Көріп отыр көзіміз,
Шетімізден батырмыз.
Өзімізді өзіміз
Хан көтеріп жатырмыз.
Егемендік дегеннің
Елдікпенен түбі бір.
Мың жасайтын еменнің
Тастай берік тұғыры.
Иә, иә, еменнің
Тамырлары – тұғыры.
Емен – емен,
Ал елдің
Одан да ұзақ ғұмыры.
Ақиқат қып, анық қып
Айттым. Сөзді қоштасаң.
Рухы мықты халықты
Жау алмайды ешқашан!
Сағат сайын құбылған
Заманың бар, күнің бар.
Белін бекем буынған
Көш бастауға кімің бар?
Байламыңды күрмеп пе ең?
Апшыңды бас, абайла.
Дүние-думан дүрмектен
Орныңды тап. Соны ойла.
Көрдің небір зобалаң,
Бөлінгенді бөрі жеп.
Өткеніңнен сабақ ал,
Ендігінің жөні жоқ.
Бұлтақтамай бас алға,
Бар-жоғыңды түгенде.
Оңай емес қашанда
Ұлы болу ұлы елге!
Тәңірі берсін тілеуің,
Қара орманым – қазағым.
Ұлы елім һәм киелім,
Тарқамасын базарың!
Жаныма құт, ем-дауа
Пейіліңе жарасқан.
Шетсіз-шексіз кең дала,
Шетсіз-шексіз көк аспан.
Осы айтатын әңгімем,
Көп созбайын термелеп.
Елді бастар мәңгіге
Еңіреген ер керек!
Ойлан, жұртым, парықта,
Кімге түспек таңдауың?
Жарылқайтын халықты
Алтын айдар қандай ұл?!
Тілеулі ТАҢАТ.
Астана.