18 Наурыз, 2011

Ұлттық парктің ұлық міндеті

577 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Табиғат-ананы аялап, оның қой­науындағы байлықты көздің қара­шығындай сақтау, оны қоғам игілігі үшін тиімділікпен пайдалану осы іске жауапты мемлекеттік органдар­дың тікелей міндеті болғанымен, бұл шарадан адамзат баласы қалыс қалмауға тиісті. Өйткені, қоршаған орта мен орман-көлдерді қорғау  ғаламдық проблема ретінде күн тәртібінен түспей келеді. БҰҰ шешімімен биылғы жылдың Бүкіл­әлем­дік орман жылы болып жария­лануы да сондықтан. Біз «Көкше­тау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің бас директоры Хұсайын Савазовтан көпшілікті толғандырып отырған мәселелерге қатысты өз ұжымында атқарылып жатқан жұ­мыстар жайлы әңгімелеп беруін өтінген едік. – Табиғи кешендерді аялап сақ­тау айрықша қорғалатын табиғи ай­мақтардағы құрылымдардың ең бас­ты міндеті болып саналады. Осы­ған орай былтырғы жылы біздің мемлекеттік ұлттық парк аумағында ор­ман және табиғат қорғау заңдылық­та­рының бұрмалануын анықтау мақсатында 491 рейд пен тексеріс өткізілді,–деді бас директор Хұ­сайын Хәкімұлы Савазов әңгіме тиегін ағытып. – Бұлардың қорытын­ды­­лары бойынша 577,9 мың теңгеге әкімшілік айып салынып, оның 521,3 мың теңгесі өндіріліп алын­ды. Сол сияқты басқа да тәртіп бұзушылықтар жөнінде тиісті шаралар қолданылды. Ал, жыл ішінде атқарған жұмыс жайына келсек, деді ұлттық парк басшысы одан әрі, осы мерзімде жоспарланған алдын алу, профилак­тикалық шаралардың бәрі толығы­мен орындалды деуге болады. Жекелей тоқталар болсақ, 370,5 шақырымға минералдандырылған жолақтар салынып, бұрынғысын қосып есептегенде, осындай 1965 шақырымдық жолаққа күтім жасал­ды. Ауылшаруашылық құрылымда­рына 153 ғылыми ұсыныстар мен нұсқаулықтар, 410 дана үнпарақтар таратылды. Әртүрлі тақырыпта жүз­ден астам семинарлар өткізіліп, лекциялар оқылды. Көктемгі егіс уақытында «Фитосанитария» мемлекеттік кәсіпорнының күшімен 1758 гектар алқапқа орман зиянкестеріне қарсы «Димилин-48%» және «Геркулес» препараттарымен өңдеу жүргізіліп, басқа да биологиялық шаралар атқарылды. Біздің мақсат – орман алабының селдіреуіне жол бермеу. Өткен уақыт аралығында жоспардағы 125 гектардың орнына 134 гектар алқапқа ағаш көшеттерін отырғы­зып, оның 56 пайызы бойынша оң нәтижеге қол жеткіздік. Оның үс­тіне, қалғандарының орнын толты­ру үшін тағы да 45 гектар алаңға қосымша жас өскіндерді отырғызу ісімен айналыстық. Жыл ішінде жоспардағы 575 килоның орнына 605 кило жапырақты және қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының түрін дайындап, 4880 кило қарағай бүрлерін жинадық. Оның барлығы қайта өңдеу үшін өзіміздің бүркеп­тіргіш қоймаларда сақталуда. Ұлттық парктің қарауында аума­ғы 19 гектар тұрақты, 2,3 гектардай уақытша орман питомниктері бар. Инвентаризациялау талаптары бойын­ша оларда 175 мың дана бір­жылдық және 1004 мың дана екіжылдық стандартты екпе көшеттері күтімге алынған. Оның үстіне 10 мың гектардан астам алқапта орман күті­міне қатысты барлық шаралар жүргізіліп, ағаш кескіндері, басқа да қалдықтар жинап алынды. Әдеттегідей, аралық пайдалану үшін ағаш кесу, оны дайындау Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің орман және аң шаруашылығы комитетінің арнайы рұқсаты негізінде жүргізілуде. Бізге жасалып жатқан көмектің көлемі де артып келеді. Мысалға, өткен жылы жал­пы сомасы 4554,0 мың теңгеге биотехникалық шаралар, соның ішінде, жабайы аңдарды қорғауға – 1722,5 мың, олардың санының есебін жүргізуге – 296,3 мың, қысқы маусымда аңдарды қосымша азық­тандыруға – 1552,7 мың, аңшылық-шаруашылық және балық шаруа­шы­лығы саласын нығайтуға тиісінше 6125,5 мың және 367,0 мың теңге қаржы жұмсалды. Биылғы қысқы кезеңде жабайы аңдарға арнап 21900 дана азықтық сыпыртқы, 64,5 тонна шөп дайындалып, 44,0 тонна құрамажем және 6,3 тонна тұз сатып алынды. Науқанға дайын­дық барысында 47 астауша, 52 сортаң алаң, 66 қоршау тәртіпке келтіріліп, қосымша 16 азықтан­дыра­тын алаң, 9 қойма жабдықта­лып, екі бақылау мұнарасы тұрғы­зылды. Еңбегіміз еш кетпегенін де айтуға тиіспіз. Яғни, бұрнағы жыл­мен салыстырғанда, былтыр тек аңшылық шаруашылығынан ғана кәсіпорнымыз 4070,8 мың теңге таза пайда тапты. Нақтылай келсек, жылдық өсім 32 пайызға жетсе, спорттық-әуесқой аңшылықтан кірген кіріс 3320,4 мың теңгені құрады, ал балық аулаудан 750,4 мың теңге пайда алынды. Жануарлар әлемін пайдаланғанымыз үшін республикалық бюджет есебіне 506,7 мың теңге мөлшерінде қаржы аудардық. Тағы бір айта кететін мәселе, біздің еншіміздегі «Зеренді балық өсіру орталығы» мемлекеттік мекемесі негізінен балықтың «Сигтік» түрлерінің уылдырықтарын, «Тұ­қы» балығы мен оның түр-түрін көбейтумен айналысып келеді. Сол себепті, қазан-қараша айларында инкубациялау үшін 100,1 миллион дана балық уылдырығы дайындал­ды. Бұл алдыңғы жылдағыдан 20,7 пайызға көп. Осы ретте, бізде уыл­дырық дайындау екі су қоймасында – Зеренді және Жақсы-Жалғызтау көлдерінде жүзеге асырылатынын айтқым келеді. Мысалға, былтырғы жылы зауыттық әдіспен тұқының 6 миллион дана шабағы алынды. Сон­дай-ақ, Зеренді көліне балық­тың осы түрінің 1 миллион дана шабағы шашылып, 5 миллиондайы өсіп-жетілгенге дейін тоғандарға жіберілді. Сөйтіп, тұқы сегоклетка­ла­ры­ның 200 мың данасы Зеренді көліне тоғытылса, 53 мың данасы өзге әріптестерге сатылды. Бұл жұмыстар биыл да елеулі өсіммен атқарылатын болады. Ұлттық паркімізде Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты мамандарымен бірлесе оты­рып «Айрықша қорғалатын табиғат аймақтарындағы қарағай көшетте­рінің жайы және олардың экология­лық-экономикалық әлеуеті деген тақырыпта ғылыми зерттеу жүр­гізілгендігін де айта кетуіміз қажет. Жыл сайынғы «Парктер маршы» акциясы кезінде экологиялық вик­ториналар, көңілділер мен тапқыр­лар сайыстарын, байқаулар, конференциялар, тақырыптық кештер өткізілуде. Сол сияқты, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыста­рының білім мекемелерінде табиғат қорғау тақырыбына лекциялар, әңгімелер ұйымдастырып, табиғат мұражайларындағы кездесулерді дәс­түрге айналдырудамыз. «Парктер маршы-2010» республикалық бай­қауы­ның қорытындысымен біздің ұжым Орман және аңшылық ша­руашылығы комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы ретте ұлттық паркіміз экологиялық акцияларды, басқа да тәлімдік шараларды «Экос», «Эко-Көкше» қоғамдық бірлестіктерімен, жоғары оқу орындарымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізетініне екпін түсіргім келеді. Өлкеміздің тартымдылығын арт­ты­руда да айтарлықтар жұмыстар атқарылды. Өткен жылы «Көкше­тау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің аумағында туристік сапармен 25 мыңнан астам адам болды. Қазіргі уақытта бізде 17 туристік маршрут, соның ішінде жаяу жүр­гін­шілерге арналған – 12, автобуспен саяхаттың – 3 және екі су маршруты жұмыс істеуде. Қа­рауымызда бір мезгілде 433 адам демалатын алты мекемеміз де бар. Биылғы Жолдауда атап көрсетіл­геніндей, қоршаған ортаны қорғау, қолда бар табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен оны молайту басты міндет саналады. Сондықтан, алдағы уақытта да өзімізге жүктел­ген абыройлы міндеттердің үдесі­нен шығуға күш салатын боламыз. Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ, журналист, Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.