Президенттіктен үміткер Мэлс Елеусізовтің қазір шаруасы қат-қабат. Кеше ғана Арқаны аралап, Астанаға да соғып, онда өзінің саяси тұғырнамасымен жұртты таныстырып қайтып еді, енді Алматыда оны біраз жұмыс күтіп тұрған. Оған тек демалыс күндерін ғана пайдалана алады, дүйсенбіден елдің шығысына сапары бар.
Сенбі күні қаланың Бостандық ауданында болды. Болғанда, қала тұрғындарымен кездесті. Аулаларға барып, жұртпен әңгімелесті. Әсіресе, Жандосов көшесіндегі бір үйдің тұрғындарымен арадағы әңгіме өте қызу өтті. Олар өздерінің пәтерлерінің күйі кеткеніне, жөндеу жұмыстары жүргізілмейтініне шағымданды. Ал бұл жұмыспен айналысуға тиісті пәтер иеленушілер кооперативінің (ПИК) төрайымы Г.Төлегенова уақытын тұрғындармен соттасуға жіберетін көрінеді. Өйткені, осы күнге дейін пәтер иеленушілер сотқа 300-дей шағым түсіріпті. Әкімшілік орындары, сот, прокуратура қоғамдық ұйымның жұмысына араласпайтынын мәлімдеген. Төрағаны өздерің сайлап алғансыңдар, дейтін көрінеді. Тұрғындар ай сайын үйді күту жұмысына ақша төлегенмен, шатырдан су ағып, үй төлесіне су толып кетеді екен.
Үміткер Елеусізов пікір айтқысы келетіндердің бәрін тыңдады. Сонан соң ғана өз пікірін білдірді. Сіздердің сөздеріңізге қарағанда, талаптарыңыз орынды, заң сіздер жағында сияқты. Бірақ әділ болу үшін екінші жақты да тыңдағанымыз жөн болар, деді үміткер. Былай келісейік, деді ол: 2 сәуір күні осында Төлегенова ханымды да шақырып, әңгімелесейік те, содан бір қорытындыға келейік.
Жиналғандар бұл ұсынысқа келісті.
Расында да, тұрғын үйлер жайы барлық жерде де өткір мәселеге айналып отыр. Елімізде әрбір үшінші үй қауіпті жағдайда екен, оны алмастыру қажет. Ал сол үйлерге күтімді де жаңаша жүргізген жөн екені айтылуда. ПИК өзін ақтай қоймады. Бұл халықтың қамын ойлайтын әрбір азаматты толғандырады.
Сол күні «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов өзінің сайлауалды штабында «Жер сілкінісі және оның салдары» атты мәжілісін өткізді. Бір жағы оған Жапониядағы аса ауыр жер сілкінісі де себеп болғандай. Су тасқыны, алапат құйындар, жер сілкіністеріне күні бұрын дайын тұруымыз керек. «Сақтанған адам – қиындыққа қарсы қаруланған адам» деген нақылды «халық экологы» жиі қайталады.
Біраз өзгеріс айға байланысты екенін уақыт көрсетіп отырғанын ол алға тосты. Сол айдың біздің планетамызға жақындаған кездерінде біраз тосын оқиғалар болып тұрған. 19 наурызда да айдың жерге жақындауы болады. Сақтансақ, артықтығы жоқ.
Климаттың жылынуына қарсы сутегі газдарының ауаға жіберілуін шектеу жолында жүзеге асыратын шаралар көп. Ал сол ауамызды тазалауда жасыл желектің орны бөлектігін айта келіп, жиналғандарды үміткер 20 наурыз күні ағаш егуге шығуға шақырды Әрине, оған өзі бас болып барады.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Алматы.