақтың 1000 әні, 1000 күйі антологиялары жарық көрді. Этномәдени экспедицияларымыз Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінде тұратын бауырларымыздағы мұраларды жинап қайтты. Алды жоғалу қаупінде тұрған 2000-ға тарта күйіміз таспаға жазылды. Қазір «Батырлар жыры» сияқты антологиялық шығармаларды жинақтау үстіндеміз, деді ол.
«Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып осы ойды одан әрі өрбітсе, Абайтану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов өзінің сөзінде Қазақстанның қазір үйренуші елден үйретуші елге айналып келе жатқанын тілге тиек етті.
Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өзінің сөзін Елбасыға арнаған жүрекжарды жырынан бастады. Одан әрі халық ақыны айтыстың маңызына тоқталып, оның былтырдан бері мемлекет қамқорлығына алына бастағанына ризашылығын білдірді. Өнердің төресі саналатын айтыс халықтың нағыз рухани қазынасы болып табылады. Сондықтан мемлекеттің оны қамқорлығына алғаны баршамызды қуантты, деді ол. Журналист-жазушы Мархабат Байғұт Президенттің Жолдауында мемлекеттік тілге қамқорлық жасау мәселесінің көтерілгеніне ризашылығын білдірді. Мемлекеттік қызметке қабылдауда тілді білу деңгейін тексеру қажеттігін айта келіп, ол қазір қазақ балаларының 80 пайызы қазақша оқитындығын еске салды. Бұдан 20 жыл бұрын қазақтардың 20 пайызы ғана қазақша оқығанын ескергенде, бұл үлкен жетістік, деді жазушы.
Кездесуде соңғы болып Түркістан қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылғасын Әзіретбергенов сөз алып, жиналғандар атынан Елбасыға алғысын білдірді. Одан әрі елге белгілі айтыс ақыны Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашты.
Басқосуды қорытындылаған Елбасы зиялылармен ой бөліскеніне қуанышты екендігін білдірді. «Біз жел қуған қаңбақ сияқты халық емес, тамыры тереңге кеткен халықпыз. Алайда, тарихшыларымыз қазақтың түп-тұқиянын әлі күнге дейін анық жаза алмай келеді. Шынайы патриотизм туған тарихыңды жақсы білуден басталады». Осылай дей келіп, Президент қазақтың адастырмас темірқазығы болатын үш ірі мәселені ауызға алды. Біріншісі – тарихыңды толық білу, екіншісі – жан-жаққа тартқан діни ағымдардан арашалайтын Ясауи ілімі мен философиясын оқып-үйрену, үшіншісі – ұлан-ғайыр Абай өркениеті. Данышпанның: «Біріңді, қазақ, бірің дос – көрмесең істің бәрі бос», деген нақылымен әңгімесін аяқтаған Президент зиялылармен жылы қоштасып, сапар қорытындысы бойынша журналистерге шағын сұхбат берді.
Жақсыбай САМРАТ, Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.