Әлеуметтік желі бұл күндері көпшіліктің, оның ішінде, әсіресе жастардың көп отыратын, бір-бірімен танысып, көңіл жарастыратын, пікір алмасып, сыр бөлісетін орнына айналса, біреулерге ғылым, білім жолындағы ізденістеріне, енді біреуге бизнесін дамытуға көмек беруімен өзіне тартып, сан-салалы мүмкіндіктер ашатын аясы мол мінберге айналған.
Әркім өзіне керегін табады, қалауының қарымын алады дегенмен, ойы толысқан, кемеліне келген үлкен адамнан гөрі, жасөспірімдер мен жастар арасында осы түпсіз әлемнің тұңғиығы тартып кетіп, шыға алмай жататындар да табылады.
Ғаламтор енгізген терминнің бірі – кибербуллинг. Желіде отырып дос табумен бірге, оның оңдырмайтын зардабының барлығы жайында айтылып та, жазылып та жүр. Соның ішінде бұғанасы қатпаған, ойы жетілмеген жастың психикасына қатты әсер ететін жасөспірімдер арасындағы виртуалды террор – кибербуллинг деп аталады. Кибер – ғаламтор, ал буллинг дегеніміз – ағылшыншадан аударғанда сүзу, сүзісу, мүйіздеу дегенге жататын ұғым. Адамның жүйкесіне тиетін сөздер, түрлі болжамдар айтып, тіпті сен өлуге тиіссің деп миына арнайы бағдарламалар енгізу сынды қатыгездіктер дағдылы көрініске айналып барады. Электронды пошта, әлеуметтік желілер мен мобильді байланыстар арқылы жасалатын психологиялық шабуылды көтере алмаудың салдары өте ауыр болуы мүмкін екен.
Дәрігерлер «Снежана синдромы» деп аталған ауруды туғызған да әлеуметтік желі. Белград тұрғыны жасөспірім Снежана Павловичтің өзінің әлеуметтік желідегі жазбасына бірде-бір «досының» үн қатпағанына қатты қапалануы оны психологиялық ауытқуға соқтырып, ақырында Снежана жүйке аурулары ауруханасынан бір-ақ шығады. Осылайша дәрігерлік тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген жаңа ауру түрі тіркеліп, оған «Снежана синдромы» деген атау беріледі.
Виртуалды әлемде танымал болуға тәуелділік, сол үшін түрлі әрекеттер жасау, өзінің әлеуметтік ортада маңызға ие екенін сезінуге ұмтылыс пен нақты өмірдің қабыспауы жасөспірімнің қалыптаспаған психологиясына теріс әсер етіп, оның салдары ауыр ауытқуға алып келеді екен. Өзін күнделікті ортада томаға тұйық, елеусіз ұстайтын жас, әлеуметтік желіде ойын еркін айтады, өйткені сөйлесіп отырған адамын көрмей отырғандықтан еш қысылмайды, сондықтан мейлінше ашық, мейлінше өзгеше кейіпке енгеннен алған ләззаты оны күнделікті өмірден алшақтатып, жасөспірімді гаджетпен компьютердің ерікті түрдегі «тұтқынына» айналдырады.
Тіпті кейде «Снежана синдромына» шалдығу үшін өте көп әрекеттің де қажеті шамалы көрінеді. Бір фотосуретін салу арқылы сұлусың, әдемісің деген сөздердің жиі жазылуы, лайктың үнемі басылып тұруының өзі жеткілікті көрінеді, оның үстіне аккаунт иесі әрбір жазбасын әзілмен тұздықтап қойса, онда оның жазбалары танымалдыққа алып келеді екен де, егер виртуалды әлемдегі «Мен» мен нақты өмірдегі «Меннің» айырмасы болмай кетсе, тіпті виртуалды әлемдегі «Мен» басымдық танытса, ол жоғарыдағы диагнозды қоюға алып келуі әбден мүмкін екен.
Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданушы Ержан Тәліп «Бүгінгі таңда көп ата-аналар баламды ештеңеден тарықтырмай, қатарынан кем қылмасам болды деп таңертеңнен кешке дейін тынбай жұмыс істеуге мəжбүр. Кешке үйіне зорға жетіп, сүрініп құлайды да, баласының əлеуметтік желіде кімдермен қандай тақырыпта сөйлесіп жүргенін білу тұрмақ, қандай әлеуметтік желіге тіркелгенін де, тіпті өмірдегі достарының кім екенін де білмейді. Осыдан келіп, баланың теріс жолға түсіп кетуі, тіпті теріс ағымдағы топтардың жетегінде кетуі мүмкін. Бұл тұрғыда желінің тек бір балаға немесе бір отбасына ғана емес, ұлтымызға қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан, ата-ана баласының қай ƏЖ-ге тіркелгенін, қандай жазбаларды оқып жүргенін, кімдермен дос екенін, қандай топтарға мүше екендігін жіті қадағалағаны абзал», деген ойын айтса, ұстаз Жанар Жұмағұлова «ӘЖ-дің пайдасы мен зияны бірдей тәрізді, кейде балалар үлкендердің көруге батылы бармайтын қорқынышты, тіпті кейде жиіркенішті, жантүршігерлік дүниелерді шімірікпей көре беретінін байқауға болады, бұл адамдарды қатыгездікке баулу деп санаймын», десе, Еркебұлан Жаулыбаев үйде отырып-ақ әлемнің кез келген түкпіріндегі адаммен әп-сәтте хабарласуына жағдай туғызған бүгінгідей технологияның адамзатқа сыйлап отырған мүмкіндігін айта келіп, «Бұрын ұялы телефон, интернет болмаған кезде адамдар қалай өмір сүрген а?!» деп таңданып қоятынымыз бар. Иә, жұмысымызды жеңілдеткен технологияның мүмкіндіктері мол. Бірақ біз олардың көлеңкелі тұсына мән бермей жүрміз. Ұялы телефонның зияны жайында көп айтылып келеді. Ал интернеттен келетін қауіп одан да қорқынышты. Қазіргі таңда интернет жастардың басты ермегіне айналды. Кез келген уақытта, кез келген жерде қосылып алып, өз алдына виртуалды әлемде жүретіндер көбейді. Сөздің, достың қадірі жоғалып барады. Әлеуметтік желілерде байланыс орнатудың түрі көбейген сайын оған қызыға түскендердің қатары артуда. Әлеуметтік желіде мың досы бар жандардың шынайы өмірде сыр бөлісе алатын жалғыз жолдасы да жоқ.
Виртуалды әлемді өзі танымайтын, өзі көрмеген досының мақтауына семіріп, өзін керемет жан сезінетіндер жұртпен араласудан қалып барады. Көбінесе жастар ешкім кедергі келтірмесін деген оймен интернетке, әлеуметтік желіге түнде көбірек қосылады. Соның салдарынан күндіз меңіреу, селқос жанның күйіне түседі. Әлеуметтік желіге тіркелгендер көп жағдайда өзі туралы мәліметті ашық жаза береді. Ал мұндай мәліметті қылмыскерлер пайдаланып кетуі ғажап емес. «Ертең мен ауылға кетемін, дүйсенбіде кездескенше, достар!» деп парақшасына жазып кеткен бір аңқау жігіт ауылдан оралса, үйін тонап кетіпті. Дүние кетсе мейлі, өмірімен қоштасып жатқандар да жоқ емес», деп көңіліндегі түйткілін ашына да ашыла жазады.
Жалпы, интернетті қолданудағы саясат қандай болуы тиіс? Оны белгілі бір дәрежеде реттеп отыратын тетіктер қажет емес пе деген де ой келеді. Мысалы, кейбір деректер бойынша, Сирияда әскери шиеленістерге қатысқан сарбаздардың 2 мыңнан астамын олар әлеуметтік желі арқылы түрлі елдерден жинап алған екен.
Сайттарды таңдап, пайдалану адамның өзіне байланысты. Мысалы, фейсбукта елге танымал адамдар көбірек отырады. Онда жағымсыз дүниелер салыстырмалы түрде алып қарағанда аз. Жалпы, қандай сайтта да жақсы адамдармен араласқан дұрыс. Айналаңның аурасы жақсы болса, өзің де жақсара түсесің. Неғұрлым мәдениетті адамдар көбірек шоғырланған сайтты таңдасаң, өзіңді де, өзгені де жаман қылықтардан тиып үйренесің.
Бүгінде бірқатар шенеуніктер әлеуметтік желіге тіркеліп, кейбір мемлекеттік мекемелер өз парақшаларын ашқан. Ал өзіме әлеуметтік желі танымалдылық əкелді. Оны жасырмаймын. Таныстар көбейді. Білімімді жетілдірдім. Жылдам ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік мол. Жаманына жоламай, жақсы тұсын тиімді пайдаланғанға не жетсін!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»