Энциклопедиялық білім жинап, дүниенің ілімін меңгеру үшін Гарвардта оқу міндетті емес сияқты. Сырдария ауданының Айдарлы ауылында тұратын Асан Рүстембеков ақсақалды көргеннен кейін осындай ойға тоқтадық. Сеніңіз не сенбеңіз, ол кісі айына 28 кітап оқиды екен. Сонда жылына 336 кітаптың бетін төңкереді деген сөз. Өзі бір жылда 365 күн болса, соның 29 күнінде ғана көзі демалатын болып тұр ғой.
Айдарлыда осындай ақсақал тұрады дегенді естіп, арнайы бардық. Жұмыс бөлмесіне кіріп келгенімізде, сөреде қаз-қатар тізілген кітапқа алдымен көзіміз түсті. Ең қызығы, жерде, шкафтың үстінде сарғайған газет-журналдарды көріп таңғалдық. Қарияның қоржынында 1960 жылдан бергі басылымдардың барлық тігіндісі сол күйінде сақталған. «Мен өзі қағаз жыртқан адамды жек көремін. Газетті жыртқанды адам өлтіргенмен бірдей санаймын. Қолыма түскен газет-журнал, кітаптардың шетін бұзғызбай сақтаймын», дейді. «Жұлдыз» журналының 1978 жылы шыққан нөмірі тұр. «Лениншіл жас» пен «Ленин жолының» барлық нөмірі бар шығар-ау. Мынау тұрған соның бір ширегі ғана дейді Асан ақсақал. Қалғаны... үйдің төбесінде жинаулы жатқан көрінеді.
Орта мектепті 12 жылда бітірген, 1 сыныпты үш жыл қатарынан оқыған Асан Рүстембековтің кітапқа деген құмарлығы 1955 жылдан басталса керек. Онда да білімсіздігінен орнында қалмаған. Айдарлыға сегіз шақырым жерден қатынап оқыпты. Қатынағанда да, жаяу. Күніне 16 шақырым жолды еңсеріп жүріп білім алған. Бұл да білсем, өмірді танысам деген жанкештіліктің бір белгісі шығар. Ең алғаш оқыған кітабы «Қазақстанның 28 батыры» деген туынды екен. Әскерге барғанда да құр жүрмейді. Орысша кітаптар оқиды. Білімін арттырады. Ауылға келгесін Айдарлы, Жетікөл, Амангелді, Махамбетов, Бесарық ауылдары мен Тасбөгет кентінің кітапханаларын тауысады. 1996 жылдан бастап облыстық Әбділдә Тәжібаев атындағы әмбебап кітапхананың тұрақты оқырманына айналады. Ұзын-саны қанша кітап оқығанын сұрап едік. Нақты санын білмейтін болып шықты.
Бүгінде 81 жасқа келген қария оқыған дүниелерінен конспект жасайды. Жұмыс үстелінде 36 кітапша тұр. Әрқайсысында әртүрлі сала бойынша оқыған кітаптарынан нақыл сөздер мен нақты фактілерді тіркеп отырады. Бұл 36 кітапша 2000 жылдан бері қарайғысы ғана. Оған дейінгілері кәдімгі дәптерге жазылған. Бөлек сақталып тұр. Мысалы, «Жұмбақ» деп аталатын кітапша бізге ерекше әсер етті. Мұны ол кісі балалары мен немерелеріне арнайы жасаған сияқты. Айталық, бір кітаптан әлдебір деректі кездестіреді де соны жұмбақ ретінде жасырады. Ал жауабын кітапшаның соңына жазады. 714 жұмбақ жасырылыпты. Мектеп оқушыларына ойын ретінде жасырып, таным-түсінігін арттыруға таптырмайтын құрал екен.
Мұнан бөлек, спорт, медицина, философия, саясаттану, тарих, география салалары бойынша бөлек-бөлек кітапшалар жинаулы тұр. «Оқыған-тоқығаныңыз мол, көрген-білгеніңіз бар, өзіңіз кітап жазуға ынталы емессіз бе?» дейміз біз бүгінде әркімнің кітап жазып, түрлі шығармаларды шығарып жатқанын меңзеп. Сөйтсек, ақсақал: «Кітап деген магнит сияқты адамды өзіне тартып тұруы керек. Ал олай жаза алмасаң кітаптың қадірі кетеді. Мен олай қасиетті дүниенің қадірін қашырғым келмейді», дейді.
Асан Рүстембековтің кітап сөресіндегі дүниелерді қарап отырмыз. Байқаймыз, әр кітаптың мазмұнының тұсында бір белгі бар. Қол қойылған сияқты ма, әлде өзінің жеке таңбасы ма, бірдеңе. Мұның да сырын сұрадық. «Бір оқыған дүниемді қайта оқымауым үшін ойлап тапқан нәрсем ғой. Соңына ойымды жазып, қолымды қоямын. Сонда бұл кітап оқылды деген сөз», дейді қария күліп.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал қазір кітап оқуды сиретіпті. Өйткені, көзі нашарлаған. Оның үстіне соңғы жылдары қатты сырқаттанып, екі рет пышаққа түсіп, мазасы қашыпты. Дегенмен, арасында лупамен кітап оқиды екен. Ал осыған дейін жинаған кітаптарының біразын балаларына таратып беріпті.
Айтпақшы, кітап сөресінде қаптаған қаламсап көрдік. Оншақты құтыға салынған қаламсаптың барлығы таусылған. Дей тұрғанмен, болашақта бала-шағам қолымның табы қалған қаламсаптарды көзіндей көрсін деп сақтап жүр екен. Ерінбей санап шықтық. 208 қаламсап тұр екен. Бұл да өзінше бір қызық хобби боп көрінді. Жалпы, Асан Рүстембеков кітап оқуды, одан туған ойлары мен нақыл сөздерді тізіп конспект жазуды, таусылған қаламсаптарын жинауды өзінің хоббиі, күнделікті әдеті санайды. Осының өзінен оның қарапайымдылығы байқалады. Десек те, өте білімпаз адам екені бірден аңғарылады. Бірде Айдарлыға Мұхтар Шаханов келіпті. Екеуі аз-кем сұхбаттасқаннан кейін Мұхаң «Академик ауылда тұрып жатыр екен ғой» деп таңғалыпты. Айтса айтқандай-ақ екен.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы,
Айдарлы ауылы