10 Қаңтар, 2017

Мәңгілік ел руханиятымен асқақтайды

1114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

serik-negimov

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» атты жалпыұлттық бағ­дарламасының ішкі мазмұнын, сы­рын, рухын, басты шарттарын жі­­лік­теп-жіктеп, пайым-пара­сат­пен толғап, «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­­­сының Тәуелсіздігі – Мәңгілік Ел­­­дің Ұлы тарихы», «Тәуелсіздіктің өмір­­лік философиясы – Мәңгілік Ел» және де осы бір алтын идеяның өзе­­­гінде «тарихтың, мәдениеттің, тіл­­­дің бірлігі» де жарқын көрініс та­­­­бары сөзсіз деп қадап айтты, қа­­сиет­ті ұғымның түп-төркінін кө­­р­е­ген­­дікпен, кемеңгерлікпен нақ­тылап берді.

«Мәңгілік Ел» ұғымының тарихы Түркі қағанаты заманынан (552-745 жылдар) бастау алады. Яғни, ұлы жырау Йоллығ – тегін туындатқан Күлтегін жазуында «Мәңгі елдігіңді сақтайсың, онда түркі халқы тоқ», «Ел ұстап, төрелік еткен», «Ел болсын», «Ел басшысы» дейтін нұсқа сөздер қашалып жа­зылған. Ғасырлар тұңғиығында адам­­зат өркениеті тарихындағы ұлы құ­бы­лыс ретінде есептелетін түр­кі жаз­ба ес­керткіштерінде Түркі қа­ға­натының байтақ территориясы, мем­ле­кеттік идеологиясы, тілі, әскері, құқықтық жүйе­сі, тарихы, дәстүрі болғаны келісті баян­далған. «Мәңгілік Ел» мұраты – зайырлы қоғам құру. Елбасы «ұлттың танымын да, тарихын да толғайтын сөз «Мәңгілік Ел болуы керек» деп жазды өзінің «Ұлы Дала ұлағаттары»дейтін салиқалы еңбегінде. Осы орайда Ұлы Дала елі – Мәң­гілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан дей­т­ін ұғымдардың бір-бірімен терең та­мыр­ластығын қапысыз танытқан.Сондықтан да «Мәңгілік Ел» атты ғы­лыми-зерттеу институтын ашу кө­кей­кесті мәселе болса керек-ті. Бұл инс­титут мынандай мәселелерді, атап айт­қанда, қазақ халқының руха­ния­ты, тілі, тарихы, дәстүрі, этнография­сы, архео­логиясы, географиясы, экологиясы, өнері, мәдениеті, құқықтық-конституциялық жүйесі, сот билігі, билер институты, абыздар институты, батырлар институты, шежіретану, дала демократиясы мен философиясын қам­тып, Елбасы айтқандай, «Ұлы Далада тұр­ған мәңгілік ескерткіштеріміз» – «та­рихи-рухани оқулықтарымыз» жан-жақ­ты, толық зерделенуге тиіс. Мәселен, мемлекет басқару, ел би­леу өнеріне қатысты Шыңғыс хан­ның «Ұлы Жасағы», Құбылай хан заманының «Ақ тарихы», 1640 жылғы «Моңғол-ойрат заңы», (атап айтқанда, ел билеушінің а) үш ұлы қызметі, ә) төрт ұлы билігі, б) тоғыз ұлы рәміздері, в) алты ұлы өсиеті, г) жеті ұлы ілімі, әз Тәуке хан ұйымдастырған «Жеті Жарғы» құқықтық-конституциялық құжаттарындағы өміршең қағидалар, ұстанымдар қолданысқа енгізілуге тиіс. Ұлт руханиятының беломыртқасы ұлт тілі – терең тамырлы, сан сипатты тарихи-мәдени құбылыс. Абай «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз» дегенде осы бір күрделі жайтты меңзеген. Асы­лы, қазақ тілінің сөздік қорында мың­­жыл­дықтардың сыры мен құпиясын сақ­таған сөз-ұғымдар, сөз-образдар, сөз-символдар бар. Мәңгілік Елдің мың қырлы Мәңгілік – қазақ тілінің тарихын куәландыратын, атап айтқанда, Атилла, Естеми, Күлтегін, Шыңғыс хан, Әмір Те­мір заманын толғаған тарихи әдебиеттерде «Қаған», «Баһадүр», «Хан», «Түмен», «Ноян», «Жасақ», «Тор­сық», «Мерген», «Көбеген» (Ұлы хан­ның ұлдары), «Тархан», «Мәңгі», «Жарлық», «Құрт», «Арба» «Мұхит», «Теңіз» дейтін сөздер бар. Алаш көсемдері шоғырланған Абай атындағы ҚазПИ-де 1930-жылдарда «Халық тілі», «Жазбалар мен ескерткіштер», «Мұрағаттау мен деректану» дейтін пән­дер оқытылған. Бұл өнегелік бас­таманың басты себебі – ұлт ру­ха­нияты, тілі, мәдениеті, тарихы ежел­гі за­мандардан басталатындығын терең та­нығандықтан. Этнограф Жағда Баба­лық­ұлының (1917-2010) «Тіл қорын жи­найық» деген байыптамасында былай деген: «Қытай біздің жыл са­науымыздан 2 ғасыр бұрын жинай бас­таған. Содан бері Қытай халқының бір ұлылығы бар – әрбір патшасы, мейлі наданы, мейлі ғалымы бар, өз дәуірінде бір-бір тіл қорын жинатып, сөздік жасатып кетеді. Мао Цзэдун уақытында 1956 жыл мен 1964 жылдың арасында он жыл 264 мың адамға ақша беріп, ай­лық беріп жинатыпты».  Мінеки, пат­риотизм деген осы. Грек тілінде 5 млн, ағылшын тілінде 490 мың сөз бар. Ал біздегі жүз томдық «Бабалар сөзі» ғы­лыми айналымға түсіп, тарихи, мә­де­ни, этнографиялық, әдеби, тілдік, әлеу­мет­тік, философиялық тұрғыдан та­разыланған жоқ. Бұл да «Мәңгілік Ел» институтының келелі бір ісі болмақ. Негізінде, ұлы мақсатты діттейтін «Мәң­гілік Ел» атты ғылыми-зерттеу ин­с­­титуты Қазақстан Республикасы Пре­зиденті немесе Үкіметі қасында ұйым­дастырылуға тиіс. Задында, Мәңгілік Елдің мұраты – ұлттық тарих пен руханиятты, халықтың даналық, ізгілік қағидаттарын, дәстүр қуа­тын ұлттың интеллектуалдық әлеу­етін көркейтуге қызмет еткізу!

Серік  НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері