15 Наурыз, 2011

Онлайн-конференция – оңтайлы әдіс

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордадағы «Астаналық» бизнес орталығында Қазақстан президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Bnews.kz порталының ұйымдастыруымен өткен онлайн-конференцияда кандидат тарапынан журналистердің қойған сауалдарына жауап алынды. Онлайн-конференция журналист Тілек Темірбековтің жүргізуімен өтті. Онда кандидаттың сайлауалды тұғырна­ма­сына, оның мазмұны мен ерекшелігіне ерекше мән берілді. Өздеріңіз білетіндей, Мэлс Хамзаұлы 2005 жылғы президенттік сайлауға да өз кандидатурасын ұсын­ған болатын. Биылғы жылғы кезектен тыс сайлауда аталған кандидаттың тұғыр­намасына айтарлықтай өзгерістер енгізіле қоймағандығы мәлім болды. Атап айтқанда, бұл жолы да ел экологиясы мен табиғаты басты назарға алыныпты. Элек­торатын халық деп таныстырған Мэлс Елеусізовтің 2011 жылғы Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына барынша қамданған­дығы конференция басында-ақ белгілі болды. Бұл ретте кандидат төрт кан­ди­даттың ішінде екінші орынды иемденетініне сенімді. Студия жүргізушісі Тілек Темірбековтің: «Сіздің ойыңызша, сайлау­да екінші орын алатын болсаңыз, алды­ңыздан қандай мүмкіндіктер ашылмақ?» деген сауалына Мэлс Елеусізов: «Қазақ­стан Республикасында президент бола алмай қалған жағдайда, вице-президент болуға мүмкіндік бар деген заң қарас­тырылмаған, сондықтан олай болған жағдайда өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра беретін боламын», – деді. Сондай-ақ, сайлауалды науқанға Үкі­мет тарапынан арнайы бөлінген қаражат­тың қалай игеріліп жатқандығы жайлы сау­алға қазір тек БАҚ өкілде­рі­нің көмегі­мен көптеген үгіт-насихат жүргізіліп жат­қандығын, сонымен қатар, алдағы уақытта плакаттармен жұмыс істегенде игерілмеген қаражат сол кезде игерілетіндігін айт­ты. Ол плакаттар жақын арада еліміздің барлық облыстарында ілінетін болмақ. Конференция аясында үміткер тұ­ғыр­намасының реті толықтай таныс­ты­ры­лып, БАҚ өкілдері арасында көпте­ген сұрақтар тудырды. Сауал мен жауап ретінде өткен онлайн-конференция ба­ры­сында бүгінгі қоғамдағы бай мен кедей арасындағы жік те қалыс қалған жоқ. Әңгіме барысында Мэлс Елеусізов олардың бір-бірлерінен айырмашы­лық­та­рына, оның алдын алу жолдарына кең түсінік танытып, үлкен байыппен қа­рай­тындығын да байқатты. Осы мәсе­ле­нің алдын алу мақсатында жұмыс орындарын ашуды алға тартып, кіші және орта бизнестің жоғары деңгейде дамуы – көптеген мәселелердің алдын алатындығын алға тартты. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, кедейшілік мәселесі азаятындығы айтылды. Жұлдыз БАЙДІЛДА.