09 Қаңтар, 2017

Елу елді мекен ауыз сумен қамтылмақ

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Симонов Орал қаласындағы «Квант»,  «Стройкомбинат» және «Гидроприбор» ЖШС өндірістік кәсіпорындарының жұмысшы қызметкерлерімен кездесіп, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында алға қойылған мәселелердің  орындалу барысы жөнінде әңгімелеп берді.  Сонымен бірге, ол бүгінгі күні Парламент Мәжілісінде 83 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына, оның 51-і бірауыздан мақұлданып, Сенатқа тапсырылғанына, соның ішінде 34 заң жобасына ел Президентінің қол қойғанына тоқталып өтті. Бұ­дан соң Сергей Анатольевич Пар­ла­мент Мәжілісінде нақты осы Батыс Қазақстанға қатысты қандай шешім­дер белгіленгеніне екпін түсірді. Оның айтуынша, биылғы жылы Ақжайық аймағындағы 50 елді мекен ауыз сумен қамтылмақ. Бұған қоса, республикалық бюджеттен 4 орта мектеп салуға қажетті қаражат бөлінген. Мұның өзі об­лыстағы мектептердің бәрін бір ауы­сымдық оқыту жүйесіне кө­ші­ру мақсатынан туындап отыр, деп атап көрсетті Мәжіліс депутаты. Сергей Симонов сайлау­шы­лардың бірқатар сұрақтарына жауаптар қайтара келіп, тағы да ойға түскен мәселелерді жеткізгісі келсе, ел азаматтары үшін Парламент сайты қашанда ашық екенін айтты. Яғни, тұрғындар осы сайтты ашып кіріп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кез келген Парламент депутатының атына сауал қоя алады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы