10 Қаңтар, 2017

Тәттіден түсетін табыс толастамайды

573 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
218912-kiznierskaia-konditierskaia-fabrika-1280x768Бала кезімізде әжелеріміздің бар тәт­тіні сандықтың түбіне түйіп, «қонақ келгенде қоямыз» деп сары май­дай сақтайтыны есімізде. Үл­кен­­д­ер­­дің көзін ала бере қол жетер жер­дегі кәмпит-печеньеге «ұрлық­қа» түскен күндеріміз де тәтті есте­лік­терді еске түсіреді. Мұн­­­дағы айт­­пағымыз, қазақтың әр ша­­ңы­­ра­ғы кондитерлік өнімдерден кен­­де емес. Құда-жекжат тұрмақ, көр­­ші-қолаң есігімізден енсе, дас­тар­­ханы­мызда құрығанда бір уыс кәм­пит тұрады. Бұл – қонаққа деген құр­меттің, ілтипаттың белгісі. Осын­дай ниетпен әр үйден табылатын тәтті еліміздегі кондитерлік өнім­дер­дің өтімділігін де ұлғайтып отыр.  

Кәмпитімен танылған кәсіпорындар

Қазір қонақ күткенде ғана емес, жай күндері де кішкентайларымыз кәмпит-печеньеден құралақан қалмайды. Сонау тоқырау жылдарында да тұраламаған «тәтті» нарығымыз бүгінде қанатын қашық­қа сермеген. Кондитерлік өнім­дер­дің экспорты алыс-жақын елдер­дің біразын қамтиды. Бұл жайында сәл кейі­нірек, алдымен еліміздегі тәтті­мен табысын еселеп жүрген компа­ния­­лар­дың бірнешеуін тізе кетсек. Айта­лық, «Қазалы кәмпиті». Бірнеше жыл бұрын ғана Нұрбек Қазбергенов есімді жас кәсіпкер патенттеп, кірпіш зауыты­нан өндірілетін ащы кәмпитті көп­ші­лікке қайта ұсынған. Бұл өндіріске мем­лекет тарапынан қолдау жасалып, «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» ба­ғ­дар­ламасы аясында 18 миллион тең­ге көлемінде несие бөлініпті. ЖШС бү­гін­­де Қытайдан, Ресейден жет­кізіл­ген со­ны технологиялармен жабдық­та­лып, өнім­дерімен ел өңірлерін қамтуға асығуда. «Қарағанды конфеттері» АҚ та – тағам өнімдері өндірісінде алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Фаб­рика бір жылда кондитерлік өнім­дердің 247 түрінен 12 мың тонна өнім шығарады. Өткен жылы ғана 60 жылдығын тойлаған кәсіпорын 1996 жылдан бастап-ақ жаңа нысандармен толық­қан.  «Қарағанды конфеттері»  «Лиса Алиса», «Артемон», «Буратино» кәм­­пит­­терін, вафли, торттардың оннан ас­­там түрін және басқа да тәттілерді өн­дi­редi. Кондитерлік өнімдер шығара­тын компаниялардың көш басында­ғылары­ның бірі – «Баян Сұлу» да көпшілікке мәлім. Бүгінде мұнда тәттінің 200-ден астам түрі шығарылады. Есігін ашқанына отыз жылдан асқан фабрика тұтынушыларын ең тәтті және сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Шегелей айтарымыз, елімізде ірге қалап, тәттінің түр-түрін өндіретін фаб­ри­­ка­лардың тізімін одан әрі де жалғай беруге болады.  

«Рахаттың» тәттілері – Универсиада төрінде

«Рахаттың» тәттілерінен дәм татпа­ғаны­мыз кемде-кем шығар. Жетпіс жылдық тарихы бар кәсіпорын 3500-ге тарта адамды жұмыспен қамтыған. Алматы мен Шымкент қалаларында орна­лас­қан  «Рахат» АҚ өнімдері Қазақ­стан нарығында ғана емес, шеткері ай­мақ­тарға – Ресей, Өзбекстан, Тәжік­стан, Қырғызстан, Германия, Қытай, Ауғанстан аумағына да тарайды. ТМД-дан өзге де елдер тарапынан «Рахат» өнімдеріне деген сұраныстың артуына орай, компания өндіріс көлемін ұл­ғайту­ды және экспорт көлемін кеңейтуді жоспарлауда. Атап өтерлік жайт, «Рахат» АҚ – сусамыр (диабет) ауруынан зардап шегетін адамдарға арнап арнайы өнім шығаруды игерген Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын. «Тәтті» компа­ния­­ның тағы бір өзгешелігі – сан қилы және айрықша шоколад өнімдерін шығаруға басымдық танытуы. Жақында ғана ірі кондитерлік өнім­дерді шығарушы АҚ пен биыл өтетін Дүниежүзілік 28-қысқы Универсиаданы ұйымдастыру мен өткізу дирекциясы ынтымақтастық туралы келісімге келді. Соның негізінде кәсіпорын Универ­сиаданы 8,5 тонна шоколад, вафли және печеньемен қамтамасыз етпек. «Шетел­дік спортшылар байрақты бәсе­ке аяқтал­ған соң, отандарына осы компа­ния­ның өнімдері – шоколадтар мен кәм­питтерді өздерімен бірге ала кетеді деп ойлаймыз», дейді дирекция дирек­торы­ның орынбасары Камила Лұқпанова.  

«Қазақ лизингтің» қоржыны немесе Сәкеннің саудасы

Қазақстанның кондитерлік өнімдері өткен жылдан бері Қытайдың Шэньси провинциясында сатыла бастады. 35 миллионға жуық тұрғыны бар аймаққа отандық өнімді «Қазақ лизинг» компаниясы апарған. Бүгінде көрші елдегі коммунистік партия «Қытай халқына құнарлы тағам» деген ұранмен қоспасыз азық-түлікке мән беруде. Құрғақ порт саналатын Сиань қаласына жеткізілген қазақстандық тәтті өнімдер интернет-дүкендер арқылы да саудаланып жатыр. Ал біздің өнімді сатып алған қытайлық компанияның Шэньси провинциясында мыңға тарта сауда нүктесі бар. Жергілікті сатушылар қоспасыз өнімге сұраныс жоғары болатынына сенімді. Жақында әлеуметтік желіден осы секілді жағымды жаңалықты көзіміз шал­ған. Сәкен Сүлейменов деген қан­дасымыз Қазақстан тауарларын ту алыс­тағы АҚШ-та саудалап жүр екен. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы осыдан тоғыз жыл бұрын жаңа құрлыққа кеткен. Ол алғаш­қы төрт жылында жүк көлігімен тауар тасымалдағанын айтады. Содан кейін Брук­лин дүкендерін балмұздақпен қам­та­масыз етіп, жеміс-көкөніс сатқан. «Кейін­гі бес жылда үш-төрт түрлі бизнесте өзімді сынап көрдім. Соңғы идеям мен үшін тіпті сәтті болды. Қазақстанда жасал­ған тауарларды Бруклиндегі дүкен­дерге жеткізумен айналысамын. Әсі­ресе, «Рахат» пен «Баян Сұлу» конди­тер­лік фабрикаларының өнімдері үлкен сұ­ранысқа ие. АҚШ елшілігі мұрын­дық болған «BeshintheUSA» флеш­мобы қазақтың қазысына деген сұра­нысты бірнеше есе арттырып жіберді», депті Сәкен.  

Кондитерлік өнімдеріміз Орталық Азияны қамтуға қауқарлы

Бейресми деректерге сүйенсек, әрбір қазақстандық жыл сайын кон­дитер­лік өнімге шамамен 10 мың теңге жұмсайды екен. Ал нанның адам басына шаққандағы жылдық шығыны – 5 мың теңге. Мамандар мұндай салыс­тырым нәтижесінде «тәтті» импортты алмастыру өте маңызды екенін айтады. Тіпті, Қазақстан Орталық Азия елдерін кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етуге қауқарлы көрінеді. Расында, еліміздің кондитерлік өнімді экспорттауда мүмкіндігі зор деуге негіз бар. Өйткені, Орталық Азиядағы Өзбекстан мен Тәжікстанда, бұдан бөлек, Ауғанстанда тәтті нарқының тегеуріні төмен. Сонымен қатар, біздің өнімдерді Ресей аумағында пұлдаудың да мүмкіндігі баршылық. Тәтті нарықтағы басты бәсекелес­теріміздің бірі Украина болатын. Ал өткен жылы түрлі себептермен ол жақтан келетін тауарлардың көлемі 40 пайызға дейін қысқарып, екі ел арасындағы тауар айналымы 30 пайызға кеміді. Бұл ахуал да жоғарыдағы пікірімізді қуаттай түсетіні сөзсіз. Демек, Қазақстанның «тәтті нарығы» табысын еселей бермек. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»