15 Наурыз, 2011

Біздің ауылдың шалдары

888 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Анамның нағашы шешеме беріп жіберген сәлем-сауқатын алып жортып келемін. Жол-жөнекей қиялға батып келе жатып аңғармаған екенмін. – Е, бала, жол болсын? – деген дауыс­қа жалт қарасам, сақал шашы аппақ қа­рия дәл жаныма келіпті. Жетегінде қор­жын артқан көк есегі бар. Айдалада жалғыз өзім ғана келе жатқан сияқты едім, мына кісінің қайдан шыға келгеніне таңғал­ғаным сонша! – Қызыларыққа оқуға бара жатыр­мын, – деп мұрын астынан міңгірле­дім. Аңызға толы шығармаларды күн­діз-түні оқығандықтан ба, алдымда тұр­ған ата бейне ертегі әлемі­нің кейіпкеріндей көрінген. Осыны байқап қойды ма ата­ның жүзіне жылылық жүгірді: – Оқығаның жақсы, оқы­саң бәрінен озасың, білімді, ілімді, бола­сың. Барлық жақ­сы­лық тек қана ең­бекпен ке­­леді, – деп өз-өзі­нен күбір­лей сөй­­леп, аяңдап кете берді. Мен де төбесі кө­рінген ауыл жақ­қа асы­­ға басып, жыл­­жы­дым. – Әй, бала сен қай жылы дүниеге келдің? – Соңымнан шық­­қан дауысқа тағы да жалт қара­дым. Қызғылт шағыл құм алқабында аппақ киімді ата тоқтап, маған қарап дауыстап тұр екен. Мен жөн айттым. Ата аз-кем ойланып тұрып қалды. Сонан кейін: – Есіңде сақта, балам, сенің туған жы­лың барыс. Бұл жылы туған балалар ер­жүрек, шыншыл, әділетті бола­ды. От­тан да, оқтан да қорықпайды. На­мыстың туын биік ұстайтын қолбас­шы, қара тү­некті жа­рық қылатын жол­басшы, ойына алға­нын орындайтын күрескер, ерінбейтін еңбек­кер болады. Жолыңда көп қиын­шы­лықтар кездеседі, оны сөз­сіз жеңесің, же­ңіс­ке жетсең масаттан­бай­тын бол. Ал қо­лыңды жай. Мен саған бата берейін, – деп ата әлденені айтып, ернін күбірлетіп тұр­ды да, бетін сыйпап ары қарай аяңдап жүре берді. Ертегі-аңыздағы ата бейнесіндей кө­рін­ген шалдың сөзінің түп төркінін тү­сіне алмай, жүрегім дүрсілдеп одан са­йын қор­қып, ауылға қарай безіп ала жө­нел­­дім. Біраздан соң қайта айна­лып ар­тыма қара­сам, көк есек жетектеген шал­дың қарасы да көрінбейді. Ал содан таба­ны­ма кірген тікенекке де қарамай ауылға жеткенше өкпем өшіп жүгіргенім бар. Ауылға жетпей жатып, алдымнан шық­қан апама: – Апа, ана ертегідегі шал көк есегін жетектеп құм арасында қыдырып жүр, – деп едім: – Ол Рамазан атаң ғой, өз-өзімен сөйлесіп, жыл тарқатып, екі ауыл арасында жаяу жүре береді. Қорықпа, балам, ол кісінің ауызы дуалы, көпті көрген қария, айтқаны келеді – деді. Неге екенін қайдам, сол атаның айтқаны келгенін, ішкі жан әлемімді жүз шарлап, мойындап отырамын. Ба­рыс жылы дүниеге келген балалардың мінез-құлқын аса дәлдікпен қалайша болжап білгеніне әлі күнге шейін таңым бар. Жалпы бала кезімдегі ауылдағы ақ­са­қалдардың ішінде Балғабай қария­ның бейнесі жадымда жақсы сақталып қа­лып­ты. Ол кісі екі иығына екі кісі мін­гендей қапсағай денелі, аз сөйлеп, көп тың­дай­тын адам еді. Түрксіб темір жол құры­лы­сын салуға қатысқан, өмірінің соңына шейін қайла мен кү­регі қолынан түспей кеткен нағыз жұ­мысшы табының өкілі Бал­ғабай ата­ны жұрттың бәрі сыйлай­тын. Он­сыз ауыл ішінде ара-тұра кездесіп тұра­тын дау-дамай шешілмейтін. Ал­дына ақыл сұрап келген адамды асықпай-сас­пай тың­дап, ойланып оты­рып, шешімін бір-ақ айтатын. Не айтса да ауыл адам­дары үшін оның үкімі қатал заң іспеттес еді. Балғабай атаның айтқан сөзіне ешкім күмән келтіре алмайтын. Өйткені, ол кісі­нің ісі мен сөзінің арасында алшақтық мүлде болмайтын. Әлі күнге шейін есімнен кетпей қал­ған бір оқиғаны жадымнан өшіре алмай қой­дым. Ауылда жиі-жиі әркім­мен бір тә­жікелесіп қалатын Шәлтай деген Бал­ға­бай атаның құрдасы бар еді. Өзі соғыс­қа қаты­сы­п, жүйкесі жұ­қарған ол ара­сын­да ақаң­ды да сілтеп алатын. Сол кісі жиі-жиі Бал­ға­бай атамен келсін-келмесін қызыл ке­ңір­­дек болып керісе беретін. Мұндайда Бал­­ға­бай ата ұтымды сөз айтып, оның мы­сын басып тастайтын. Бір күні аяқ ас­тынан шу шыққаны. Сол Шәл­тай шал­дың сот­қарлау баласы қы­зып алған ба, Бал­ға­бай атаның бетінен ал­са керек. Өзінше осы­­лайша әкесінің кетіп жүрген есесін қа­йыр­­мақ болған көрі­неді. Мінезі сабыр­лы Бал­ғабай қария жұмған ауызын ашпай, балаң жігіт­тің әкесіне әлдекімнен сәлем айтыпты. Кеш батып, ауылға мал келіп, азан-қа­зан болып жатқанда, жиналған бала-шаға қызық көрініске тап болдық. Әлгі Шәлтай шал баласы Сәменді ауылды айналдыра қуып, сабап жүр. – Ойбай әке, өлдім! Өзің ғой, Балға­бай­ды жамандаған, мен сенің өшіңді алып берейін дегенім ғой, – деп жер-көкті көшіріп, Сәмен әкесінен басын сауғалап, қашып жүр. – Ой, қызталақ, мен айтты екен деп үлкен кісіге неге тіл тигізесің? О, құдай сүйе­гіме таңба салған мына сотқарды одан да өзім ұрып өлтірейін, – деп ашудан түтіккен Шәлтай шал қашқан бала­сының соңынан қалар емес. Басқа жерге барып бас сауғалай алмасын білген Сәмен Бал­ға­бай қарияның үйіне қарай жүгірсін. – Ата, әкем өлті­ретін болды, кешіре гөр, ен­ді­гәрі сізге сөй­лесем тілім кесілсін! – деп аула­сын­да жантайып жатқан ата­ның алдына барып етпетінен түсті. – Ә, тентек, есіңді жидың ба? – деді қария оны көріп. Бүкіл ауыл бала­лары жи­налып, мына қызықты та­машалап, күлкіге кенеліп қал­дық. Ә дегенше ба­ла­сын қуып, ашу­дан қып-қызыл бо­лып тү­тік­­кен Шәлтай шал­дың өзі де жет­ті. Әкесі­нің қаһарынан қорық­қан Сәмен Балға­бай қарияның тасасына ты­ғылды. – Әй, Шәлтай, болды енді, бір ашуың­­ды маған бер. Бала бір тентектік жасаған екен, кінәсін түсінді – деп Балға­бай ата­ның өзі ара түсті. – Әй, қызталақ, әттең, қолыма түс­пей кеттің ғой. Менің дауыма арала­са­тын сен кімсің! Біле білсең, бұл Балға­бай атаң жұтты да, қырғынды да көр­ген, отқа да жанған, суға да батқан. Ме­нің дауым болса ол өзара шешетін ісіміз, – деп Шәлтай шал қамшысын бүк­теп, киіз шетіне дізерлей отыра кетті. – Бала балалығын жасаған шығар, кешір енді. Әй, Қатипа, сусын әкел, Шәл­тай­дың таңдайы кепкен шығар – деп есік алдын­да аң-таң болып тұрған кем­піріне дауыстаған. Осы оқиға ауыл балаларына үлкен адам­дардың бетінен алу, қарсы келу ең жаман нәр­се екенін жақсылап ұқтыр­ған­дай болды. Одан көп ұзамай ауылда тағы бір қы­зық оқиға болды. Ауылдың  екі жас жігіті арақ ішіп төбелесіп, бірінің мұрны бұзы­лып, екіншісінің шекесі сырылып, арты дау-дамайға ұласты. Екі жақтың ата-анасы да өз балаларын жақтап, армансыз керілдесті. Ақыры төрелік айтуды сұрап, Балға­бай атаға келген. Ол кезде милицияға ша­ғым­дану деген мүлде болмайтын. Екі жі­гіт­тің ата-ана­сының арызын үнсіз тыңда­ған Балғабай ата көзін бір нүктеге қадап, ләм демей үнсіз отырды да қойды. Жинал­ғандар жым-жырт, кімді кінәлі, кімді кінә­сіз етіп шығарады екен деп атаның жүзіне үнсіз қарап қалып­ты. Арасында үлкендер­дің аузын баққан ойын балалары біз де бармыз. Содан Балға­бай қария ойланып отырып-отырып, төбе­лес­кен жігіттерді жа­нына шақырды. Екі жігіт те төрдегі отыр­ған қарияның жанына жа­қындады. Сол-ақ екен, әдетте ұстамды Бал­ға­бай қария бөгде мінез көрсетіп, орнынан ұшып түрегеліп, әлгі жігіттердің құлақтарын екі қолымен ұстай алды да ал кеп бұрасын. – Әй, шектен шыққандар, екеулерің­нің де оңар қылықтарың жоқ. Осыдан ке­йін беталды арақ ішіп төбелескен­де­рің­ді қоймасаңдар, ісім сендермен бола­ды! Ел аман, жұрт тынышта берекені алып сендерге не көрінді? – деп зекігенде, атаның жүзі қаһарланып, түтігіп кетті. Жиналғандар, «дұрыс! дұрыс!» деп риза болып, дуылдасып, ала жөнелді. – Ата, қойдық, ойбай қойдық! – деп екі жігіт те жалынып, жалбары­нып жатыр. Сол күннен бастап, арақ ауызына тисе едіреңдеп шыға келетін бірталай ауылдың жігіттері әжептәуір басылып-ақ қалған. Дәл қазір кейбір сотқар­лар­ды құлақтан тар­тып, тәрбиелейтін сол шалдардың тәр­тібі бізге жетпей жүр­гені айдан анық. Әкем Дәнтай көп сөйлемейтін, мо­мын жан еді. Өз шаруа­сына мығым, ісінен, жүр­ген-тұр­ғанынан, кісілік­тің лебі есіп тұратын. Үн­де­мей отырып-ақ, кімнің кім екенін біліп, өз ойын өзі зерделеп отыру­шы еді.Ол кісінің ең бір осал жері бала­жандылығы еді. Бір отбасында тоғыз бала өстік. Ол кезде қайбір жетіскен мезгіл дейсің, жоқшы­лық­тың зар­дабы арқамызға аяздай бататын. Ауыл­дағы отбасылардың алдында он бала болса, артында бес-ал­ты баладан бар. Ала жаздай сабақтан босай салы­сымен оқушы балалар мал бағып, бақ­ша егеміз. Әйтеуір жаз бо­йы жер тыр­малап, ең­бек етіп жүріп, мектепке киетін киімімізді сол тапқан табы­сы­мыз­ға са­тып алып, тіршілік жасай­тынбыз жә­не біз­дің басты та­быс көзіміз ар­лы-берлі өткен жо­лау­шы пойыз­дарына қауын-қарбыз сата­мыз. Әкем бізге бір­де ауыл сыртын­дағы бақшадан қауын-қар­быз әкеп берейін, со­ны сатып қағаз-қа­лам алың­дар деген. Күн әудем жерге кө­те­ріл­генде бос қабын ар­қа­лап, қайтып келіп тұр. Жүзі күлімдеп, қуа­нышын жасырмады. – Әй, бір қызық болды. Бір қап қауын-қар­бызды арқалап келе жат­сам, жолға әскери эш­а­­лон келіп тоқ­тай қал­­­­­­­ғаны. Қарасам, өрім­­­­дей жас әскерлер. Ме­­нің қар­быз әкеле жат­қа­ным­ды көріп, бір орыс ба­ласы қолындағы темекі қора­бын көрсетіп, қар­­бызға айырбас­та­ңыз­­­­шы деп жалынып тұр. Өзім­нің әскерде жүр­ген жал­ғыз балам (Бауырым Жақ­­сы­лық Украинада әс­­кер қа­тарында бола­тын) есіме түсті де бір қап қауын-қар­бызды со­ларға түгел үлестіріп бердім – дейді ол жүзі бал-бұл жанып. Әкеміз қуанғанға біз де қуан­дық. Дәл қазір есіме түссе, бір бо­лым­сыз әң­гіме сияқтан­ғаны­мен, ба­­ла кезіңдегі әке-ше­шең­­нің әрбір ісі жа­дың­да жат­талып, үлгі бо­лып қалады екен. Олай дейтінім, алдыма келген мүсә­пір жан­дар­ға қол ұшым­ды беруді өзімнің бір міндетімдей көремін. Егер де олардың мә­се­лесі оң шешіліп, қуанса мен де бірге қуанып, біраз уақытқа шейін бақытты болып жүре­тінімді айтсаңшы. Сол бала кезімдегі бейнесі есімде қал­ған Балғабай атамыз өте кітап­құ­мар адам еді. Ауылдың шағын кітап­ха­н­асын­дағы бар­лық кітаптарды жазды­рып алып, күн ұзақ маған дауыстап оқытатын. Әсі­ре­се ертегі, аңыз, дас­тан­дардағы Алпа­мыс, Ер Тар­ғын және тағы басқа кейіпкерлері бар кітаптарды мәнерлеп оқып беріп отырып, өзім де сол бір тартысы мен таласы көп әлем­ге еріксіз кіріп кетіп, айналамдағы дү­ниенің барлығын ұмы­тып кететінмін. Ал Бал­ғабай ата болса ең бір тамаша тың­дау­шым еді. Әлі есімді, «Жас гвар­дияны» оқып отырып, Олег Ко­ше­вой, Ульяна Громова және басқа­ларды өлімге қимай, тірі қалыпты деп өзімнің қиялым бойынша шығарманың соңын өзгертіп жіберетін едім. – Сонда ата да олардың тірі қалға­ны­на қуаныш қалатын десем, қазіргі өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу барысында соғыс кезіндегі батырлардың ерлігін үлгі етіп пайдаланудың ешбір зияны болмас деп ойлаймын. Осыдан тура отыз бес жыл бұрын, яғни 1975 жылы Киров аудандық ат­қару комитетінің жауапты хатшысы бо­лып сайландым. Небәрі 24 жаста­мын. Қыз­метке кірісіп, шаруабасты бо­лып жат­қан­мын. Қызметтік бөлмеме ойла­маған жерден ауылдың үш шалы кіріп келгені. Орнымнан ұшып түрегеліп, амандық-саулық сұрап жатырмын. – Біз саған бата берейік деп келдік, – дейді олар. Кеңес дәуірінде батаға кім көңіл аударып, бағалаушы еді. Бірақ, сонау көлік қатынасы қиын Быжы бекетінен жаяу-жалпы келген үш ақсақалдың ақ тілектеріне ішім елжіреп кетті. Жүз­дері­нен көрініп тұр, күні кешегі ауылдың кішкене қара қызы биліктің бір жауапты тұтқасын ұстағанына қатты қуаныпты. Сол аталар­дың берген батасы күні бүгінгідей есімде, жүрегімнің түкпірінде. Сол аталарым айт­қандай, қандай жағдай болмасын, әділет­тік­тің ауылынан табылуға тырыстым... Жуырда ауылға бардым. Көнекөз қа­рия­лардың барлығы бақилыққа аттан­ған, ешкім қалмапты. Қайран, сол ата­ла­рым-ай, десеңші. Иә, бүкіл ғұмырын темір жолда еңбек етіп өткізген Нұр­сейіт, Рамазан, Бал­ға­бай, Дәнтай, Жә­най, Мәден, Әлім­жан, Байрақым, Қайыпбай, Сәлімгерей жә­не басқа марқұм аталарымыз тобымен арғы жақтағы бейітте жатыр. Жатқан жерлері жайлы болсын деп дұға жасадым. Жо­лай келе жатып, бүгінгі жеткіншек­тер­дің жүре­гі­не із қалдырар сондай аталары бар ма екен деп ойладым. Рас-ау, олар има­ни қа­сиеттерді кімнен үйренеді екен осы?! Нұрила БЕКТЕМІРОВА. Алматы облысы, Көксу ауданы.