Биыл Құмкөл мұнай кенішінің ашылғанына 25 жыл толып отыр. Оған дейін ауыл шаруашылығымен аты шыққан Сыр өңірінде мұнайдың атқылағанына да ширек ғасыр уақыт болыпты. Тақырға таяқ отырғызып, оны тал етіп, күрішімен әлемге аты жайылған, түйелері маң басқан, шудаларын шаң басқан, «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» киелі өңірдің мұнай өндіру саласына да ерен еңбек сіңіріп жатқаны әмбеге аян. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мұнай өндіру ісі айтарлықтай артқан екен. Ал мұнда қызылордалық мұнайшылардың үлесі аз деп ешкім айта алмайды. Себебі, Қызылорда да соңғы кезде қара алтынның елеулі көзі болып есептеледі.
Бұрнағы күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин, басқарма төрағасының орынбасары Болат Палымбетов, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашев Қызылордаға келді. Сөйтіп, қызылордалық мұнай компанияларымен, олардың еңбек ұжымдарымен жолықты. Кең отырып сөйлесті, өткен жылдың есебін тыңдады, болашақ бағдарларды анықтады. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын талқылап, одан туындайтын тапсырмаларды саралап, оны жүзеге асырудың жолдарын айқындады.
Жиын барысында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ, «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны мұнай-газ компанияларының есебі тыңдалды. Былтыр атқарылған істері сараланып, жылдың қорытындысы шығарылып, алдағы атқарылар істер талқыға түсті. Мәжіліс барысында білгеніміз мынау: мұнай өндіру ісі жыл сайын ілгерілеп келеді, ілеспе газбен елді қамтамасыз ету жолға қойылған, жұмыс барысында қауіпсіздік қатаң сақталады, өз мамандарымыз болу үшін арнайы ақша бөлініп, жастар шет елдерде білім алып жатыр, мұнай компаниялары қайырымдылық шараларына да тәп-тәуір сома бөліп отыр екен. Сонымен қатар, «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорыны биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай атқарылатын іс-шараларға қомақты қаржы жұмсайтындарын жеткізді. Бұл өзі Сыр өңіріндегі айтулы компаниялардың бірі. Аталмыш кәсіпорын былтыр игілікті істері үшін Президенттің қолынан «Парыз» сыйлығын алған болатын.
Мәжіліс барысында сөз алған «ҚазМұнайГаз» АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин өз баяндамасында ұлттық компания тобы 2010 жылы негізгі көрсеткіштер бойынша өндірістік жоспарды артығымен орындағанын атап айтты. Мысалы, мұнай және газ конденсатын өндірудің шоғырланған көлемі 2010 жылы 22 миллион тоннаны құраған. Қарапайым тілмен айтсақ, былтыр осынша көлемде мұнай өндірілген. Бұл жоспардың 4 пайызға артық орындалғанын білдіреді. Ал осы көрсеткішті 2009 жылмен салыстырсақ, онда біз мұнай өндірудің 17 пайызға артқанын көреміз.
– 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында былтыр «ҚазМұнайГаз» компаниясы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының құрылысын бастады. Бұл газ құбыры Қызылорда облысының аумағы арқылы өтетіні бәрімізге аян,– деді Қ.Қабылдин.
Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының құрылысы барысында 3500-ге жуық қазақстандық маман жұмысқа тартылатын болады. Сондай-ақ, газ құбыры іске қосылғаннан кейін 500-ге тарта жұмыс орны ашылады. Бұл жұмыссыздар саны біршама азаяды деген сөз.
Жергілікті елді мекендерге газ жеткізу мәселесінде де «ҚазМұнайГаз» компаниясы аз еңбек сіңіріп жатқан жоқ. Мәселен, компания Қызылорда қаласының әлі де газ жеткізілмеген аудандарын газдандыру мақсатындағы жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Осы жұмыстың ауқымында жалпы көлемі 13 шақырым болатын жоғары қысымды, ұзындығы 207 шақырымды құрайтын төмен қысымды газ құбырлары салынады. Олардың жалпы газ өткізу қабілеті сағатына 21950 текше метр болмақ. Бұдан бөлек 6 газ таратушы пункттер, 5 шкафтық пункттер салу көзделіп отыр екен. Мұның сыртында қаладағы Әл-Фараби, Саяхат, Жаңа ауыл шағын аудандары, Бейбарыс, Рисмаш аудандары, Титов кентіне қарасты аудандардың жұртшылығы мен коммуналдық-тұрмыстық мекемелеріне де газ жетеді. Бұл жобаны іске асыру арқылы 5500 тұрғын үй мен 1200-ге жуық коммуналдық-тұрмыстық мекемелерді табиғи газбен қамтуға болады.
Қайыргелді Қабылдин «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауда әлеуметтік жаңғыруға ерекше мән берілгенін атап көрсетті.
– Сыр өңірі елі де бай, жері де бай киелі мекен. Елімізде атқарылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша Қызылорда облысында 16 жоба қолға алынды. Бұл үлкен жетістік екенін баса айтқым келеді. Биыл қызылордалық мұнай компаниялары жоспарды артығымен орындап отыр. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшылығының атынан сіздерге алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар компания көпмақсатты спорт алаңдарын салу бағдарламасы шеңберінде биыл Қызылорда қаласында балалар үшін футбол, волейбол, баскетбол және спорттың басқа да бұқаралық түрімен айналысуға арналған спорт алаңдарын салатын болады,– деді Қ.Қабылдин.
Ұлттық компанияның басшысы алдымызда келе жатқан саяси науқанды да сырт айналып өткен жоқ. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің ең ірі жетістіктерге қол жеткізгенін айта отырып, болашақта да бағынбаған белестер мен алынбаған асулардың тұрғанын айтты. Бір күндік сайлаудың келешекті таңдау екенін де баса айтып, сайлауда белсенділік танытуға шақырды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасымен болған кездесуге қатысқан мұнай компанияларының еңбек ұжымдары «Болашаққа Елбасымен бірге баратындарын» айтты.
Жиын кезінде сөз алған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ, «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорнының еңбек ұжымдары халықтың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған, шаруашылығын түзеуге арналған Елбасы бағдарламаларын қуаттап, қолдайтындарын бірауыздан жеткізді.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашев өз сөзінде 60 пайызы біздің мемлекетіміздің меншігі болып табылатын осы компанияға «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорнының 50 пайызы, «ПетроҚазақстан» компаниясының 33 пайызы және «Торғай Петролеум» компаниясының 16,5 пайызы тиесілі екенін атап көрсетті. Бұл компаниялардың ҚМГ БӨ шоғырланған көрсеткіштеріне қосып отырған үлесі айтарлық және шамамен 30 пайызды құрайды. Кенжебек Ибрашев ерен еңбегі арқасында өлкенің, компанияның және бүкіл Қазақстанның көркеюіне өз үлесін қосып отырған барша еңбек ұжымдарына ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында сөз алған «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны директорының бірінші орынбасары Әнуар Ахметжанов сүбелі сөз айтты. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына кіретін «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылорда қаласының қажеттіліктері үшін Қазақстандағы ең төменгі бағамен газ жеткізіп тұрған бірден бір оператор екенін атап көрсетті. 2010 жылы кәсіпорын 52 385 тонна сұйытылған газ және 217 881 000 текше метр тауар газын өндіріп, халыққа жеткізген.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Болат Палымбетов те орынды уәжін ортаға салды. «Осы жерде жасалған баяндамадан мен өз төл өнімдеріміз бен қызметтерімізді сатып алу мен пайдалану туралы дерек естімедім. Мұнай компаниялары керек-жарақтарын сырттан тасымауы керек. Өзіміз өндірген өнімдерді пайдалануы - шарт. Ол үшін Үкіметтің де арнайы қаулысы бар. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бүгінде өз өнімдерімізді пайдалануды арттырды. Сіздерге де соны үлгі ретінде айтқым келеді. Сонымен бірге, сырттан маман шақырғанды да көбейте бермеу керек. Жергілікті кадрларды жұмысқа тартқан жөн», – деді ол. Болат Палымбетовтің жанашырлық сөзін жұрт жылы шырай танытып қарсы алды.
Бүгінде мұнай өндіру саласы еліміздің экономикасын алға сүйреп тұрғаны айдан анық. Қара алтынның қаймағын қалқып, өнімімен экономикамызды өрге сүйреген мамандармен болған кездесу көңілдегідей өтті. Сондықтан қызылордалық мұнайшылар осындай кездесу жиі болып тұрса деген тілекпен тарқасты.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.