«Ел іші – өнер кеніші» деген рас қой. Ауыл-аймақтарда қаншама өнерлі жастар табиғи талантын жарқырата алмай, тасада қап жатқаны белгілі. Біреуінде жағдай жоқ, тағы бірінде қолдау жоқ. Сондықтан Жамбыл жеріндегі жаңа, жас талант иелерін анықтап, насихаттау, олардың шығармашылық шеберлігінің шыңдалуына қолдау көрсету мақсатында биылғы жылдың басында «Жаңа есім-2016» кастингі жарияланған болатын.
Эстрада, дәстүрлі орындаушылар, музыка аспаптары, айтыс ақындары бойынша өткен бұл байқаудың алғашқы кезеңінде ауыл-аймақтардан барлығы 300-ге жуық өнерпаз қатысыпты. Соның ішінен 42 үміткер суырылып шығып, екінші кезеңнен кейін жетеуі үздік деп танылды. Міне, осылайша Ғабит Бірімқұл (Шу ауданы), Сейілғазы Тәңірберген (Жамбыл ауданы), Жансая Сәрсенбаева (Т.Рысқұлов ауданы), Амина Ибрагимова (Жамбыл ауданы), Әсел Сүндет (Жамбыл ауданы), Әділет Тұраров (Тараз), Нұрдәулет Қойшыманов (Байзақ ауданы) арнайы дипломмен және «Жаңа есім-2016» аталымы белгісімен марапатталды.
– Бұл әншілерге арнайы тәлімгер тағайындалып, оларды сахнаға дайындау, репертуар таңдау, жаңа әндерге тапсырыс беру үшін сазгер мен ақындар іздестіру, аранжировка, жаңа есімдердің имиджін қалыптастыру жұмыстарын атқаратын болады, – дейді Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев.
«Жаңа есім-2016» жеңімпаздары арнайы ұйымдастырылған гала-концертте өз өнерлерімен қалың көрермендерді тәнті етті. Тағы бір айтары, осы жобаға арнайы «Жаңа есім» әнін жазған сазгер мен жеңімпаздар орындаған жаңа әндердің авторлары қонақ ретінде шақырылып, халық қошеметіне бөленді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы