Жақында Шымкенттен жеткен суыт хабар жүрегі мейірімге тұнған әрбір жанға ауыр соқты. Ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, Аружан есімді бөбек жарылыс салдарынан опырылып ортасына түскен үйдің үйіндісінің астынан еш жері зақымданбай, дін-аман табылған.
Апыр-ай, «Естімеген елде көп» демекші, мұндай да болады екен-ау. Қалада қараусыз қалған сәбилердің терезеден, биік қабатты үйлердің самалдығынан жазатайым құлап кетіп, бірақ ауыр дене жарақаты болмауынан тез арада айығып, аяғынан тік тұрып кеткендерін жыр ғып тамсанып жазатын әріптестеріміздің өзі мына жағдайға тап болғанда, әлдебір құдіреті күшті тылсымның арқасында аман қалған сәбидің денсаулығына, тосын жайттың жай-жапсарын білмекке алаңдағаны шындық. Сөйтсе, қазіргі болжам бойынша үйдің құлауы газ-ауа қоспасының жарылысынан орын алған көрінеді. Бөпе бөленген бесіктің үстінен төбенің едәуір бөлігі опырылып түсіпті. Абырой болғанда, сәбидің көрер жарығы бар екен. Құдайдың құдіретімен бесіктің жақтауларының мығымдығы құлаған қаңқаға қалқан болып, нәрестеге түк те етпеген. Жазатайым жарылыстан көңілге медет етер жұбанышымыз тек осы ғана. Қирандының астында баланың туған анасы жантәсілім еткен. Құдай тағала жарық дүние сыйлаған сәбидің мұнан кейінгі тағдырына алаңдаған сәтте, енді анасының омырауын емірене иіскей алмайтынын ойлап, көңілді шимай ойлар шырмауықша матағанда, жүрегің қарс айрылып, жаның ауырады, әрине. Қайғылы оқиғаның салдарынан тағы төрт бірдей кісі зардап шексе, шырт ұйқыда жатқан нәрестені үйіндіден осы маңда тұратын Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің қызметкері Руслан Бахрамов есімді азамат шығарып алғаны мәлім болды. Дүйім жұрт құлағдар болып үлгерген хабарды мұнан әрі қайталап, жараның аузын қайта қасығаннан не пайда? Ондай ойдан аулақпыз. Біз бұл жерде сәбиді өлімнен құтқарып қалған қазағымның қасиетті бесігі туралы айтуды мақсат тұттық. Өзінің төл құндылықтарынан қарадай жеріген, бесік жырынан қол үзген кейбір отандастарымыздың бетін ұлтымыздың баға жетпес байлықтарына қайтарсақ деген ниетпен сөз етіп отырмыз. Әдетте, мұндайда сәбиді періштесі қорғап қалыпты деспей ме ел. Ал енді осыдан кейін ата-бабаларымыздың кейінгі үрім-бұтағына аманаттаған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қалайша сүймей тұра аласыз. Қазақта ежелден бесік қасиетті, құтты мүлік болып саналғанмен, кейінгі уақытта қалалық отбасылардың баланы бесікке бөлеуді ескіліктің сарқыты деп есептеуі белең алып барады. Тіпті, дәрігерлердің айтуынша, сәбидің денсаулығына, қалыпты өсуіне бұл едәуір зиянын тигізетін қауіпті мүлік-мыс. Білгенге – маржан, білмеске – арзан-ау. Ұлы даланың бүкіл тәрбие-тамыры осы бесік жырының қайнарында бүлкілдеп соғып тұрғанын сол жазғандардың қаперлеріне де ілмейтіні қандай аянышты. Сырттан төнетін түрлі қауіп-қатерге төтеп беруде қазақтың бесігінің қаншалықты қайратты әрі қуатты екенін осы бір ғана мысалдан кейін тағы немен түсіндіру керек?! Бесік жырымен балбырап өскен балғын шаққа не жетеді, шіркін! Толғауы тоқсан тіршілікте бесік туралы аңыз-әпсаналар, әңгімелер көл-көсір. Бірақ бүгінгі өмірдің мына мысалы бұрынғы қазақы қағидалардан ат қазығымызды мүлде аулаққа ала қашатын жөніміздің жоқтығын еске салып тұрғандай. Құдайдың құдіретінде шек жоқ-ау, дейсің кейде. Осыншама қирандының астынан бір нәзік сәуленің жарқ етіп, үкілі үміттің үзілмей қалғанына тәубе айтуыңа тура келеді. Жұрт бесіктің беріктігіне, мығымдығына қайран қалысуда. Мән берсек, шынымен солай-ақ. Ал бірақ алақанға алынбайтын, көзге шалынбайтын тылсымның құдірет-күші бұдан әлдеқайда терең қабатта бүктеулі, сақтаулы. Қазақ халқы бесікті жайдан-жай құрмет тұтпаған, өйткені, бесік баланың тазалығына, денесінің дұрыс дамып, жетілуіне, жайлы жатып, жабықпай тұруына өте пайдалы. Бұлар ежелден бәрімізге мәлім қырлары, ал беймәлім жақтары, түбіндегі асыл маржандары мұнан да көп-ау деген сыр түйдік ажалдың өзіне дес бермес құдіретті қасиетін сезінген сәттен бастап.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»