16 Наурыз, 2011

Наурызбен келген қуаныш

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аста­на­ның Конгресс-Холл сарайында қаланың тұр­ғын үй басқармасында кезекте тұрған бір топ астаналықтарға мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Бұл  Наурыз мейрамы қарса­ңын­да тұрғындарға мемлекет та­рапынан жасалып отырған игі істердің бірегейі деуге тұрарлық шара болды. Тұрғындар өздеріне мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа шексіз риза екендіктерін кең сарайдың ішінде шаттық сезіммен сездіріп жүр. Олардың қуанышы сарай­дың барлық түкпірін шарпып,  осында болған жандардың бәрі де қуа­ныш­ты күйді бастарынан кешті. Мінберге көтерілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жинал­ған­дарды алдымен Наурыз мерекесімен құттықтады. Бас қаламызда мұндай үлкен мерекені қоныс тойы қуанышына ұластыру игі дәстүрге айналып келеді. Биылғы Наурызда барлығы 400 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізіп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, деді Президент. Одан әрі Елбасы үш жылға созылған дағ­дарыс жылдарының тұрғын үй құрылысына да зардабын тигізгенін айтты. Бірақ соған қара­май Қазақстан өзінің аза­мат­тарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін бір сәт те есінен шы­ғармай, күн тәртібінен түсір­ген емес. Көптеген азамат­та­ры­мыз­ды алдап кеткен сенімсіз фир­малардың да міндетін билік өз мойнына алып, зардап шек­кен­дердің тұрғын үйлері құрылыс­та­ры­ның аяқталуына мүмкіндік ту­дырды. Одан арғы өзінің сөзінде Президент әлемдік экономика­лық дағдарысқа қарамастан Қа­зақ­стандағы тұрғын үй қоры 45 млн. шаршы метрге ұлғайғанын атап өтті. Соның арқасында бү­гін­гі күнге дейін 1,5 млн.-ға жуық қазақстандықтар жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Бас қаладан баспана алып, «астаналық» атану Қазақстанның барлық азаматына үлкен мәртебе, зор қуаныш. Біздің тәуелсіздік ал­ған жылдардан бергі саясаты­мыз­дың басым бағыттарының бірі де сол – әрбір қазақстандық от­басының өз баспанасы болуына қол жеткізу. Мемлекет осы мақ­сат­қа қол жеткізу үшін қолдан келген барлық мүмкіндіктерді жасауда. Одан әрі Президент баспана алудың қуа­нышы айрықша екенін, соның ішінде, өзінің де шағын пәтерге қол жеткізгендегі қуанышын еске алып өтті. Президент биылғы Жол­дауына да тоқ­талып, онда тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шы­лығын жаңалау туралы ар­найы тапсырма берілгендігін айтты. Мұның өзі тұр­ғындардың ауыз сумен, жылу­мен, электр жарығы және газбен қамтамасыз етілуіндегі кемістіктерді жоятыны сөзсіз. Ескірген коммуналдық шаруашылық жүйе­лерін пәтер иелері коопе­ратив­терінің өз күшімен жаңаландыра алмасын білгендіктен мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қамқорлық та тұрғындардың ри­зашылықтарын туғызуда. Оның үстіне осы жұмыстардың арқа­сын­да 10 мыңға жуық адам жұ­мыс орындарымен қамтамасыз етілмек. Сөзін аяқтаған соң Елбасы Н.Назарбаев жүректері қуаныштан лүпілдеп отырған бірқатар тұр­ғындарға өз қолымен пәтер кілттерін тапсырды. Мұндай бақытқа ие болғандардың арасында  қала­да­ғы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейтін, отба­сын­да мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған Дорж Бейімбет, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі Екатерина Надырова, әскери қыз­мет­кер Тимофей Рользинг, Астана қа­ласы гуманитарлық колледжі­нің студенті, ата-ананың қамқор­лы­ғынсыз қалған Эльмира Бол­ғанбаева, Ә.Марғұлан атындағы 40-шы мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Болат Байқасов және т.б. болды. Осы күндері жалпы саны 400 отбасы пәтер алуға қол жеткізді. Олардың бәрі де әлеуметтік жа­ғынан қорғалуға тиісті топтар­дың өкілдері. Атап айтқанда, 19-ы ҰОС-на қатысушы мен мүге­дектер, 33-і осыларға теңестірілгендер, 10-ы жетім балалар, 46-сы зейнеткерлер, 62-сі 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, 7-і мүгедек балалар асырап отырған, 8-і көп балалы, 47-сі толық емес отба­сылар. Бұлардан басқа әлеуметтік пәтерлер алушылар қатарында 3 адам ауыр дертке шалдыққандар, 8-і экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылғандар, 5-і мемлекеттік немесе қоғамдық мін­детті атқару кезінде қаза тап­қандар отбасылары болды. Осы­лармен қатар 153 бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызмет­керлер отбасылары да қоныс тойын тойлайтын болады. Бұл пәтерлер қазір құрылысы толық аяқталып, қаланың коммуналдық меншігіне берілген «Жағалау», «Зерде», «Тамыз» тұрғын үй ке­шен­дерінен беріледі. Конгресс-Холлдағы Елбасы­ның қолынан пәтердің кілтін алу салтанаты К.Байсейітова атын­дағы Ұлттық опера және балет театры мен «Серпер» домбыра оркестрі және басқалардың қа­тысуымен болған мерекелік концертке ұласты. Жақсыбай САМРАТ. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.