18 Наурыз, 2011

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы №730

549 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2010 жылғы  26 қараша, Астана қаласы Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Орман кодексiнiң 98-бабына сәйкес, бұйырамын: 1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану ережесi бекiтiлсiн. 2. «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман қоры аумағында жанама орман пайдалану ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 10 қарашадағы №238 (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде №3253 тіркелген, «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде, 2005 ж. №9-13, 36-құжат жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын. 3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Ж. Ы. Омаров) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланғаннан бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi. Министрдің м. а.   Е.АМАН. Қазақстан Республикасы  Ауыл шаруашылығы  министрінің м. а. 2010 жылғы 26 қарашадағы № 730 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану ережесі 1. Жалпы ережелер 1. Осы Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 98-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік орман қоры аумағында жанама орман пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды. 2. Жанама орман пайдалануға: шөп шабу, мал жаю, марал және аң өсіру, ара ұялары мен омарталар орналастыру, көкөніс өсіру, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрі-дәрмектік өсімдіктер мен техникалық шикізат, жабайы жемістер, жаңғақ­тар, жидектер және басқа да азықтық өнімдерді, мүк, орман төсендісін және жерге түскен жапырақтарды және қамыс дайындау және жинау жатады. 3. Жеке тұлғалармен жабайы жемістер, жаң­ғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрі-дәр­мектік шикізат және басқа да жанама орман ресурс­тарының шекті нормалары мен жинау Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 42 бабына сәйкес анықталады. 4. Жанама орман пайдалану орманға зиянын тигізбей, орман ресурстарын молықтыруға нұқ­сан келтірмей, осы Ережеге және орман­дарды пайдаланудың басқа да ережелері белгілеген мерзімде және тәсілмен жүзеге асырылуға тиіс. 5. Мемлекеттік орман қоры учаскесі бір немесе бірнеше орман пайдаланушыға жанама орман пайдаланудың бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыру үшін берілуі мүмкін. 6. Жанама орман пайдалану мемлекеттік орман пайдаланушы беретін орман билетінің негізінде бір жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді орман пайдалануға беріледі. 7. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде жанама орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 39-41-баптарымен айқындалған тәртіппен немесе негіздемелер бойынша тоқтатыла тұрады, шектеледі және тоқтатылады. 2. Марал және аң өсіру 8. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде марал немесе аң өсіруді жүзеге асыру құқығын беру туралы мәселені қарау үшін өтініш жасаушы (ықтимал орман пайдаланушы) мемлекеттік ор­ман иеленушіге қажетті техникалық-экономи­калық негіздемелер мен есептерді, схемаларды, бизнес-жоспарды, жәнеде осы қызметтің қор­шаған ортасына әсер етуін алдын ала бағалау материалдарын қамтитын марал фермасын немесе аң фермасын ұйымдастыру жобасын ұсынады. 9. Мемлекеттік орман иеленушінің орман пайдаланудың өтініш жасалып отырған түрін беру туралы шешімі орман билетін беру түрінде ресімделеді. 10. Мемлекеттік орман иеленуші орман пайдаланушы ұсынған материалдарды қарас­тырып, 30 күнтізбелік күн мерзімінде орман пайдаланушыға орман билетін және мемлекеттік орман қорының учаскелерін береді немесе орман билетін беруден дәлелді түрде бас тартады. Марал фермаларын немесе аң фермаларын ұйымдастыру үшін орман алқаптары бөлінеді. Орман пайдаланушының жобасына сәйкес оған берілетін учаскелердің құрамына ферманың жұмыс істеуі үшін қажет шабындық, жайылымдық жерлер енеді. Берілген учаскелерде бағылатын маралдардың саны орман экожүйесіне түсетін ғылыми түрде негізделген жүктелім нормаларынан аспауға тиіс. 11. Орман пайдаланушылар берілген учаскелерде уақытша (қалқалар, күзет үйшіктері, қор­шаулар, қашалар, шарбақтар) және тұрақты (зоовет­зертханаларға және жұмыскерлерді орна­лас­тыруға арналған үйлер, аң фермасының жемін сақтайтын тоңазытқыштар, маралды қолда бағып ұстайтын қора-жайлар) құрылыстар са­луы­на болады. Аталған құрылыстардың мөл­шері, орналасуы, оларды күтіп ұстау ережелері шартта және орман билетінде көрсетіледі. 12. Орман пайдаланушылар өздеріне пай­далануға берілген учаскелерді өрттен, браконьерліктен қорғайды, пайдаланылатын жерлер­дің шығымдылығын қалпына келтіру мен арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады. 3. Ара ұялары мен омарталарды орналастыру 13. Ара ұялары мен омарталар үшін учаскелер орман шеттерінен, алаңқайлардан және басқа да орман көмкермеген жерлерден ағаш кесу, орман алаңдарын тазарту, жырту және оларда жылжымалы омарталар үшін тұрақты үлгідегі құрылыстар тұрғызу құқығынсыз беріледі. Тұрақты омарталар орналастыру үшін учаскелер орман пайдаланушыларға арнайы бекітіп берілген учаскелерден ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде беріледі. 14. Орман пайдаланушыларға ара ұяларын орнатуға және уақытша құрылыстар – күзет үйшіктерін, ара ұяларын, құрал-жабдықтар, бал жинау өнімдерін сақтайтын қоймалар салуға, омарта шаруашылығының қажеттері үшін бұ­рын­нан бар орман жолдарын пайдалануға және/немесе жекелеген жағдайларда омартаға уа­қытша қара жолдар тартуға рұқсат етіледі. Атал­ған құрылыстардың шекті мөлшері, түрі және сипаты, оларды құлату (алып кету) тәртібі, тартылатын жолдардың бағыты, ұзындығы және көлемі орман билетінде айқындалады. 15. Орман пайдаланушыға ара ұялары мен омарталар орналастыру үшін берілген учаске мемлекеттік қажеттіліктер немесе мемлекеттік орман қорының санатын өзгеру үшін алып қойылған жағдайда осы учаскені пайдалану пайдалану мерзіміне қарамастан тоқтатылады, бірақ орман пайдаланушыға бұл жайында кемінде бір ай бұрын ескерту жасалуы қажет. Орман пай­даланушыға оның өтініші бұл учаскенің орнына бал жинау маусымы аяқталғанға дейін ара ұялары мен омарталар орналастыруға жарамды басқа бос учаске берілуі мүмкін. 4. Көкөніс өсіру, бақша өсіру және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру 16. Көкөніс, бақша өсіру және өзге ауыл шаруа­шылығы дақылдарын өсіру үшін учаскелер (дәрі-дәрмектік өсімдіктерді, жеміс және жидек дақылдарын плантацияда өсіруді қоса алғанда) мемлекеттік орман қорының ормансыз жерлерінен беріледі. Бөлінген учаскелерде өсі­рілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының нақ­ты түрлері мен алқабы орман билетінде көр­сетіледі. 17. Осы дақылдарды өсіру кезінде пайда­ланылатын жерлер мен қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етпейтін агротехника қол­данылуға тиіс. Қажет емес өсімдіктермен күресу үшін гербицидтер мен өзге химиялық құралдарын пайдалану «Пестицидтердің (улы химикаттардың) қауіп­сіздігіне қоылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 мамырдағы № 515 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Тыңайтқыштар енгізу қолданыстағы агротех­ни­калық нормалар шегінде қамтамасыз етілуге тиіс. 18. Өсіріліп жатқан ауыл шаруашылығы дақыл­дарын суару үшін су ресурстарын пайда­лануды орман пайдаланушылар Қазақстан Рес­публи­ка­сының Су кодексіне сәйкес жүзеге асырады. 19. Орман пайдаланушылар берілген учаскелерде уақытша құрылыстар – күзет үйшіктерін, құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар, өсірілген өнім­ді сақтайтын қалқалар, су тарту құрылыс­тарын салуына, бұрыннан бар жолдарды пай­далануына немесе жекелеген жағдайларда уа­қыт­ша қара жолдар тартуына болады. Бұл құры­лыстардың мөлшері, түрі және мақсаты, оларды құлату (алып кету) тәртібі, сондай-ақ тарты­ла­тын су жүйелері мен жолдардың бағыты, ұзын­дығы және мөлшері орман билетінде айқындалады. 5. Дәрі-дәрмектік өсімдіктер, техникалық шикізат дайындау және жинау 20. Орман пайдаланушылар мемлекеттік ор­ман қоры аумағында дәрі-дәрмектік (жапырақ­тар, гүлдер, жемістер, бүршіктер, қабықтар, тамырлар, шөптердің және бұталардың кейбір түрлерінің түйнектері, қалемшелері) және техни­калық шикізат дайындауды жүзеге асыра алады. 21. Дәрі-дәрмектік және техникалық шикізат дайындауға (жинауға) өсімдіктердің дер кезінде қалпына келуін және олардың қорларының мо­лығып отыруын қамтамасыз ететін көлемде жол беріледі. 22. Дәрі-дәрмектік және техникалық шикі­затты кәсіпшілік мақсатта дайындау (жинау) осы мақсаттар үшін ұзақ немесе қысқа мерзімді орман пайдалануға арнайы бөлінген учаскелерде жүзеге асырылады. 23. Дербес тұтыну үшін дәрі-дәрмектік алуан түрлі шөптер дайындау да (жинау) арнайы бөлінген учаскелерде жүзеге асырылады, бұл ретте орман билетінде дайындау шекарасы (ор­маншылық, жер, орам, телім) көрсетіледі. 6. Жабайы жемістер, жидектер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар мен басқа да азықтық өнімдер дайындау және жинау 24. Мемлекеттік орман қоры аумағында жемістер, жидектер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар және басқа да азықтық өнімдер дайындалады. 25. Балқарағай мен грек жаңғағы екпелерінде шарт негізінде жаңғақ және басқа да жанама пайдалану түрлерін дайындау үшін пай­дала­нушы – заңды тұлғаларға бекітіп берілетін жаң­ғақ кәсіпшілігі аймақтары мен учаскелері оқшау көрінуі мүмкін. 23. Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңы­рауқұлақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау ормандағы жеміс, жаңғақ, жидек өсімдіктері мен саңырауқұлақ алаңқай­ларына зиян келтірмейтін тәсілдермен қатаң белгіленген мерзімде ағаштар мен бұталарды кеспей жүргізілуге тиіс. Жабайы өсетін түрлерді дайындаудың рұқсат етілген тәсілдері орман билетінде көрсетіледі. Генетикалық орман резерваттарының учаскелерінде жемістер, жаңғақтар және жидектер дайындауға (ұдайы молықтырып отыру мақсат­тары үшін дайындаудан басқа) жол берілмейді. 27. Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырау­құ­лақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау үшін берілген учаскелерде орман пай­даланушылар уақытша құрылыстар – қалқалар, қоймалар, күзет үйшіктерін, жемістер, жаң­ғақтар, жидектер мен саңырауқұлақтар, азықтық өнімдер өңдеуге арналған қондырғылар, кептіргіштер салуына, сондай-ақ бар орман жолдарын пайдалана алады. Құрылыстардың, сондай-ақ пайдаланылатын қондырғылардың мөлшері, түрі және мақсаты орман билетінде көрсетіледі. 7. Мүк, қамыс, орман төсендісін және жерге түскен жапырақтарды дайындау 28. Мүк, қамыс, орман төсендісі мен жерге түскен жапырақтарды дайындау оларды құры­лыста, жем өндіруде, мал тұратын қора-жайларда пайдалану үшін және тыңайтқыш әзірлеу үшін және басқа мақсаттарда жүзеге асырылады. 29. Аталған өсімдік шикізатын дайындау қоршаған ортаға зиян келтірмей, орман био­ценоздарының тұтастығын сақтауды қамтамасыз ететін тәсілдермен осы ресурстарды ықтимал алудың ғылыми негізделген нормаларына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 21 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6700 болып енгізілді.