Жақында футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші туры өтті.
Бұл турда ойналған алты ойынның екеуінде алаң иелері, үш ойында қонақтар жеңіске жетсе, бір ойын тең аяқталды. Осы матчтарда соғылған 14 доптың тең жартысын қонақтар соқты.
Екінші турда төрешілер екі рет қызыл қағазды қалтасынан шығарды. "Тобыл" – "Тараз" ойынында тараздық қақпашы Мұрат Мұқашев пен "Локомотив" – "Ордабасы" матчында Ұлан Қонысбаев алаңнан қуылды. Астаналық хавбектің бұл спорттық карьерасындағы бірінші рет қызыл қағаз алуы. Осы турда "Тараз" екінші рет өз қақпасына гол жіберіп алды. Бірінші турда "Ертіспен" өткен кездесуде Дамир Мемишеевич доп кіргізіп алса, бұл жолы Вячеслав Соболев допты торға тулатты. Енді "Тобыл" мен "Тараз" арасындағы ойынға келсек, бұл кездесу Қостанайдың жаңа стадионында өтті. Матчқа "Тобыл" бірінші турда "Ордабасыдан" жеңілген соң тек жеңіс үшін ғана шықты. Оған босниялық легионер Самир Бекрич визасын ресімдеудегі кедергілерге байланысты тағы да қатыса алмады. Солай десек те "Тобыл" қарсыластарын өткен маусымдағыдай өз алаңында тағы жеңді. Осы ойынға тағы алматылық рефери Қайрат Сіләмбеков төрелік етті. Ал матчтың өзі 3:0 болып аяқталды. Былтырғы есеп 1:0 болып тіркелген болатын. Сөйтіп, Воид Талғаевтың командасы жаңа маусымда екінші рет жеңіліс тапты. Ал биылғы маусымның алғашқы пенальтиін осы ойында қостанайлық Сергей Костюк 8-минөтте орындады.
Келесі, "Ертіс" пен "Ақтөбе" арасында өткен ойын 2:3 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. "Ақтөбенің" капитаны Самат Сымақов Қазақстан чемпионатында 300 рет алаңға шықты. Ал оның командаласы Хайруллин екі доп соғып, дубль жасады. Бұл матчты турдың ең басты ойыны деуге болады. Былтырғы маусымның қола мен күміс жүлдегерлері арасында өтетін кездесу әрқашан қызықты да тартысты өтіп тұрады. Осы жолы да солай болды.
Ал "Шахтер" мен "Атырау" арасындағы кездесу тағы да "Астана-Арена" стадионында өтті. Бұл ойында екі жақтың келісімі бойынша алаң иесі қарағандылық команда болып шешілді. Енді қарымта кездесу "Мұнайшы" стадионы дайын болған соң, Атырауда өтетін болады. Ойында атыраулық Андрей Травин мен аргентиналық Леон Джавиер ұлттық құраманың қақпашысы Александр Мокиннің қақпасын дәл көздеді. Есеп – 2:0. "Атыраудың" пайдасында.
Сол күні "Астана-Арена" стадионында "Локомотив" пен "Ордабасы" командалары кездесті. Оған "теміржолшылардың" негізгі құрамындағы бес ойыншы қатыса алмады. Суперкубок үшін өткен матчта жарақат алған Андрей Карпович, Александр Кировтың қатарына Драган Богавац, Пірәлі Әлиев, Данило Белич қосылды. Ал ойын 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз допты "Ордабасының" қақпасына өткен маусымда шымкенттік команданың сапында бір жыл жарақат алып, ойнай алмаған Таңат Нөсербаев соқты. Екінші турдағы тағы бір ойын бірінші лигадан келген "Қайсар" мен "Восток" командаларының арасында өтті. Сыр елінің сайыпқырандарын жаттықтыратын Альгимантас Любинскас өз алаңында жеңіске жету үшін бәрін жасағанымен ойын 1:1 болып бітті. Ал Талдықорғанда "Жетісу" мен "Қайрат" арасындағы матч 1:0 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Өткен турда Астанаға барып, "Локомотивті" 2:0 есебімен жеңген "Жетісу" үшін бұл тосын оқиға болғаны сөзсіз. Матч басталар алдында алматылықтарды жүндей түтеміз деген олар өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Ал кездесу соңында "Жетісу" ойыншылары "Қайраттан" жеңілетінін үш ұйықтаса да түстеріне кірмегенін айтты. Алматылықтар болса, бұл ойынға демеушілердің сыйға тартқан жеңіл автобусымен жетті.
Келесі турдың ойындары ертең мына командалар арасында өтеді. "Тараз" – "Локомотив", "Ордабасы" – "Жетісу", "Шахтер" – "Ертіс", "Ақтөбе" – "Тобыл", "Қайрат" – "Қайсар", "Восток" – "Атырау".
Дастан КЕНЖАЛИН