16 Наурыз, 2011

Мәскеуді таңқалдырған Еркеш

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Егер «Қазақстан» ұлттық арна­сын­дағы «Айгөлек» байқауының күнделігін көріп жүрген болсаңыз, сондағы Еркеш есімді сүп-сүйкімді балақайға бірден назарыңыз түсері даусыз. Бойындағы әртістік қабі­леті мен балалық шынайы пейілі арқылы көрермендердің ықы­ласын жаулап алған Еркеш осы байқау­дың жүргізушісі. «Айгөлектің» бұ­дан алдыңғы жобаларының бірінің жеңімпазы. Тұп-тұнық дауысы мен музыкалық талғамы бар өнерлі бала. Жуырда біз Еркештің Ресейдің 1-ші арнасы ұйымдастырған ең таңдаулы жобаларының бірі «Минута славы» бағдарламасында су­пер­финалға өткенінен хабардар бол­дық. Редакциямызға әдейі ат басын бұрған ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші әрі сазгер Марат Омаров өз шә­кіртінің өнердегі жетістігі тура­лы толғана баяндады: «Еркешті осыдан үш жыл бұрын «Балбөбек» байқауына қатысып, бас жүлде алған кезінен бастап білемін. Содан алдымен сырттай бақыладым. Алғашқы әсер алдамшы бола ма де­ген де ой ғой. Сөйтсем, олай емес. Неше түрлі концерттерге қа­ты­сып жүрген баланың дауысы шынында да табиғи, диапазоны кең. Қазақ «бұлақ көрсең көзін аш» демей ме? Сонау Ақтөбенің Хромтау ауданынан шыққан жеткіншекті шәкіртім ретінде тәрбиелеуге бел будым. Әрі анасынан жастай айы­ры­­лып, әпкесінің қолында тәрбие­ле­ніп жатқан балаға ерекше ықы­ла­сым ауды. Міне, жетістігіміз жаман емес. Еркеш суперфиналға өту ар­қылы Ресей мен шетелдіктер бірігіп түсіргелі жатқан көп сериялы фильмде баланың рөлін сомдауға ұсыныс алды. «Минута славы» бағ­дар­ламасы жасөспірім мен жаса­мыс та қатыса алатын шоу. Бірақ, оған қатысу оңай шаруа емес. Қа­ты­су­шылар да, қазылар да әлемдік дең­гей­де сараланады. Соның ішінен су­перфиналға жолдама алу үшін шын мәнінде талантты болу керек. Өйт­кені ол ақша беріп ат жа­сайтын жер емес. Бәрі көрер­меннің көз алдынан өтіп жатады. Көрер­мен өзі де SMS арқылы дауыс береді». Қазақ қоғамы Марат Омаров­тың балалар үшін неше түрлі бай­қаулар ұйымдастырып, одан қалса талантты балаларды тауып, олар­дың өнердегі жолын ашып жүр­гені­нен хабардар. «Әнші балапан», «Балбөбек» арқы­лы танымал бол­ған балалар осы күн­дері талантты жастардың қатарында жүр. Жуыр­да ғана «Айгөлек» бай­қауында бас жүлде алған Мейірлан Шә­кенов пен жүлделі орыннан кө­рінген Мә­ди­на Ералиева есімді 8 жасар қыз бала да сазгердің шәкірттері. Ол өзінің ар­маны шәкірт тәрбиелеу екенін, олар тек қазақстандық сахнада емес, әлем­дік сахналарда ән шыр­қаса деп тілейтінін жасыр­мады. Сол үшін де елор­да­мыздан халық­аралық «Талант» өнер орталығын ашыпты. Бұл орта­лық­­қа нағыз та­биғи дарыны бар та­лант­ты бала­лар­ды топтастыр­ғысы келетін сазгер ағамыз оларды еліміздің шалғай ауылдарынан іздеуге де бейіл. Айта кетейік, бұл ор­талық ресми түрде 23-ші наурызда ашы­латын бол­ғанымен, Еркеш Хасенді орталықтың алғашқы қарлы­ға­шы деуге болады. Өйткені, ұс­тазы шет елдермен бай­ла­ныс жасауды бас­тап та кеткен. Әрине, «Минута сла­вы» ж­о­ба­сына қатысу­дың мүмкіндігі оп-оңай бола қоймайды ғой. Айгүл СЕЙІЛОВА.
Соңғы жаңалықтар