16 Наурыз, 2011

Сайлау учаскелеріндегі дайындық талапқа сай

517 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда қалалық сайлау комиссиясының бүгінгі таңда­ғы басты іс-шараға арналған кезекті отырысы болып өтті. Жи­ында Алматы қалалық сайлау ко­миссиясының төрағасы Әділ Жү­ні­сов жиналғандарға күн тәрті­бін­дегі мәселе жөнінде жан-жақты  баяндап берді. Әділ Мәуленұлы­ның айтуынша, биылғы жылғы  13 наурыздағы мәлімет бойынша Алматы қаласындағы сайлаушы­лар саны 955525 адамды құрайды. Сонымен қатар, оңтүстік астанада бір қалалық, жеті аудандық және 467 учаскелік сайлау комиссия­лары жұмыс істеуде. Ең бастысы, учаскелік сайлау комиссиялары­ның өздеріне жүктелген қызметті сапалы және жауапкершілікпен, анығырақ айтқанда, жоғары талап деңгейінде атқаруы үшін қолайлы жағдай жасау іс-шаралары кеңінен қарастырылуда. – Ұйымдастыру іс-шарала­рын­да, әсіресе сайлаушыларға, пре­­зиденттікке кандидаттардың се­німді өкілдері мен байқаушы­ларға арналған қажетті ақпарат­тар­дың толық деңгейде қамтылуы басты шарт. Соған орай, бұл ба­ғытта бірқатар жұмыстар жүр­гі­зіліп, дайындық жұмыстары та­лапқа сай. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, сайлаушыларға арнал­ған мәліметтер қалалық басы­лым­дар «Алматы Ақшамы» мен «Вечерняя Алматыда» жарияланды. Ал, мұның өзі түсініспестікті жоюда көмектесетіні сөзсіз. Бақы­лау­шылар жағдайына келсек, біз­дің алдын-ала есептеуіміз бой­ынша қаладағы әрбір сайлау учаскесі бойынша біршама бақы­лау­шылар қатыса алады. Биылғы сайлаудың таза әрі әділетті өтуі де бақылау­шылар белсенділігіне тікелей бай­ланысты, – дейді Әділ Жүнісов. Бұл орайда, айта кететін тағы бір жәйт, қалалық сайлау комис­сия­сы жұмысына қолбайлау бол­ған жағдайлар да кездескен. Мә­се­лен, республикадағы ең ірі шаһар, миллионнан астам тұрғыны бар қаладағы жаңа аудандардың тұр­ғын­дарын дер кезінде тауып, тіркеу жұмысы бірқатар күрделілік тудырған. Дегенмен, қалалық әді­лет басқармасы, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмегімен бұл түйткіл шешілген. Сайлау комис­сия­сының өз жұмы­сын тиянақты және іскерлікпен жүргізуі нәти­же­сінде, барлық учас­келер мемлекеттік рәміздер­мен және өзге де қажетті құжат­тармен қамтамасыз­дандырылады. Сондай-ақ, әрбір сайлаушыға шақыру билеттерін жіберу қолға алынған. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.