15 Наурыз, 2011

Ислам конференциясы ұйымы. Ол қандай ұйым?

1035 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстан Республикасы ең ірі халық­аралық ұйымдардың бірі – Ислам Кон­фе­рен­циясы Ұйы­мы­на (ИКҰ) төрағалық етеді. Жыл өткен сайын Ұйымға қатысушы елдердің қа­тары көбейе түсу­де. Бүгінде оған Азия, Африка, Еуропа және Ла­тын Америкасындағы 57 мемлекет мүше. Ұйым­ның жиындарына бес мемлекет және бес халық­аралық ұйым бай­қаушы ретінде тұрақты қатысып келеді. Сондай-ақ, ИКҰ Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі ірі халықара­лық саяси ұйым болып табылады. Ал осы және алдағы мақалаларда оқырмандарды ретіне қарай Ұйым­ның құрылымдарымен және олардың атқаратын қызмет­тері­мен таныстырғанды жөн көріп отырмыз. 1. ҰЙЫМНЫҢ НЕГІЗГІ БАСШЫ ОРГАНДАРЫ Өзге де халықаралық ұйым­дар сияқты Ислам Конферен­ция­сы Ұйымының ең жоғары ор­га­ны Ұйымға мүше мем­лекет­тер­дің корольдері мен мемлекеттер басшылары және үкіметтер бас­шы­ларының қатысуымен өтетін жоғары деңгейдегі Ислам (ИКҰ) саммиті болып табылады. Саммитте Ұйымның Жарғысына сәй­кес күн тәртібіне қойылған мәсе­ле­лер талқыланып, соған байла­ныс­ты саяси шешімдер қабыл­да­на­ды. Сонымен қатар, қатысушы ел­дердің және Умманың (барлық мұсылман қауымы) мүддесін көз­дейтін басқа да өзекті проблемалар қарастырылады. Саммит әр үш жылда мүше мемлекет­тердің бірінде шақырылады. Оған қа­жет­ті барлық іс-шараларды және күн тәртібін дайындауды Ұйым­ның Бас хатшылығының көмегі­мен Сыртқы істер министрлері­нің кеңесі жүзеге асырады. Ал Ұйымның төтенше сес­сия­сын Умма талап еткен жағ­дай­да, дәлірек айтқанда, Умма мүддесі үшін өмірлік ерекше ма­ңызы бар мәселелерді қабылдау қа­жет болса және Ұйымның сая­сатын үйлестіру мәселелері туын­даса, кез келген уақытта шақыру­ға болады. Бұдан бөлек төтенше сессия Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұсынымымен немесе Бас хатшының, сондай-ақ Ұйым­ға мүше мемлекеттердің бірінің бастамасы бойынша да шақы­ры­луы мүмкін. Ол үшін бастамаға қатысушы мемлекеттердің көп­ші­лігі қолдау көрсетуі қажет. Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңе­сі­нің қызмет ауқымы да кең. Ке­ңес негізінен бірқатар бағыт­тар бойынша Ұйымның жалпы сая­сатының әдіс-тәсілдерін жүзеге асыру жұмыстарымен айналыса­ды. Мысалы, Ұйымның саясаты мен мақсаттарының орындалуы­на ықпал ететін шешімдер мен қарарларды қабылдау мәселе­ле­рін, Ислам саммиттері мен Сырт­­қы істер министрлері кеңес­терін­де қабылданған құжаттардың жү­зе­ге асырылу барысын қарас­ты­рады. Сонымен бірге, Бас хатшы­лық пен субсидиарлық органдар­дың бағдарламалары мен бюджетін, басқа да қаржылық және әкім­шілік есептерін бекітеді. Ке­ңес сондай-ақ Ұйымның жаңа ор­ганын немесе комитетін бекіту жөнінде ұсыным бере алады. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Уммаға қатысты ерекше ма­ңызды мәселелерді шешу мақ­сатында секторалдық министр­лік кездесуін шақыруға ұсыным­мен шығуы да мүмкін. Егер осын­дай кездесулер өткен жағдайда, оның қорытындысы туралы есеп Ислам саммиті мен Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне ұсыны­луы тиіс. Сыртқы істер министр­лері­нің кеңесі Ұйым Жарғысы­ның 17 және 19-баптарына сәй­кес белгіленген тәртіппен Бас хат­шыны сайлайды және Бас хат­шы­ның орынбасарын таға­йын­дайды. Ал Кеңес жылына бір рет тұрақты өтіп тұрады. Қазіргі кезде Ислам Кон­фе­рен­циясы Ұйымының төрт тұра­қты комитеті – Әл-Кудс комитеті, Ақпарат және мәдениет істері жө­нін­дегі комитет, Сауда-эконо­ми­ка­лық ынтымақтастық жөніндегі комитет және Ғылыми-техника­лық ынтымақтастық жөніндегі комитет жұмыс істейді. Бұл тұрақ­ты комитеттерді Ұйымға қатысу­шы елдердің корольдері немесе мем­лекеттер басшылары басқара­д­ы. Комитеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұсынымы бо­йынша Ұйым саммитінің шешіміне сәйкес құрылған. ИКҰ құрылымында, сондай-ақ Атқарушы комитет, Тұрақты өкіл­дер комитеті, Халықаралық ислам соты және Адам құқығы жөнін­дегі тәуелсіз тұрақты комиссиясы да қызмет етеді. Атқарушы коми­тет­тің төралқасын Ұйымның қа­зір­­гі кездегі, оның алдындағы жә­не алдағы уақыттағы елдер құ­рай­ды. Комитеттің штаб-пәтері Жид­да қа­ласында орналасқан. Адам құ­қығы жөніндегі тәуелсіз тұрақ­ты комиссияның міндеті – Ұйым­ның шарттары мен декларация­ла­рын­да көрініс тапқан азаматтар­дың саяси, әлеуметтік және эко­но­ми­ка­лық құқықтарының қор­ғалуына ықпал ету. Бұлар ислам құнды­лық­тарына сәйкес болуы қажет. Ал Халықаралық ислам со­ты Ұйым­ның басты заңдық ор­га­ны болып табылады. Ол 1987 жы­лы Кувейтте құрылған. Ислам Конференциясы Ұйы­мы­ның аса ірі, қызмет ауқымы жан-жақты құрылымдарының бірі – Ұйым­ның Бас хатшылығы. Бұл құ­рылым Ұйымның кеңсесіне, сон­дай-ақ штаттағы қызметкер­лер­ге бас­шылық ететін Бас хат­шы­дан тұ­ра­ды. Ол мүше мемлекеттер Сырт­қы істер министр­лерінің кеңесінде бес жыл мерзімге сайланады. Оның қосымша тағы бір мерзімге ғана сайлануға мүмкіндігі бар. Бас хатшының кандидатурасын таңдау кезінде оның саяси беделі, адал­ды­ғы, жұ­мыс тәжірибесі, басқа да қа­с­иет­тері ескеріледі. Ұйымның қа­зір­гі Бас хатшысы мысырлық Эк­ме­­лед­­дин Ихсаноғлу. Ол Бас хат­шы­лыққа 2005 жылдың 1 қаң­та­рын­­да сайланған, ал ИКҰ-ның 2008 жылы өткен саммитінде екінші мерзімге қайта сайланды. Бас хатшының қызметі мен міндетіне Ислам саммиті мен Сырт­қы істер министрлері кеңе­сінде және министрлік отырыс­та­рында қабылданған шешімдердің, қарарлардың, ұсынымдардың жү­зе­ге асырылуына бақылау жасау, қатысушы мемлекеттерді қажетті жұмыс құжаттарымен қамтама­сыз ету, Ұйым органдарының жұ­мы­сын үйлестіру, Бас хатшылық­тың бюджеті мен бағдарла­ма­ларын әзірлеу, мүше мемлекетт­ер­дің консультациялар және пікірлер алмасуларына ықпал ету, Сырт­қы істер министрлерінің кеңесіне Ұйым­ның жұмысы туралы жыл са­йынғы есепті дайындау, тағы бас­қа да мәселелер жатады. Бас хатшы басқаратын хатшы­лық, сондай-ақ жиындар мен оты­рыстарды қабылдаушы тараптармен тығыз ынтымақтастықта Ислам саммиті мен Сыртқы істер ми­нистрлері кеңесінің отырыс­та­рын да дайындайды. Осы тұста айта кетейік, Бас хатшы мен оның орын­басары, хатшылық құра­мын­дағы қызметкерлер қандайда бір мемлекетке бүйрегі бұрмауы тиіс. Бас хатшылықтың штаб-пә­тері қазірше Сауд Арабиясы­ның Жидда қаласында орналасқан. Ал Ұйымның Бас хатшылығы мен субсидиарлық органдары­ның бюджеті қалай құралады? Бұл құрылымдар Ұйымға қа­тысу­шы елдердің мемлекеттік та­быс­тары­на байланысты про­пор­цио­нал­дық негізде қаржыландыры­лады. Со­ны­мен қатар, Ұйым Ислам сам­митінің немесе Сыртқы істер министрлері кеңесінің келісімімен арнайы қор құрып, жарна көлемін белгілеуі де мүмкін. Бірақ жарна ұйымдар мен жеке тұлғалардан ерікті түрде қабыл­дануы керек. Түскен қаржы ба­қы­лауда болады және оны Ұйым­ның қаржылық қадағалау орган­да­ры жыл сайын тексеріп отыра­ды. Ұйым аясында Ислам ниеттестік қоры да жұмыс істейді. Қор­ға әр жылдары бір­қа­тар елдер қомақты қаржы құйған да екен. Мысалы, Сауд Арабиясы Корольдігі – 1 миллиард, Кувейт – 300 миллион, Иран, Алжир және Катар елдерінің әрқайсысы 100 мил­лион доллардан қаржы аударыпты. Ұйымға мүше мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып табылатындықтан, олар­дың барлығы БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына мойынсұнуы керек. Сондай-ақ әр ел Ұйымға тәуелсіз және тең құ­қықты негізде қатысады. Қ­а­ты­сушы мемлекеттердің барлы­ғы даулы мәселелерді бейбіт жол­мен шешуге және күш қол­данудан қалыс қалуы тиіс. Со­ны­мен бірге, Ұйымға мүше елдер бір-бірінің егемендігі мен ау­мақтық тұтас­ты­ғына қол сұқ­пауы, ішкі ісіне араласпауы қажет. ИКҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасында Ислам Уммасының мүддесіне қауіп төндіретін немесе халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге нұқсан келтіретін жағдайлар да болып қалуы мүмкін. Мұндай кезде Ұйым кез келген пробле­ма­ны ізгі ниетті араағайындық та­ны­та отырып, келіссөздер жүр­гі­зу арқылы бейбіт жолмен реттеуді мақсат тұтады. Ұйым ха­лық­аралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау, сондай-ақ дау­лы мәселелерді бейбіт түрде шешу мақсатында өзге де халық­ара­лық және өңірлік ұйымдар­мен ынты­мақ­тастықта жұмыс істейді. Ал ИКҰ-ның тиісті шешімдер қабылдау тәртібіне келсек, шешім негізінен консенсустық жағдайда қабылданады. Егер кон­­сенсусқа қол жеткізілмесе, шешім дауыс беруге құқы бар қаты­сушылардың басым көпші­лі­гінің, яғни үштен екісінің дауыс беруімен қабылданады. ИКҰ-ның ЕҚЫҰ-дан ерекшелігінің бірі осы. Бұдан бөлек Ұйымның Жар­ғы­сында қатысушы мемлекеттер өздерінің тиісті ақшалай жарна­сын екі жыл бойы төле­ме­се, олар Сыртқы істер ми­нистр­лері­нің кеңестерінде дауыс беру құ­қынан айырылатындығы көр­се­тілген. Бірақ, сол мемлекет жар­­на­ның уақтылы төленбеу себептерін дәлелдеп, оны толық төлеу жөнінде келісім берсе, Ұйым ол мемлекеттің дауыс беруге қаты­суына рұқсат етуі мүмкін. Ұйымға қандай елдер толық құқықты мүше бола алады деген мәселеге келсек, біріншіден, ол мемлекет БҰҰ-ға мүше болуы қажет. Екіншіден, ел тұрғын­да­ры­­ның көпшілігін мұсылман­дар құрауы тиіс. Мүше болуға ниет та­нытқан мемлекет өтінішті Сырт­­қы істер министрлері кеңесі­нің кезекті отырысына кем дегенде 90 күн қалғанға дейін береді. Шешім тек консенсустық жағдайда ғана қабылданады. Ал Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымының жұмыс тілі араб, ағылшын және француз тілдері болып табылады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.