15 Наурыз, 2011

Ұлыстың ұлы күні

718 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ОНЫ БІЗГЕ ҚАЛАЙ ТОЙЛАҒАН ЖӨН?! Осы мақаланы жазуыма өткен жылдың күзінде бір дастарқан басындағы әңгіме түрткі болды. Сонда жұрт қыраулы қыс келмей жатып, жаңа жыл мерекесіне дайындық мәселесін әңгімелеген. Байқаймыз, олардың көпшілігі бұл мерекеге іштей дайындалып жүр екен. Тіпті сол күні нендей киім киіп, дастарқанға нендей тағам қоятынын да ойластырып қойыпты. Сонымен қатар, олар өткен жылы жасыл шыршаны айналып ән салып, би билеп, тәп-тәуір «тойлағанын» да сағына сөз етті. Сол бір әңгіме наурыз мерекесі жақындаған сайын еріксіз есіме түсе береді... Иә, жақсының жаттығы жоқ деген. Әйтсе де, 31 желтоқ­сан­да тойланатын, Петр 1-ші та­ғай­ындаған жаңа жылдың атап өтілетініне әрісі үш жүз жыл ғана болса, төл мерекеміз ұлыс­тың ұлы күні – Наурыздың кемінде бес мың жылдық тарихы бар. Әрі ол ұлттық мереке. Демек, мерекелердің төресі. Күн мен түн теңесіп, «Жаңа күн» жарқырап шығып, табиғат ана исініп, Жер-ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі жанды нәрселердің бойына қан жүгіріп, ағаштар бүршік жаруға бейімделіп, тіріле бастағанда аталып өтетін бұл мерекені қай жағынан алып қарасаң да ұлық деуге болады. Ертеде Наурыз мерекесі кемінде бір ай тойланады екен. Бір ай тойламасақ та, оның шын мә­нінде Жаңа жыл екенін жас ұрпақ бойына осы мерекені ұлықтау ар­қылы сіңіруге болады емес пе? Наурызда ең кереметі, жо­ғарыда айтқандай, жаңа күн шы­ғады. Меніңше, мерекені асқақ­татуға тиек ететін жәйттің бірі – осы. Иә, шығып келе жатқан жаңа күн төңірегінде неше түрлі қойылымдар қою арқылы елге әсер етуге болады. Мерекені тойлау барысында «Селт еткізер» ырымын жасап, жастар арасында оны жақсы дәстүрге айналдырса да артық етпейді. Сондай-ақ Наурызда да адамдар бір-біріне сыйлық жа­сайтын болса, оның еш сөкеттігі жоқ. Әсіресе, ол кішкентай бүл­­дір­шіндерді қуанту үшін аса қажет тәрізді. Жаңа жылды әрбір бала түрлі сыйлықтар алу үшін асыға күтеді десем, Наурызда балаларға сыйлықтар тарту етуді ұйымдастырсақ, оның мәнін арттырар едік. Дастарқан мә­зір­лерін әзірлегенде бүлдір­шін­дердің де, бозбалалар мен қарт­тардың да сүйікті астарын қою­ды жан-жақты ойластырсақ, мерекеміз айшықтана түседі. Наурызда Қыдыр баба бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие деген түсінік қалыптастырудың маңызы зор. Әдетте, біз Қыдыр бабаны көбінесе көпшіліктің ал­ды­на шығарып, ақ тілек айтқы­зып, ақ бата бергіземіз де одан әрі оның қиялды ұштай түсетін мүмкіндігін ескере бермейміз. Шынында да, біздің санамызда Қыдыр баба мейірімі түскен ада­мын кемел бақытқа кенелдіреді деген ұғым ұялаған. Халқымыздың түрлі аңыз-ертегілерінде де Қыдыр бабаның назары түскен адам қа­шан да мұратына жетіп жатады. Ен­деше, осы Қыдыр бабаны бүкіл Наурыз мерекесін тойлау бары­сын­да неге ұтымды пайдалан­бас­қа?! Айталық, ол жұртқа тек бата ғана берумен шектелмей, сыйлық­тар да үлестіретін болса несі айып? Тек оны қай кезде, қандай уа­қытта бергені ұтымды болаты­нын жақсы ойластыра білу керек. Наурыз – ұлттық мереке. Мерекеде мың бұрала би биленбей, ән айтылмай, кең даланы күм­бір­лете күй тартылмай және бол­майды. Міне, жас баладан бас­тап, еңкейген кәріге дейін халқы­мыз­дың «Қара жорға» биін шар­ша­ғанша билейтін сәт осы кез. Наурыз көже – «Наурыздың» ең қасиетті асы. Наурыз көже та­ра­туға баса мән беріліп, оның қадір-қа­сиетін барынша арт­тыруымыз қа­жет. Оны айтып отырған себебім, жапондар барлық әдет-ғұр­пын, дәс­түрін сақтап, бір кесе шай­ды құйып беруге жеті минөт уақытын жібереді екен. Ал біз жеті түрлі тағамнан жасалынған ас төресін бер­генде «Ұлыс Күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» дегендей, тәу­бә­ға келіп, Аллаға сыйы­нып, дастархан ба­сында отырғандар бір-біріне бе­реке тілесе дейміз. Әри­не, алдымен жеті шелпектен ауыз тиюді ұмыт­пай, сосын үлкендер кө­жеге қол соз­ған­нан кейін олар өздерінен кейінгілерге алып отырыңдар деген ишарат білдірсе, еш сө­кет­тігі болмас еді. Үл­кен­ге құрмет, жасы үл­кен­ді сый­лау дастархан басында да көрініс тауып отырс­а, тәрбиенің ең үлкені осы емес пе? Наурыз көже қай үйден ішілсе, дастархан басында сол отба­сы­на жақсы тілектер айтылып отырғаны да әбден жөн болар еді. Мұндағы түпкі мақсат – Наурыз көже берілген дастархан басында ай­тылған тілектер қабыл болады деген ұғым қалыптастыру. Ертеңгі күн­ге қашан да мол үмітпен қарай­тын хал­қымыз үшін онда Наурыз­дың мәні шексіз артпаса, кемімес еді. Ал бұлақтың көзін ашу, ағаш отырғызу бір ай бойы жалғасса тіпті жақсы. Ересек адамдар ағаш отырғыз­ғанда қастарына балаларын, немерелерін алып жүріп, сол отырғы­зыл­ған көшетке су құйғызып, одан әрі күтіп-баптауды соларға міндеттесе, сөйтіп, «көшет неғұрлым жақ­сы жетілсе кө­шет отырғызған әкесінің немесе ата­сының денсау­лығы солғұр­лым жақ­сы болады» деген ұғым жас жеткін­шек­тердің саналарына сіңі­ріл­се аз да болса мақсатымыз орындалар еді. Наурызға арнап түрлі би кеш­тері, ұлттық ойындар ұйымдас­ты­рылса жастар үшін керегі де осын­дай ойын сауықтар емес пе? Иә, Наурызды тұрмыс-салт немесе діни нанымдар деңгейінде қал­ды­рып қоюға мүлде болмай­ды. Ендеше, Наурызды бесіктегі баладан, еңкейген қариямызға дейін асыға күтетін дә­режеге жеткізу өз қолы­мыз­да. Және бір айтарым, Наурызда жыл сайын әйелдерге кимешек кигізіп, жүн түткізіп, сабау сабатып қоя­мыз. Құрақ көрпелерді, басқа да қолөнер түрлерін көрме ретінде ұсы­нып жатамыз. Ол да дұрыс шы­ғар. Бірақ, қазір олардың бар­лы­ғы тарих­тың қойнауына әлде­қашан еніп кеткен. Бір кездері жер бетіндегі басқа халықтар да дәл осындай болмаса да осыған ұқсас өмір кешкен. Бірақ олар әлдеқа­шан ұмыт бол­ған дүние­лерін көп­шілікке ұсын­­байды. Жаңа технология мен техника жетістіктерін жарнамалап жатады. Өйткені, олар бүкіл адам­заттың жетістігі. Алға ұмтылу, жаңару, қайтадан тү­леу үшін біз де солай жасауымыз қа­жет. Көңіл бө­летін болсақ, өнер­тапқыштар әр ауыл­дан-ақ кездеседі. Соларға құр­мет көрсету арқы­лы халыққа неге бағыт-бағдар бермеске? Өсетін ел осылай істеуге тиісті. Бұл мақаланы көпшілікке ой салу үшін ғана жаздым. Бәлкім, кемел ойлы ағайын кемшін тұс­тары болса көрсетіп, айтыл­маған, іске асыруға аса қажет нәрселерді газет бетіне жазар деген ойдамын. Марат ҚАШҚЫНБАЕВ. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.