16 Наурыз, 2011

«Арпа, бидай ас екен»...

1664 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдасы БҰҰ-ның жанындағы «Халықтар қоры» жер тұрғындарының  2050 жылға қарай  7,8 млрд. адамға өсуіне орай, күрделенуі мүмкін азық-түлік  мәселесіне қатысты 61,2 млрд. дол­ларға бағаланған арнайы бағдарлама ұсын­­ды. Оның ішіне ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға  5 млрд. доллар, егістік жерді сақ­тау­ға 24 млрд. доллар, ормандарды қалпына келтіруге 6,8 млрд. доллар бөлуді көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлі­мет­тері бойынша, Қазақстан 40 пайызға жуық сүтті, 29 пайыз етті және 43 пайыз кө­кө­ністі сырттан әкеледі. Азық-түлік  қоры мол деген Ресейдің өзі тамақ өнімдерінің 40 па­йыздайын шетелдерден тасиды. Ауыл ша­руашылығының шикізаттық сипаты  азық-тү­лік  қауіпсіздігіне  кедергі келтіреді. Елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы шикізат күйінде шы­ғарылады, ал техноло­гия­лық мешеулік сал­да­рынан дайын өнім шы­ғара алмай отырмыз.  Мәлімет бойынша, біздің елімізде 2010 жыл­дың 1 қаңтарында 200 876 ауыл шаруашылығы құрылымдары бар, оның ішінде ауыл шаруа­шылығы кәсіп­орындары  7441, шаруа қожа­лық­­тары 193 435. Бұдан басқа 2 247,8 мың үй шаруа­шы­лығы бар.  Осыларды бүгінгі жағ­дай­ды ескере отырып әрі қарай дамытып,  нарық та­ла­бына сай құрылымдарға жеткізу үшін  осы са­ладағы заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қа­жет. Қазіргі уақытта «Шаруа (фермер) қожа­лықтары туралы» заңның жобасы Парламент Мә­жілісінде талқылаудан өтті. Сонымен қа­тар 2008 жылы Үкіметке толықтырулар үшін қай­тарылған «Жеке қосалқы шаруашылық­тар» ту­ралы заңның жобасы да  ауыл өмі­рінің  жедел дамуына өз септігін тигізері сөзсіз. Бұл заңның жобасы Үкіметтен Парламентке қай­тарылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Елбасы атап  өткен­дей,  азық-түлік  қауіп­сіздігі  ту­ралы заңды әлі де жетілдіре түскен абзал. Нәтижесінде, Қа­зақстан халқына арна­ған Жолдауында атап көр­сетілгендей, 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі ры­ногының 80 %-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Сол себепті, келешекте ауыл шаруашылығын дамы­туда көптеген іс-ша­ралар атқаруға тура келеді. Әлемдік тәжі­рибеде Германия, Франция, Швеция, АҚШ 70-80-жылдары-ақ азық-түлік  қа­уіп­сіздігіне  ба­ғытталған шаралар бойынша, әсі­ресе, фер­мерлердің құқығын ерекше қорғай­тын заң­дар қабылдаған. Қазіргі кезде АҚШ-та азық-түлікпен  қамтамасыз ету бағытында он­даған бағдарламалар бойынша жыл сайын 35-40 млрд. доллар бөлінеді. Қазақстан   іс жүзінде дүниежүзілік азық-тү­лік  қауіпсіздігіне  қомақты үлес қосып отыр­­ған ірі аграрлық елдердің қатарына жа­та­ды.  Жалпы республика  бойынша 2009 жылы бү­кіл егістік алқабы 21 424,9 мың гектарды құ­рады. Оның ішінде дәнді дақылдар 17 208,9 мың га, картоп 170,3 мың га, майлы тұқымдар өнімдері 1 749,5, қант қызылшасы 10,6 мың га, көкөніс 110 мың га болды. Ауыл шаруа­шы­лы­­ғынан 2009 жылы алынған өнімнің жалпы құны 1 640,2 млрд. теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруа­шылығы 936,8 млрд. теңге, мал шаруашылығы 703,4 млрд. теңге болды. Елі­міз әлемнің басты аграрлық шикізат өн­діруші 25 елінің қатарына кіреді. Со­нымен қа­тар, ауылшаруашылық мақ­са­тындағы дәнді да­қылдар және картоп  егетін жер көлемі бойын­ша басты аграрлық шикізат өндіруші 10 елдің қатарында тұр. Сарап­шылардың бағалауы бо­йын­ша, республи­ка­ның ресурстары халықтың қазіргі азық-түлік­ті тұ­тынуы көлемінен 3 есе артық өндіруге жетеді. Соңғы жарты ғасырда ғана плане­тадағы халық санының өсуіне қарай азық-түлікке  деген сұраным 4 есе өскені мәлім. Қазақстан  сыртқы рынокқа 1,5 млрд. дол­­лар көлемінде астық шығара отырып, көш­басшылардың бірі ретінде оның экспор­тынан дүние жүзінде 7-ші орын алады. Ас­тық экс­пор­тындағы ұнның үлесі 2000 жылғы 9 пайыздан 2008 жылы 58 пайызға жетіп, 849,2 млн. дол­лар көлемінде болды. Астыққа шаққанда макарон өнімдерінің экспорты 2008 жылы 0,2 пайыздан 0,8 пайызға дейін көтерілді. Еліміз ұн экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шығып, соңғы үш жыл қата­ры­нан осы биікке тұрақтап қалды. Дүниежүзілік 10,8 млн. тонна ұн экспортының 23,9 пайызы Қазақстанның  үлесіне тиеді. Соңғы уақытта нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің экс­пор­ты шапшаң өсуде. Осы өнімді сыртқа шы­ғарудың астық экспортына шаққандағы үлес салмағы 2008 жылы 0,3 пайыздан 0,7 пайызға жетті. Республиканың макарон өнеркәсібінің мүм­кіндігі айтарлықтай. Бұған бидайдың қатты сорттарының жоғары сапасы, жаңа макарон фабрикаларының құрылысы қолайлы жағдай ту­ғызуда. Қазір еліміз өнімнің осы түрі бойынша дүние жүзінде 29-шы орында тұрғанымен, оның өндірушілер мен экспор­тер­лер арасында ал­ғашқы бестікке кіруге мүмкіндігі жоғары. Мә­селен, Оңтүстік Қа­зақстан  облысының Тассай ауылында жыл­дық өндірістік қуаты 25 мың тонна болатын жаңа макарон фабрикасы іске қо­сылды. «Сұлтан-элеватор диірменді макарон кешені» акционерлік қоғамы – бүкіл макарон өнім­дерін бидайдың тек қана қатты сорт­та­ры­нан шығаратын республикадағы бірден-бір кә­сіпорын. «Қазақстан  ұны» ЖШС-інде қазіргі итальян­дық техникамен жабдықталған макарон фабрикасы пайдалануға берілді. Астанада заман талабына сай «Цесна-мак» диірменді-ма­карон кешені жұмыс істей бастады. Қос­танай облы­сында «Карона» макарон фабри­касы өндіріс кө­лемін арттырып, сыртқы ры­нок­ты игеруге талаптануда. Жетістіктерімізді айта отырып, астық өн­діру саласында әлі де атқарылатын жұ­мыстар көп екенін айта кеткен жөн. Елімізде астықты таза­лай­тын, сақтайтын заманауи құ­рал-жаб­дықтар жетіспейді. Соңғы 20 жыл ішінде бұл салада жаңа кешендер салынған жоқ. Сонымен қатар, темір жол вагондары жетіспейді. Дүние­жүзілік астық рыногында жаңа елдерге шығу, Иран бағытында темір жол салуды тездету, араб елдеріне астық жеткізу жолдарын қарас­тыру  сияқты мәселелерді шешу қажет. Себебі, астықтың  ба­ғасы, оны қолдану көлемі әлемнің әр түпк­і­рінде жыл сайын өзгеріп отырады. Мал шаруашылығында оны ірілендіру және өнеркәсіптік негізге көшіру бағытында біршама жұмыстар атқару қажет. Қазіргі уақытта жекелеген селекциялық жұмыстар арқылы, сонымен қа­тар шет елдерден жоғары өнімді асыл тұ­қым­ды малдар әкелу арқылы малдың генетикалық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылуда. Мысалы,  2008 жылы «Қазагро­қаржы» лизингтік компаниясының тікелей қатысуымен екі ірі сүт өндіру кешені пай­далануға беріліп, оларға Канададан сүтті мол беретін асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Алдағы 4-5 жылда мұндай ке­шендердің саны 30-ға жетеді деп күтілуде. Елімізде ет өндіру мәселесі де қолға алы­ну­да. Мысалы, баршаға мәлім, Қазақстан  жылқы етін өндіруден әлемде жетекші орынға ие. Жыл­қы еті дүние жүзінің іс жүзінде барлық аймақ­тарында өсіріледі, осы өнімнің мөлшері жылы­на 720 мың тонна көлемінде салыстыр­ма­лы түрде тұрақты болып қалуда.  Дүние жү­зінде бие сүті мен қымызын өндіруге қызы­ғушылық арта түсуде. Деректер бойынша, қы­мызды тұ­тыну 120 мың тоннадан асты, оның ішінде Қы­тайда – 50 мың тонна, Монғолияда – 43 мың тон­на. Егер, 2001 жылы  Қазақстанда  28 711,2 тон­на қымыз өндірілсе, содан кейінгі жыл­дары оның көлемі азая отырып, 2008 жы­лы 21 663,8 тонна ғана болды. Табиғи жағ­дайларды ескерсек, елімізде жылқы малының өнімдерін өндіру ең қолайлы жағдайға ие.  Сондықтан бұл мә­се­лені қолға алып, әрі қарай дамытуға жағдай жасау қажет. Қазақстан, сондай-ақ түйе етін өндіруші 15 ірі елдің қатарына кіреді. ФАО-ның дерегі бойынша, 21 өндіруші-елде түйе етін шығару 2007 жылы 310 мың тонна болған. Сондай-ақ, жыл сайын шұбат дайындау көлемі ұлғайып келеді. 2009 жылы 9,6 мың тонна шұбат өндірілді, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 2,5 мың тон­наға артық. Республика ірі шұбат өн­діруші­лер­дің бірі болып табылады. Дүние жүзінде құс етінің өндірісі артуда, оның негізін тауық еті құрайды. Бұған қоса күр­ке­тауық, қаз бен үйрек етінің өндірісі өсіп келеді. Елімізде құс етінің аталған түрлерінің өн­дірісі енді ғана қалыптаса бастады. Республикада күр­кетауық етін шығаратын жалғыз ғана BAYTAGRO кәсіпорны жұмыс жасайды. Олар­ға деген сұраныс және өсіретін шаруа­шылықтар саны көбеюде.  Қостанай облысында «Bіg-5» тұ­­қымды күр­ке­тауықтар өсіретін шаруашылық­тар құрылды. Павлодар облысында өткен жылы күркетауық етін шығаратын, жылдық қуаты 1,5 мың тонналық өнді­рістік кешеннің құрылысы басталды. Сол­түстік Қазақстан  облысында «БACKO» ЖШС-нің осын­дай өнім шығару жө­ніндегі жылдық қуаты 15 мың тонналық ин­вести­циялық жобасы қарас­тырылуда. Оңтүстік Қазақстан  облысында Из­раиль­дің «Maд» ком­па­ниясының технологиясы бойынша жұмыс жасайтын, жылына 5 мың тонна күркетауық етін шығаратын құс кешенінің құрылысы қолға алынды. Еліміздің аумағында іс жүзінде үй ша­руа­шылықтарынан басқа бәсекелестердің жоғын ескере отырып, «Ерма және К» ЖШС қаз етінің өндірісін игеруді қолға алды. Жоба бойынша қазды өнеркәсіптік негізде өсіретін құс фир­масын құру және Алматы облы­сын­дағы бұрын­ғы мал шаруашылығы кешенінің негізінде жеке жемшөп қорын жасау жүзеге асырылады. Халықты азық-түлікпен  қамтамасыз етуде өсімдік майларының маңызды орын алатыны мәлім. Елімізде өсімдік шаруашылығы сала­сын әртараптандыру, өндіріске ылғалқор­сақ­тағыш, тамшылатып суару технология­ла­рын енгізу шаралары жүргізілуде. Жылдан жыл­ға мемлекеттік қолдау шараларының арқа­сында қазіргі кездегі технологияларды енгізудің міндетті эле­менттері болып табы­латын минералды тыңайт­қыштар, өсімдік­терді қорғау құралда­ры қол­данылған егістіктер көлемі ұлғаюда. Елімізде май дақыл­да­рының өндірісі өсуде. Мәселен, 2004 жылы барлық өндірілген өнім 395,6 мың тонна болса, 2009 жылы 703,6 мың тоннаға жетті. Республикада халықты жеміс-жидекпен тұ­тыну нормаларына сәйкес қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі міндеттердің бірі жеміс бақтары мен жүзімдіктердің негізін қалау болып табылады. Осы  мақсат үшін 13,6 мың гектар алқапқа жеміс дақылдары, 3,1 мың га алқапқа жүзім отырғызылуы қа­жет. Қазіргі кезде көкөніс-бақша өнімдерін тұтынуда ұлт­тық норма бойынша қажеттілік 1,6 млн. тонна болса (100 кг/адам) жыл са­йынғы өндіріс 2,0 млн. тоннадан асады. Қазақстанның оңтүстік өңірінде жеміс-жидек пен көкөністі көп өн­дірумен қатар, оны тасымалдау, әсіресе сақтау жағы толық ойластырылмаған. Сол себепті өнімнің біраз бөлігі жарамсыз болып қалады. Қазіргі уа­қытта 643,0 мың тонна көкөністі сақтайтын орын жоқ. Осындай жағдай басқа салаларда да қа­лып­тасқан. Мәселен, бұдан 20 жыл бұрын ет өнімдерінің ұлттық норма бойынша қа­жеттілігі 87 кг/адам болса, қазіргі уақытта 49 кг деп есептеледі. Осыған сәйкес өн­дірі­летін ет көлемі сұранысты толық қам­та­масыз етеді деп саналады. Ал шын­ды­ғына келсек, оның сапасы, өңдеу саласының талаптарына сәйкестігі ескерілмейді. Сол себепті,  ет өнімде­рінің 29 пайызын шет елден са­тып алу­ға мәжбүр болып отырмыз. Елімізде соңғы жылдары респуб­ли­калық бюджеттен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты қаржы бө­лініп келеді. Мәселен, 2006 жылы 90 млрд. теңге бөлінсе, 2009 жылы 163 млрд. теңге, ал 2010 жылы 258 млрд. теңге бөлінді. Осындай қолдаудың нәтижесінде ауыл­шаруа­шылық сала­сын­да елеулі табыс­тарға қол жеткіздік. Мәлімет бойынша қазіргі уақытта республика көлемінде ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін шыға­ратын ма­ман­дандырылған 1001 кәсіп­орын жұ­­мыс істейді. Бірақ олардың өңірлерде орналасу реті жүйеге келтірілмеген. Мысалы, Алматы облы­сында 209 кәсіпорын, яғни 20 па­йыздан астамы, Батыс Қазақстанда – 166, Қос­та­найда – 105. Ал Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде шешуші орын алатын Ақмола, Қарағанды об­лыс­тарында тиісінше 38 және 23-тен ғана кәсіпорын бар. Ал Маңғыстау облысында небәрі – 12, Атырауда осын­­дай 15 кәсіпорын орналасқан. Қазіргі кезде қазақстандық ірі 10 ком­пания америкалықтармен дәнді да­қыл өсі­руде, ірі қара мал, қой өсіруде, ауыл  шаруа­шылығы  өнімдерін  өңдеуде және оны экс­порттауда бірлескен кәсіпорын  құруға мүд­делілік танытып отыр. Мысалы, биылғы сәуір айында қазақстандық ет брендін әлем рыногына шығару үшін «Қаз­Агро­ның» еншілесі – «Мал өнімдері  кор­порациясы» акционерлік қоғамы мен аме­рикалық Global Beef асыл тұқымды ангус және герефорд өсіретін ірі қара мал шаруашылығының  «KazBeef» ЖШС атты бірлескен кәсіпорнын құрды. Бұл жоба бойынша барлығы 2020 бас қара мал сатып алынатын болса, соның 160 басы қазан айында ұшақпен әкелінді. Аграрлық ғылым саласына ең қажеттісі – шетелдік озық технологиясы бар елдермен әріптестік байланыс жасап, бірлескен жобалар енгізу. Олардан үйренеріміз көп. Мы­салы, жа­пондықтар судың құрамын ресми түрде елу көрсеткіш арқылы зерттейді. Баршаға аян, әлемде жапондық технологиялар өзінің құн­дылығымен үлкен сұранысқа ие. Соның ішінде Жапония – азық-түлік қауіпсіздігіне, қор­ша­ған ортаның ласта­нуы­на өте-мөте маңыз беріп, қатты көңіл бө­ле­тін мемлекет. Бүгінгі жұмыс барысында осы саладағы мамандар даяр­лауға көп көңіл бөлу қажет. Өйткені, ғы­лымның бұл сала­сын­да ғылым доктор­ла­ры­ның орта жасы – 64, кандидаттар – 51 жас, олай болса, жас­тар­ды тарту керек.  Аграрлық саланың жас маман­да­рын өзінің туған ауы­лына қай­тарып, ауыл­дық елді мекендерде жұмыс ат­қаруға ынта­лан­дыру мақсатында 2010 жыл­дың 1 ақ­панында  Ауыл шаруа­шылығы министрінің «2010 жылы аграрлық саланың жас ма­мандарына шағын несие беру ту­ралы» № 62 бұйрығы бекітілді. Ауылдағы шаруа қожалығының өндірген өнімдерін ортадағы делдалдарға тәуелді қыл­май, әр ауыл, аудан көлемінде кооперативтер құрып, шаруалардың өнімдерін сақ­тап, өң­деп, тиімді бағаға сатып беру мә­селесін шешу керек.    Көп уәде берілгенімен, бұл салада жұ­мыс қарқыны өте төмен. 2010 жылдың 1 қаң­тарына республика бо­йынша барлығы 402 ауыл шаруашылығы кооперативі құрыл­ған, оның ішінде Қызыл­орда облысында – 57, Жамбылда – 56, Алматы облысында –  55. Ал Батыс Қазақ­стан облысында бар болғаны төртеу, Сол­түстік Қазақстан облысында алтау. Бүгінгі таңда шаруалар мен ауыл кәсіп­керлерін несие ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмеген. Соңғы жыл­дары екінші деңгейдегі банктердің несие портфелінің тек 4 пайызы ғана ауыл ша­руа­шылығы саласында істейтіндерге бұйыр­ған. Басты себебі, кепілдікке қоятын  мүлік­тері жоқ. Ал, арнайы агроөнеркәсіп кешенін ин­дустрияландыру бағытын дамытуға және қар­жыландыруға құрылған «ҚазАгро» Ұлт­тық хол­дингі және оның қаржы институт­тары ауыл шаруашылығы субъектілеріне несие беру үшін екінші деңгейдегі банктердің кепілдігін сұрайды. Сол себепті, аграрлық кешенді индустриялық-инновациялық да­мы­ту кезе­ңін­де ауылды жерлердегі кешендерді қаржылан­дыруды қамтамасыз ететін  маман­дан­­дырыл­ған ауыл шаруашылығы банкінің ашылуы  аталған саладағы  көптеген мәселе­лердің оң шешілуіне септігін тигізер еді. Қазір Қазақстан аграрлық секторды жан-жақты жетілдіре отырып, өзінің азық-түлік  қауіпсіздігін  қамтамасыз етумен қатар, дү­ние­жүзілік экономиканың өткір пробле­ма­ларын шешуге мейлінше кең ауқымда атсалысуда. Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.