07 Қаңтар, 2017

Оралдан 167 мың текше метр қар шығарылды

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Оралда 6 қаңтар күнгі мәлімет бойынша қала аумағынан 167 633 текше метр қар шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бұл өткен жылғы осы кездегіден 4 есе көп. Күн сайын коммуналдық қызмет кәсіпорны 4500-ден 5500-ге дейін текше метр қар шығаруда. Кәсіпорын тәулік бойы екі ауысымда қызмет атқаруда. Күн сайын 120 арнайы техника, сыйымдылығы үлкен 90 «КамАЗ» көлігі, 300-дей адам қар тазалаумен айналысуда. 15 тонна құмды-тұзды қоспа алдын ала әзірленді. Қар тазалау жұмысын үйлестіру үшін қала 20 аумаққа бөлініп, оған әкімдіктің жауапты қызметкерлері, «Жайық Таза Қала» ЖШС бригадирлері, жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары бекітілген. Қажет кезінде құрылыс және жол пайдалану кәсіпорындарының техникалары тартылуда. «Осыған орай жергілікті полиция қызметі, коммуналдық кәсіпорын, жеке пәтер иелері кооперативтері, басқа да мүдделі ұйымдар басшылары мен өкілдерінің басын қосып, оларға қар тазалау жұмысын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар қала тұрғындары да өз ауласын қардан тазалауға белсене үлес қосқаны жөн», деді бұл жөнінде қала әкімі Нариман Төреғалиев.