Елордадағы «Астаналық» бизнес орталығында Қазақстан президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Bnews.kz порталының ұйымдастыруымен өткен онлайн-конференцияда кандидат тарапынан журналистердің қойған сауалдарына жауап алынды.
Онлайн-конференция журналист Тілек Темірбековтің жүргізуімен өтті. Онда кандидаттың сайлауалды тұғырнамасына, оның мазмұны мен ерекшелігіне ерекше мән берілді. Өздеріңіз білетіндей, Мэлс Хамзаұлы 2005 жылғы президенттік сайлауға да өз кандидатурасын ұсынған болатын. Биылғы жылғы кезектен тыс сайлауда аталған кандидаттың тұғырнамасына айтарлықтай өзгерістер енгізіле қоймағандығы мәлім болды. Атап айтқанда, бұл жолы да ел экологиясы мен табиғаты басты назарға алыныпты. Электоратын халық деп таныстырған Мэлс Елеусізовтің 2011 жылғы Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына барынша қамданғандығы конференция басында-ақ белгілі болды. Бұл ретте кандидат төрт кандидаттың ішінде екінші орынды иемденетініне сенімді. Студия жүргізушісі Тілек Темірбековтің: «Сіздің ойыңызша, сайлауда екінші орын алатын болсаңыз, алдыңыздан қандай мүмкіндіктер ашылмақ?» деген сауалына Мэлс Елеусізов: «Қазақстан Республикасында президент бола алмай қалған жағдайда, вице-президент болуға мүмкіндік бар деген заң қарастырылмаған, сондықтан олай болған жағдайда өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра беретін боламын», – деді.
Сондай-ақ, сайлауалды науқанға Үкімет тарапынан арнайы бөлінген қаражаттың қалай игеріліп жатқандығы жайлы сауалға қазір тек БАҚ өкілдерінің көмегімен көптеген үгіт-насихат жүргізіліп жатқандығын, сонымен қатар, алдағы уақытта плакаттармен жұмыс істегенде игерілмеген қаражат сол кезде игерілетіндігін айтты. Ол плакаттар жақын арада еліміздің барлық облыстарында ілінетін болмақ.
Конференция аясында үміткер тұғырнамасының реті толықтай таныстырылып, БАҚ өкілдері арасында көптеген сұрақтар тудырды. Сауал мен жауап ретінде өткен онлайн-конференция барысында бүгінгі қоғамдағы бай мен кедей арасындағы жік те қалыс қалған жоқ. Әңгіме барысында Мэлс Елеусізов олардың бір-бірлерінен айырмашылықтарына, оның алдын алу жолдарына кең түсінік танытып, үлкен байыппен қарайтындығын да байқатты. Осы мәселенің алдын алу мақсатында жұмыс орындарын ашуды алға тартып, кіші және орта бизнестің жоғары деңгейде дамуы – көптеген мәселелердің алдын алатындығын алға тартты. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, кедейшілік мәселесі азаятындығы айтылды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.