2010 жылғы 26 қараша, Астана қаласы
Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану ережесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Орман кодексiнiң 98-бабына сәйкес, бұйырамын:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану ережесi бекiтiлсiн.
2. «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман қоры аумағында жанама орман пайдалану ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 10 қарашадағы №238 (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде №3253 тіркелген, «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде, 2005 ж. №9-13, 36-құжат жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Ж. Ы. Омаров) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланғаннан бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министрдің м. а. Е.АМАН.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м. а. 2010 жылғы 26 қарашадағы № 730 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында жанама орман пайдалану Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 98-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры аумағында жанама орман пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Жанама орман пайдалануға: шөп шабу, мал жаю, марал және аң өсіру, ара ұялары мен омарталар орналастыру, көкөніс өсіру, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрі-дәрмектік өсімдіктер мен техникалық шикізат, жабайы жемістер, жаңғақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдерді, мүк, орман төсендісін және жерге түскен жапырақтарды және қамыс дайындау және жинау жатады.
3. Жеке тұлғалармен жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрі-дәрмектік шикізат және басқа да жанама орман ресурстарының шекті нормалары мен жинау Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 42 бабына сәйкес анықталады.
4. Жанама орман пайдалану орманға зиянын тигізбей, орман ресурстарын молықтыруға нұқсан келтірмей, осы Ережеге және ормандарды пайдаланудың басқа да ережелері белгілеген мерзімде және тәсілмен жүзеге асырылуға тиіс.
5. Мемлекеттік орман қоры учаскесі бір немесе бірнеше орман пайдаланушыға жанама орман пайдаланудың бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыру үшін берілуі мүмкін.
6. Жанама орман пайдалану мемлекеттік орман пайдаланушы беретін орман билетінің негізінде бір жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді орман пайдалануға беріледі.
7. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде жанама орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 39-41-баптарымен айқындалған тәртіппен немесе негіздемелер бойынша тоқтатыла тұрады, шектеледі және тоқтатылады.
2. Марал және аң өсіру
8. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде марал немесе аң өсіруді жүзеге асыру құқығын беру туралы мәселені қарау үшін өтініш жасаушы (ықтимал орман пайдаланушы) мемлекеттік орман иеленушіге қажетті техникалық-экономикалық негіздемелер мен есептерді, схемаларды, бизнес-жоспарды, жәнеде осы қызметтің қоршаған ортасына әсер етуін алдын ала бағалау материалдарын қамтитын марал фермасын немесе аң фермасын ұйымдастыру жобасын ұсынады.
9. Мемлекеттік орман иеленушінің орман пайдаланудың өтініш жасалып отырған түрін беру туралы шешімі орман билетін беру түрінде ресімделеді.
10. Мемлекеттік орман иеленуші орман пайдаланушы ұсынған материалдарды қарастырып, 30 күнтізбелік күн мерзімінде орман пайдаланушыға орман билетін және мемлекеттік орман қорының учаскелерін береді немесе орман билетін беруден дәлелді түрде бас тартады.
Марал фермаларын немесе аң фермаларын ұйымдастыру үшін орман алқаптары бөлінеді.
Орман пайдаланушының жобасына сәйкес оған берілетін учаскелердің құрамына ферманың жұмыс істеуі үшін қажет шабындық, жайылымдық жерлер енеді. Берілген учаскелерде бағылатын маралдардың саны орман экожүйесіне түсетін ғылыми түрде негізделген жүктелім нормаларынан аспауға тиіс.
11. Орман пайдаланушылар берілген учаскелерде уақытша (қалқалар, күзет үйшіктері, қоршаулар, қашалар, шарбақтар) және тұрақты (зооветзертханаларға және жұмыскерлерді орналастыруға арналған үйлер, аң фермасының жемін сақтайтын тоңазытқыштар, маралды қолда бағып ұстайтын қора-жайлар) құрылыстар салуына болады. Аталған құрылыстардың мөлшері, орналасуы, оларды күтіп ұстау ережелері шартта және орман билетінде көрсетіледі.
12. Орман пайдаланушылар өздеріне пайдалануға берілген учаскелерді өрттен, браконьерліктен қорғайды, пайдаланылатын жерлердің шығымдылығын қалпына келтіру мен арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады.
3. Ара ұялары мен омарталарды орналастыру
13. Ара ұялары мен омарталар үшін учаскелер орман шеттерінен, алаңқайлардан және басқа да орман көмкермеген жерлерден ағаш кесу, орман алаңдарын тазарту, жырту және оларда жылжымалы омарталар үшін тұрақты үлгідегі құрылыстар тұрғызу құқығынсыз беріледі.
Тұрақты омарталар орналастыру үшін учаскелер орман пайдаланушыларға арнайы бекітіп берілген учаскелерден ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде беріледі.
14. Орман пайдаланушыларға ара ұяларын орнатуға және уақытша құрылыстар – күзет үйшіктерін, ара ұяларын, құрал-жабдықтар, бал жинау өнімдерін сақтайтын қоймалар салуға, омарта шаруашылығының қажеттері үшін бұрыннан бар орман жолдарын пайдалануға және/немесе жекелеген жағдайларда омартаға уақытша қара жолдар тартуға рұқсат етіледі. Аталған құрылыстардың шекті мөлшері, түрі және сипаты, оларды құлату (алып кету) тәртібі, тартылатын жолдардың бағыты, ұзындығы және көлемі орман билетінде айқындалады.
15. Орман пайдаланушыға ара ұялары мен омарталар орналастыру үшін берілген учаске мемлекеттік қажеттіліктер немесе мемлекеттік орман қорының санатын өзгеру үшін алып қойылған жағдайда осы учаскені пайдалану пайдалану мерзіміне қарамастан тоқтатылады, бірақ орман пайдаланушыға бұл жайында кемінде бір ай бұрын ескерту жасалуы қажет. Орман пайдаланушыға оның өтініші бұл учаскенің орнына бал жинау маусымы аяқталғанға дейін ара ұялары мен омарталар орналастыруға жарамды басқа бос учаске берілуі мүмкін.
4. Көкөніс өсіру, бақша өсіру және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру
16. Көкөніс, бақша өсіру және өзге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін учаскелер (дәрі-дәрмектік өсімдіктерді, жеміс және жидек дақылдарын плантацияда өсіруді қоса алғанда) мемлекеттік орман қорының ормансыз жерлерінен беріледі. Бөлінген учаскелерде өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының нақты түрлері мен алқабы орман билетінде көрсетіледі.
17. Осы дақылдарды өсіру кезінде пайдаланылатын жерлер мен қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етпейтін агротехника қолданылуға тиіс.
Қажет емес өсімдіктермен күресу үшін гербицидтер мен өзге химиялық құралдарын пайдалану «Пестицидтердің (улы химикаттардың) қауіпсіздігіне қоылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 мамырдағы № 515 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Тыңайтқыштар енгізу қолданыстағы агротехникалық нормалар шегінде қамтамасыз етілуге тиіс.
18. Өсіріліп жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін су ресурстарын пайдалануды орман пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
19. Орман пайдаланушылар берілген учаскелерде уақытша құрылыстар – күзет үйшіктерін, құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар, өсірілген өнімді сақтайтын қалқалар, су тарту құрылыстарын салуына, бұрыннан бар жолдарды пайдалануына немесе жекелеген жағдайларда уақытша қара жолдар тартуына болады. Бұл құрылыстардың мөлшері, түрі және мақсаты, оларды құлату (алып кету) тәртібі, сондай-ақ тартылатын су жүйелері мен жолдардың бағыты, ұзындығы және мөлшері орман билетінде айқындалады.
5. Дәрі-дәрмектік өсімдіктер, техникалық шикізат дайындау және жинау
20. Орман пайдаланушылар мемлекеттік орман қоры аумағында дәрі-дәрмектік (жапырақтар, гүлдер, жемістер, бүршіктер, қабықтар, тамырлар, шөптердің және бұталардың кейбір түрлерінің түйнектері, қалемшелері) және техникалық шикізат дайындауды жүзеге асыра алады.
21. Дәрі-дәрмектік және техникалық шикізат дайындауға (жинауға) өсімдіктердің дер кезінде қалпына келуін және олардың қорларының молығып отыруын қамтамасыз ететін көлемде жол беріледі.
22. Дәрі-дәрмектік және техникалық шикізатты кәсіпшілік мақсатта дайындау (жинау) осы мақсаттар үшін ұзақ немесе қысқа мерзімді орман пайдалануға арнайы бөлінген учаскелерде жүзеге асырылады.
23. Дербес тұтыну үшін дәрі-дәрмектік алуан түрлі шөптер дайындау да (жинау) арнайы бөлінген учаскелерде жүзеге асырылады, бұл ретте орман билетінде дайындау шекарасы (орманшылық, жер, орам, телім) көрсетіледі.
6. Жабайы жемістер, жидектер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар мен басқа да азықтық өнімдер дайындау және жинау
24. Мемлекеттік орман қоры аумағында жемістер, жидектер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар және басқа да азықтық өнімдер дайындалады.
25. Балқарағай мен грек жаңғағы екпелерінде шарт негізінде жаңғақ және басқа да жанама пайдалану түрлерін дайындау үшін пайдаланушы – заңды тұлғаларға бекітіп берілетін жаңғақ кәсіпшілігі аймақтары мен учаскелері оқшау көрінуі мүмкін.
23. Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау ормандағы жеміс, жаңғақ, жидек өсімдіктері мен саңырауқұлақ алаңқайларына зиян келтірмейтін тәсілдермен қатаң белгіленген мерзімде ағаштар мен бұталарды кеспей жүргізілуге тиіс. Жабайы өсетін түрлерді дайындаудың рұқсат етілген тәсілдері орман билетінде көрсетіледі.
Генетикалық орман резерваттарының учаскелерінде жемістер, жаңғақтар және жидектер дайындауға (ұдайы молықтырып отыру мақсаттары үшін дайындаудан басқа) жол берілмейді.
27. Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да азықтық өнімдер дайындау үшін берілген учаскелерде орман пайдаланушылар уақытша құрылыстар – қалқалар, қоймалар, күзет үйшіктерін, жемістер, жаңғақтар, жидектер мен саңырауқұлақтар, азықтық өнімдер өңдеуге арналған қондырғылар, кептіргіштер салуына, сондай-ақ бар орман жолдарын пайдалана алады. Құрылыстардың, сондай-ақ пайдаланылатын қондырғылардың мөлшері, түрі және мақсаты орман билетінде көрсетіледі.
7. Мүк, қамыс, орман төсендісін және жерге түскен жапырақтарды дайындау
28. Мүк, қамыс, орман төсендісі мен жерге түскен жапырақтарды дайындау оларды құрылыста, жем өндіруде, мал тұратын қора-жайларда пайдалану үшін және тыңайтқыш әзірлеу үшін және басқа мақсаттарда жүзеге асырылады.
29. Аталған өсімдік шикізатын дайындау қоршаған ортаға зиян келтірмей, орман биоценоздарының тұтастығын сақтауды қамтамасыз ететін тәсілдермен осы ресурстарды ықтимал алудың ғылыми негізделген нормаларына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 21 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6700 болып енгізілді.