Өткен жылы шығыстағы су тасқынынан зардап шеккен бірнеше аудан тұрғындары биыл Наурызды мәнді де сәнді етіп атап өтпек
Уақыт неткен жүрдек! Былтырғы 18 наурыздан бері бір жыл зымырап өте шығыпты. Шырайлы Шығыстың сәні мен мәні кетіп, тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде алғаш рет Наурыз мерекесі аталып өтпеді. Неге? Себебі белгілі, дәл сол күні Тарбағатай ауданының Көкжыра, Жәнтекей, Қызылкесік ауылдарында күннің күрт жылынуынан қатты су тасқыны болып, төрт жүзден астам тұрғын үй қирап қалды. Қызылжұлдыз және Көктүбек ауылдарында да тасқын судан қоралар зардап шегіп, мал шығыны болды. Апат айтып келмейді дегендей, ауа райы күрт жылыған соң енді облыстың басқа аудандарында да судың деңгейі көтеріліп, барлығы 24 елді мекен тұрғындары апаттан қатты зардап шекті. Осындай сын сәтте Елбасы мен Үкімет басшыларының қамқорлығы мен көмегіне Кенді Алтай тұрғындары үміт артқан еді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үшін қарбалас күндер мен түндер басталды. Жарғақ құлағы жастыққа тимеген өңір басшысы апат болған күні су тасқыны болған Тарбағатай ауданының елді мекендерін өз көзімен көріп қайтты. Апат зардабы сұмдық, бір Тарбағатайдың өзінде мектептер мен әлеуметтік ғимараттар, төрт жүзден астам тұрғын үй, жүздеген мал қоралары мен көпірлер қирап, мыңдаған мал қырылды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкімет мүшелерін шұғыл жинап алып, шығыстағы су тасқыны зардаптарымен танысты. Тез арада апат зардаптарын жою үшін Үкімет комиссиясын құрып, қажетті қаржының бөлінетінін, облыс тұрғындарының сын сәтте сабырлылық сақтап, су тасқынынан зардап шеккендерге техника, адам күшінің бөлінетінін айтты. Артынша-ақ Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бастаған жедел топ шығыстың Тарбағатай, Зайсан аудандарының су басқан ауылдарында болып, жағдаймен танысты. Министр В.Божко бастаған топ шығын мөлшерін анықтады. Іле-шала өңірге Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов пен В.Божко тағы келді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге апат болған аудандарды аралап шыққан соң алдағы күндерде атқарылатын жұмыс көлемін белгіледі. Шығын мөлшері аз емес. Үкімет комиссиясы жөндеуге жатпайтын 585 үйді анықтады. Су тасқынының екінші «толқынынан» кейін тағы 83 тұрғын үй істен шықты, 386 үйді жөндеу қажет. Апат болған аймақтарда 23 көпір істен шығып, 177 шақырым жолды су шайып кеткен, төрт денсаулық сақтау ғимараты және үш мектеп салу керек. Тұрғындар 23,3 мың бас малынан айырылып қалды.
Абай, Аягөз, Күршім, Ұлан, Тарбағатай аудандарында зардап шеккен адамдардың тұрғын үйлерін салу үшін Үкіметтің резервінен 4 миллиард 943,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның дені өткен жылдың қарашасына дейін игерілді. Білім және ғылым министрлігі қаржы көзін іздестіріп, Күршім және Тарбағатай аудандарындағы Барақ батыр және Жәнтекей ауылдарында екі орта мектептің құрылысын бастауға қаржы бөлді. Соның нәтижесінде екі мектеп те пайдалануға берілді. Қазір Көкжыра ауылындағы орта мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Сөз реті келгенде айта кету керек, былтыр аталып өтпеген Наурызды биыл тарбағатайлықтар ел есінде қалатындай атап өтуді ұйғарып отыр. Мәселен, 22 наурыз күні Жәнтекейде 12, ал Көкжыра ауылында 15 киіз үй сап түзеп, Наурыз тойының сәнін келтірмек. Өңір басшысы Б. Сапарбаев бастаған топ Наурыз мерекесі күні Жәнтекей мен Көкжырадағы жаңа мектептің салтанатты ашылауына қатысып, тұрғындармен жүздеспек. Ең бастысы, құрылысшыларға үлкен алғыс, қатал қыста жаңадан салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар сыр берген жоқ, сапалы салынған соң жылы болды. Бұл туралы тұрғындар айтады.
– Соңғы бес-алты күнде біздің өңірге жиырма сантиметрдей қар түсіп қалды. Негізінен алғанда биылғы қар былтырғыдан да қалың. Қауіптеніп отырғанымыз рас, бірақ сақтықтың шараларын жасап жатырмыз. Су басады деген жерлерді бекітіп, биіктеттік. Күндіз-түні су басатын аумақ қатаң бақылауда. Ал Наурыз тойын мәнді де сәнді етіп тойлауға себептер жоқ емес. Ел-жұрт аман, қытымыр қыстан аман шықтық, – дейді Тарбағатай ауданының әкімі Сіләмбек Әзімханов.
– Өткен жылы зайсандықтар су тасқыны салдарынан Наурызды тойлай алмаған еді. Қазір аудан тұрғындары «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 тарту» бастамасымен игі шараларды жүзеге асыруда. 3 ауылдың мектептері жылыжайда көкөніс өсіріп жатыр, әлеуметтік ғимараттарға жөндеу жасалып, жаңадан бірнеше тұрғын үй салынуда. Айдар Барысов сүт зауытының құрылысын аяқтап қалды. Өңірге есімі белгілі облыстық мәслихаттың депутаты өткен жылы су тасқыны зардаптарын жоюға белсене атсалысып, көрші Тарбағатай ауданында көпір, жолдарды салған, ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденін омырауына таққан Болат Нұрасыл және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қуат Әбжанов металл конструкциялары зауытының құрылысын бастамақ. Қазір ел еңсесі көтеріліп қалды, сондықтан да Наурыз мерекесін есте қаларлықтай атап өтпекпіз. 30-ға тарта киіз үй тігіліп, халқымыздың салт-дәстүрін жаңғырту ойда бар. Наурыз тойына Алматыдан белгілі әншілер Бауыржан Омаровты, Шаһизаданы және жергілікті өнерпаздарды шақырып, тұрғындардың еңсесін көтереміз, – дейді Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
Осыдан бірер ай бұрын Барақ батыр ауылындағы жаңа мектептің ашылуына барған едік. Оған облыс әкімі Б Сапарбаев қатысып, құрылысты тез әрі сапалы салған аудандық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Ержан Сқақовқа, ауыл тұрғындарына алғысын айтты. Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов былтырғы су тасқыны кезінде керзі етікпен толарсағынан су кешіп жүріп Маралды және Күршімдегі су басатын қауіпті аймақтарға бөгет жасағанын көзбен көрген едік. Қараторғай ауылында да бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілді. Зайсан және Көкпекті аудандарының әкімдері Ә.Мұқтарханов пен Д.Мусин сын сәтте халықпен бірге болды.
Денсаулық сақтау министрлігі де сырт қалмай, апат аймақтарында төрт дәрігерлік-амбулаториялық пункт салу үшін 385,2 миллион теңге қаржы бөлді. Еліміздің көптеген облыстары су тасқыны кезінде қаржылай көмек көрсетті, қажетті техникаларды жіберді. Мемлекет малдарынан айырылып қалған жандарға небәрі екі пайыздық өлшеммен несие берді. Жалпы Шығыс өңіріне мемлекеттен 10 миллиард теңгеге жуық қаржы түсті.
Өткен жылдың қыркүйегінде су тасқыны болған Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында болып, жаңадан салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарды көрген Елбасы аға дәрігер Жәміш Биғазинамен сөйлесіп, мұндағы жаңа қондырғылардың сапасына қызығушылық танытты. «Қазір мұндай шетелдік қондырғыларды облыс орталығынан табу оңай емес», деді. Елбасы небәрі үш-төрт айда Көкжыра ауылында салынған 210 үйдің сапалы екеніне оң баға беріп, құрылысшыларға ризашылығын білдірді. – «Әкімдеріңіз Бердібек Сапарбаев менің тапсырмаларымды мұқият орындап, үнемі сіздердің жандарыңызда болды. Сын сәтте қиындықтарды жеңіп шыққаны үшін және іскерлігі мен біліктілігі үшін алғысымды айтамын», – деп қолын қысты.
Сонымен, адамдар табиғат апатымен күресте жеңіске жетті. Небәрі үш-төрт айда су тасқыны орын алған 24 елді мекенде 535 тұрғын үй, үш мектеп, төрт отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынды. Зардап шеккендерге 25 үй мен 83 пәтер сатып әперілді. 17 шақырым электр жүйелері, екі көпір пайдалануға беріліп, 481 шақырым жол жөнделді. 401 ұңғыма бұрғыланып, 56 су құбыры іске қосылды. Зайсан ауданының Тасбастау ауылында 18 тұрғын үй, Көкпекті ауданының Самар ауылында тасқыннан зардап шеккендерге бірнеше пәтер сатып алынды. Көңілдері көтеріңкі ауыл тұрғындары Наурыз мерекесін қайта тойлау арқылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына лайықты тартулар әзірлеуде. Қазір облыстың барлық аудандарында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 тарту» бағдарламасы бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Туған жерге тағзым» акциялары, апта сайын Өскемен мен Семейде, аудандарда өтіп жатқан ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкелері де халықтың ертеңгі күнге деген сенімін ұлғайта түсуде.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.