Біз бүгінгі таңда ғылым мен техника дамыған, өнер-білімнің түрлі саласында тың жаңалықтар аса қарқынды үрдіспен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қоғамда заманына сай ұрпақ тәрбиелеп, жетілдіріп шығару үшін жан-жақты білім және тәрбие берумен айналысу өте жауапкершілікті іс екендігі баршамызға аян. «Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді», деген Ы.Алтынсариннің көрегендікпен айтқан пікірінің қазіргі уақытта да маңызды болып отырғаны шындық.
Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт. Ендеше, заманына лайық мұғалім болу үшін не істеу керек? Меніңше, қазіргі заманға лайық мұғалім болу үшін бірнеше түрлі қасиеттер әркез біздің бойымыздан табылып отыруы тиіс. Ол үшін мұғалім мейірімді де қамқор және талап қоя білуі керек, ұстаз бен шәкірт арасында ынтымақты қарым-қатынас орнығуы тиіс, мұғалім мен оқушы бір-біріне құрметпен қарауы керек, мұғалім өз кәсібінің маманы болумен бірге, өзге де пәндерді жақсы меңгеруі қажет. Себебі, балалар өз мұғалімін «бәрін біледі» деп ойлайды. Сол үшін де мұғалімнің біліміне ешқашан шек келтірмейді.
Атақты педагог А.Сухомлинский «Оқушыларды ортақ интеллектілік, ақылақтық, эстетикалық, қоғамдық-саяси мүдделер біріктіреді», дейді. Шынында да мұғалім өз үлгісі арқылы ғана оқушыны талпындыра алады. Мұғалімнің балалар алдындағы беделі жоғары, бейнесі жарқын болуы тиіс. Яғни, мұғалімнің балалар алдында әрбір сөйлеген сөзі, жасаған әрбір іс-қимылы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысына дейін оқушыларға ұнамды немесе ұнамсыз жағынан қайтсе де өз әсерін тигізіп отыратындығы даусыз ақиқат.
Мұғалім психолог та бола білуі керек. Алдымызға келген әрбір баланың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстап, соған сәйкес тура шешім қабылдап, олармен жиі-жиі сұхбат өткізіп, сырлас досындай жақындық танытып, ыстық ықыласпен ақыл-кеңес айтып, көңіл-күйлерін игере білсек, демек, тәртібін жақсартып, оқуға ынталандыра білеміз. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдалануы, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығарамыз.
Жалпы, білім негізі бастауыш сыныптан қаланады. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдеріне бұл бағытта жоғары талап қойылуы да заңды. Мектеп табалдырығын аттаған әр баланың келешегі өзімізге байланысты екенін түсінуіміз қажет. Ұстаздық қызметте босаңсуға болмайды. Себебі, Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығудың» арасында үлкен жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл өте мәртебелі де жауапкершілігі жоғары міндет екені сөсіз.
Белгілі қазақстандық психолог М.Мұханов «Білім дегеніміз – тиісті обьектілер туралы алған хабар. Ол адамның басында қалыптасып, сақталып отырады», дейді. Әрине, білімнің адам басында сақталатыны рас. Бірақ, оны сақталу дәрежесіне жеткізу үшін қаншама іс-әрекеттердің орындалуы керек екенін ұмытпауға тиіспіз.
Қорыта айтқанда, қазіргі заман мұғалімі дегеніміз шын мәнінде кемелді ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік мақсат-мұраты санайтын, өзгелерге өнер-білім үйрете жүріп, өзі де үйрене жүретін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуы қажет.
Жанаргүл МАҒЗЫМОВА,
№40 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
АҚТӨБЕ