Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың дәстүрлі апталық брифингі болып өтті. Онда әуелі 15 және 18 наурыз аралығында Пекинде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығында аталған бірлестіктің Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің (ШЫҰ ҰҮК) кезекті отырысы өтетіні жария етілді. Алдағы басқосуда Астанада мамырда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі мен 15 маусымда өтетін Ұйымның мерейтойлық Саммитін қоса алғанда, 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында Ұйым аясындағы негізгі іс-шараларды өткізу мәселелерін талқылау жоспарланып отыр екен.
Ресми өкіл келесі кезекте 16 наурызда Астанада Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында 2011 жылы 3 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына байланысты Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізетінін хабарлады.
Ал 24 және 25 наурызда Астанада қазақ-американ жыл сайынғы саяси консультацияларының екінші отырысы өтпек. Шара барысында қауіпсіздік, саясат, демократия мен адам құқықтары, экономикалық және әлеуметтік даму, энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылау жоспарлануда, деді А.Абдрахманов. Қазақстандық тараптан консультациялардың тең төрағасы – Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров, АҚШ тарапынан – Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Роберт Блейк жетекшілік ететін болады.
Консультациялардың бірінші отырысы 2010 жылы 8-10 наурызда Вашингтонда өтті. Қазақ-американ консультациялар тетігі былтыр ақпанда Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес бастама алған-тын, деп қорытты брифингті ресми өкіл.
«Егемен-ақпарат».