Қазақстан өзінің ОПЕК алдындағы міндеттемелерін орындауға кірісті, деп хабарлады «Астана» телеарнасы елдің Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Құлмұрзиннің айтуынша, қаңтар айынан бастап, еліміз мұнай өндіру көлемін мұнай картелінің мәжілісінде айтылғандай, тәулігіне 20 мың баррельге қысқартты. Алайда министрлік өкілі өндіріс қысқартылған кеніштердің аттарын атамады.
Осыған дейін ведомство басшысы Қанат Бозымбаев Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарындағы кеніштер туралы айтқан болатын. Ол жерлерде мұнай өндіру көлемі табиғи түрде азайып келе жатқан.
«Біз 20 мың баррельге аз өндіреміз. Жыл соңына дейін ОПЕК мүшелері мен оның байқаушы елдерінің кездесуі болады. Сонымен қатар тағы бірқатар кездесулер болып, олардың барысында бақылау тетіктерімен қатар одан арғы іс-қимыл жоспары да сөз болады. Олар ықпал етеді ме, нәтижесін береді ме, ол жағын біз білмейміз. Ең құрығанда бір ай күте тұру керек»,-деді Қуандық Құлмұрзин.
Белгілі болғанындай, өндіріс көлемін Сауд Арабиясы қысқартты. Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, әңгіме тәулігіне 486 мың баррель туралы болып отыр. ОПЕК мүшелері 30 қарашада өткен мәжілісте тура осындай көрсеткіш бойынша келісті.
Айта кетейік, картель мүшелері өндіріс көлемін тәулігіне 1 млн 200 мың баррельге қысқартуға келісті. Яғни 32 миллионға дейін қасқарту туралы айтылды. ОПЕК елдеріне кірмейтін Қазақстан сияқты елдерге келетін болсақ, олар мұнай өндіруді тәулігіне барлығы 558 баррельге қысқартуға келісті. Оның негізгі салмағын Ресей өзіне алды. Ол өндірісті тәулігіне 300 мың баррельге азайтатын болды. Әзербайжан 35 мыңға, Мексика 100 мыңға қысқартуға келісті.