Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан мен алдымдағы шәкірттің бойына патриотизмді, ұлтжандылық қасиетті барынша сіңіру мақсатында әр сабақта Отан, ел, жер, тіл, ұлт тақырыптарымен қоса адамгершілік, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық жайында сөз қозғап, оқушылардың өзіне ой түйіндетуге тырысамын.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санасын қамшылауы керек», дегендей, сол азаматтың қалыптасуының алғашқы сатылары отбасы мен білім ошағында өтеді. «Отан – отбасынан басталады» демекші, патриоттық тәрбиенің ең алғашқысы да отбасында өтеді. Бала ең алдымен үйде ата- анадан көрген тәрбиемен уызданады. Одан соң балабақша, мектеп сияқты білім ошақтарында оны әрі қарай дамытады. Сондықтан бала санасына адамгершілік, құрмет, сыйластық, сүйіспеншілік қасиеттерін сіңіру әрбір ата-ана мен ұстаздың міндеті.
Оқушының шынайы өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда, рухани жан-дүниесін байытуда қазақ тілі мен әдебиет пәнінің орны ерекше. Өйткені, қазақ тілі бала тілінің дұрыс жетіліп, әдеби тілде сөйлеуін үйретсе, әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын үлкен құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз.
Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын танытады, мінез-құлқына ықпал етеді, бүкіл өміріне әсерін тигізеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем шығармаларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады. Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі сабағында түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалы мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпы тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы, т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы баланың әдебиетке деген құлшынысы арттырылады. «Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер» деп Ж.Аймауытұлы айтқандай, сабақ беруді өнер деп бағалау өте орынды. Соның ішінде әдебиет сабағы – асыл сөз, өнер сабағы. Осы асыл сөз өнерін меңгерген бала келе-келе терең ойға, таза сезімге беріле алады, шабыттанады, өмірге деген қызығушылығы артады, болашаққа деген сенімі нығаяды.
Баланың бойындағы алғашқы патриоттық рух бастауыш сыныпта ертегі кейіпкерлеріне еліктеуден бастау алады. Мәтіннің мазмұнына сай кейіпкер суретін салады, бұл кейіпкерді не үшін ұнататынын айта алады. Жас ерекшелігіне қарай бұл жеткілікті. Енді орта буындағы 5-сынып оқушыларына келгенде пән мұғалімі үлкен жауапкершілікті сезінуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені, баланың ерлік туралы алғашқы сезімі отаншылдық рухқа ұласады. Батырлар жырын оқыту кезінде біз олардың бойындағы Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін әртүрлі әдістер арқылы меңгертеміз. Мысалы, Махамбеттің өр рухты жырлары арқылы да патриоттық сезімді, ұлттық болмысымызды, ата-бабаларымыздың асыл қасиеттерін оқушы бойына сіңіре аламыз. Сондықтан сабақта олардың өздерін жеке тұлға ретінде сезінуі үшін топтық жұмыстар жүргізу, деңгейлік сұрақтар қою, ой-толғаулар жаздыру, оларды үнемі қолдап отыру, ретін тауып мадақтап отыру – бүгінгі оқушының жан-дүниесін тәрбиелеудің тиімді жолдары.
5-сыныпта Ә.Тәжібаевтің «Толағай» ертегісін өткенде, оқушылар кейіпкер бойындағы ерен күші, халқының жолында өзін құрбан еткен ерлік істері олардың қызығушылықтарын оятты. Өздерін Толағай сияқты сезіну үшін «Егер сен Толағайдың орнында болғанда не істер едің?» немесе «Халықты қиындықтан алып шығудың қандай басқа жолын табар едің?», «Осы жағдайда Толағайдың шешімі дұрыс па?» деген сияқты оқушыны ойландыратын, қиялына ерік беретін сұрақтар беру арқылы олардың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін тереңдетуге болады. Мұндай сабақта мұғалімнің басты мақсаты – оқушыларды дербес ойлауға, өз бетімен ізденуге, шешім қабылдай алуға баулу. Осындай ізденіске бағытталған жұмыстар оқушының сабаққа селқос қарамауына, ықыласын оятуға, қабілетін ашуға септігін тигізеді.
Мұғалім берген тапсырманың ыждағатпен орындалуын қадағалау ата-ананы да бей-жай қалдырмаса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені техника дамыған заманда оқушылардың әдеби кітаптарды оқуға уақыты тапшы. Сондықтан ата-ана мен ұстаз оқушы тәрбиесінде бірігіп жұмыс істесе ғана нәтиже шығады. Бүгінгі жастар арасындағы көрініс беріп жүрген жағымсыз әрекеттерден осы әдеби шығармаларды оқытып, ұлт тарихын терең меңгертіп, халқымыздың биік рухты ерлік қасиеттерін насихаттау арқылы балаларымыздың бойында патриотизмді қалыптастырамыз деп ойлаймын.
Еліміздің ертеңі – бүгінгі мектеп қабырғасындағы шәкірттеріміз ұлтжанды болып өссе, біздің еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болып қалары сөзсіз.
Жанат ӘКІШ,
№ 49 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
АСТАНА