09 Қаңтар, 2017

Мүмкіндігі шектеулілерге мүмкіндік

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
dsc_0015Қостанайда  мұқтаждығы бар мүгедек балалар үшін психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылды. Бұл мүгедек бала өсіріп отырған ата-аналардың зор қуанышына айналды. Қоғам қайырымдылықтан кенде емес, түрлі шаралар өтіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балаларға  көмек қолын созатындар аз емес. Алайда мүгедек  бала өсіріп отырған ата-ананың өз проблемасымен өзі бетбе-бет қалатын кездері аз болмайды. Себебі мүгедек баланы дамыту кейде тек қаржыға емес, заманауи жабдықтар мен әдістемелерге,  мамандар көмегіне зәру болады. Ал Қостанай өңірінде осындай көмекке зәру он мыңнан аса бала бар. Олар тұрып жатқан жергілікті жерлерде, ауылдарда, тіпті аудан орталықтарында оларды дамытатын орталықтар жеткіліксіз, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан, «Дара» қорының  жобасы аясында Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен мұқтаждығы бар мүгедек балалар үшін психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетін ашуы алдымен ауру бала өсіріп отырған ата-аналардың қуанышына айналды. Арнайы орталықта дефектолог, психолог, логопед, тифлопедагог, сурдопедагог, массажист секілді мамандар жұмыс істейді. Әр каби­нет баланы дамытудың әдістемесіне орай заманауи жаб­дықтармен жабдықталған. Онда Монтессори бөл­ме­сі­, денешынықтыру залына дейін бар. – Біз ерекше мұқтаждықтары бар балалар маман­дар қыз­метін тегін пайдалануы үшін түзеу орталықтарын аша­мыз. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың өскен­де  өмірден өз жолын табуына іргетас қалайды. Маман­дар­ды оқытып,  елімізде инклюзивті  білім беру ісін енгізуді қолдап келеміз, – деді «Дара» қорының құрыл­тай­шысы Гүлнар Досаева. Қазірге дейін психологиялық-педагогикалық түзеу ка­бинетіне дамуында ауытқулары бар  7 жасқа дейінгі 125 бала жазылды, мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі 150 балаға дейін қамтуға мүмкіндік бар. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ