12 Наурыз, 2011

Әңгіме арқауы – бірлік

507 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары қасиетті Түркістан қаласында жалғасты. Мұнда Президент Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінде болып, осында жай тапқан ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етті. Осыдан кейін қаладағы мәдени-тарихи этнография­лық орталықта болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Өткен жылдың қараша ай­ын­да пайдалануға берілген бұл ғи­ма­рат кітапхана, мұражайлардан тұ­рады. Үш қабатты ғимарат әсем безендіріліп, оның үш қаба­тында ғұндар дәуірінен бастап, барлық түркі, қазақ тарихы мен Түркістан қаласының өткен шежіресінен мол деректер беретін музей ұйымдастырылыпты. Экс­по­нат­тар қоры 14 мыңға жуық кө­рі­не­ді. Ал кітап қоры 5 мыңнан асады. Зиялы қауым өкілдерімен кездесуді Президенттің өзі ашып, жүр­гізіп отырды. Алдымен өзінің Оңтүстік Қазақстанға келген жұмыс сапарының мақсатын ай­тып берді. Мен мұнда үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарлама бойынша берілген тапсырмалардың орындалу бары­сы­мен танысуға келдім. Бұл ба­ғытта Оңтүстік өңір жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Осы бағ­дар­лама бойынша 14 серпінді жоба іске асырылды, дей келіп, Президент әлеуметтік саланың дамуы­на тоқталды. Соның ішінде адам денсаулығын сақтау бағытын­да­ғы жақсы істердің бірқатарын ай­тып берді. Өзі Шымкент қала­сын­да болғанда жұмысымен та­ныс­қан перинаталдық орталық­тың жетістіктеріне де тоқталып өтті. Соңғы жылдардағы мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, сон­дай-ақ сырттан инвестиция тарту жолымен жасалып жатқан қам­қор­лықтардың арқасында ана мен бала өлімі азайды, атап айт­қанда, бала өлімі – 20, ана өлімі 30 пайызға кеміді, деді Президент. Аталған орталықта біз 500 грамдық салмақпен туған ша­ра­наны да өлімнен алып қалу мүм­кіндігіне ие болдық, деді Елбасы. Одан әрі Президент Қазақ­стан­ның 20 жылда шыққан биіктеріне кейбір мемлекеттер ғасырлар бойы да қол жеткізе алмағанын атап көрсетті. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда 500-дей мектеп, 300-дей аурухана са­лын­ды. Алдымен біз шекара­мызды шегендеп алдық. Ал шекарасы ше­генделмеген ел – ел емес. Қа­зақстан жастарының білімі ешкімнен кем болмас үшін халық­аралық жоғары дең­гейде білім бере алатын жоғары оқу орын­да­рын ашудамыз, деді Елбасы. Сөзін қорытындылай келе Президент «Мәдени мұра» бағдарла­ма­сына тоқталып, 2003 жылдан бері оны іске асыруға 7 млрд. теңге жұм­салғанын айт­ты. Алғашқы болып сөзді «Қаз­қай­тажаңғырту» РМК директоры Қанат Тұяқбаев алды. Ол өзінің сөзінде «Әзірет-Сұлтан» қорық-мұражайына жүргізілген жаң­ғыр­ту жұмыстары және жалпы оң­түстік өңірдегі мавзолейлер мен тарихи орындардың қалпына келтірілуі жөнінде әңгімелеп берді. Сонымен бірге, Дамаскідегі жөнделіп жатқан Әл-Фараби кесенесі мен Каирдегі Бейбарыс Сұл­тан мешітінің жөнделу бары­сы туралы ақпарат беріп өтті. Жалпы, соңғы 7 жылда мемлекет тарапынан қамқорлық­қа алынған 89 тарихи нысанның 73-і қайта жөндеуден өтті, деді ол. Келесі сөз алған Халықаралық түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының док­то­ры Шәкір Ыбыраев өзінің сө­зінде түркі халықтарын рухани-мәдени тұрғыдан жақындас­тыру­да қазақстандық бастамалардың зор маңызы болғанын атап өтті. Соның ішінде Астанада ашылған Түркі академиясының жай-күйі, оның келешек жоспарлары тура­лы айта келіп, оның түркі халық­тарын жақындастырудағы игі қызметтеріне жоғары баға берді. Біз кеңестік дәуірде есесі кеткен халықпыз, деп бастады өзінің сөзін мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандида­ты Базарбек Атығаев. Қазір руханият саласында үлкен сілкініс жүріп жатыр. Қазақтың жауһар жыр, терме, ән-күйлері жинақта­лып, бір ізге түсірілуде. Олар «Мәң­гі­лік сарын» деген атпен жарыққа шығып, аудиотаспа­ларға да тү­сірілді. Сонымен бірге, қа­зақ­тың 1000 әні, 1000 күйі анто­ло­гиялары жарық көрді. Этномә­дени экспедицияларымыз Қытай, Өз­бек­стан мемлекеттерінде тұра­тын бауырларымыз­дағы мұралар­ды жинап қайтты. Алды жоғалу қаупінде тұрған 2000-ға тарта күйіміз таспаға жазылды. Қазір «Батырлар жыры» сияқты ан­то­логиялық шы­ғармаларды жинақ­тау үстін­деміз, деді ол. «Қазақ энциклопедиясы» бас­па­сының директоры, филология ғылымдарының докторы Бауыр­жан Жақып осы ойды одан әрі өрбітсе, Абайтану институтының директоры, филология ғылым­дары­ның докторы Мекемтас Мыр­захметов өзінің сөзінде Қа­зақстанның қазір үйренуші елден үйретуші елге айналып келе жатқанын тілге тиек етті. Айтыскер ақын Әселхан Қа­лы­бекова өзінің сөзін Елбасыға арнаған жүрекжарды жырынан бастады. Одан әрі халық ақыны айтыстың маңызына тоқталып, оның былтырдан бері мемлекет қамқорлығына алына бастағаны­на ризашылығын білдірді. Өнер­дің төресі саналатын айтыс ха­лықтың нағыз рухани қазынасы болып табылады. Сондықтан мем­лекеттің оны қамқорлығына алғаны баршамызды қуантты, деді ол. Журналист-жазушы Мархабат Байғұт Президенттің Жол­дау­ында мемлекеттік тілге қамқор­лық жасау мәселесінің көтеріл­геніне ризашылығын білдірді. Мемлекеттік қызметке қабылдау­да тілді білу деңгейін тексеру қа­жеттігін айта келіп, ол қазір қазақ балаларының 80 пайызы қазақша оқитындығын еске салды. Бұдан 20 жыл бұрын қазақтардың 20 пайызы ғана қазақша оқығанын ескергенде, бұл үлкен жетістік, деді жазушы. Кездесуде соңғы болып Түр­кістан қаласы ақсақалдар алқасы­ның төрағасы Жарылғасын Әзі­рет­бергенов сөз алып, жинал­ғандар атынан Елбасыға алғысын білдірді. Одан әрі елге белгілі айтыс ақыны Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашты. Басқосуды қорытындылаған Елбасы зиялылармен ой бөліс­кеніне қуанышты екендігін білдірді. «Біз жел қуған қаңбақ сияқты халық емес, тамыры терең­ге кеткен халықпыз. Алайда, тарихшыларымыз қазақтың түп-тұқиянын әлі күнге дейін анық жаза алмай келеді. Шынайы патриотизм туған тарихыңды жақсы білуден басталады». Осы­лай дей келіп, Президент қазақ­тың адастырмас темірқазығы бо­латын үш ірі мәселені ауызға алды. Біріншісі – тарихыңды толық білу, екіншісі – жан-жаққа тартқан діни ағымдардан ара­ша­лайтын Ясауи ілімі мен фи­лософиясын оқып-үйрену, үшін­шісі – ұлан-ғайыр Абай өрке­ниеті. Данышпанның: «Біріңді, қазақ, бірің дос – көрмесең істің бәрі бос», деген нақылымен әңгімесін аяқтаған Президент зиялылармен жылы қоштасып, сапар қорытындысы бойынша журналистерге шағын сұхбат берді. Жақсыбай САМРАТ, Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.