Қазіргі таңда қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне енуі аясында педагогтың жеке тұлға ретіндегі бейнесі, оның кәсіби біліктілігі айрықша мәнге ие болуда. Оқу орнындағы педагог білім беру үрдісін жаңартудағы басты тұлға. Бүгінгі өмір талабына лайық білім беру жүйесін қарқынды жаңғырту үрдісі бағытындағы игі істер ел дамуының стратегиялық міндеттерімен, «Мәңгілік Ел» идеясымен ұштасып жатқаны айқын.
«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығыраққа тірелері анық», деген ойды ел Президенті бекер айтпаса керек. Сол себептен, білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы міндеттерді іске асыру мақсатында «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі – педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың мазмұнын әлемдік және отандық тәжірибе негізінде жаңарту жұмыстарын атқарып, оңтайлы мазмұнды істерді жүзеге асыру. Институт ұжымы «Тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие берудің педагогикалық-психологиялық аспектілерін негізге ала отырып, кәсіби дағды мен педагогикалық дарыны қалыптасқан, шығармашылықпен жұмыс жасайтын жаңа формация мұғалімін қалыптастыру» шығармашылық тақырыбымен қызмет жасайды. Атырау облысы филиалының қызметкерлері облыс педагогтарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде.
Орталық құрылғанға дейін біліктілікті арттыру институтында, курс аралығында педагогтардың іс-әрекетін бағалауға арналған кері байланыс болмады. Қазір оқытушы мен тыңдаушылар іс-әрекетіне жаңаша талдаулар жасалуда. Институтта заманауи білім беру, білім мазмұнын жаңарту талабына бағытталған жаңа кафедралық жүйе, ғылыми-әдістемелік әлеуетін жетілдіру, педагогтар біліктілігін арттыру ісі қарқын алуда. Оқытушылардың жаңа форматтағы дәрістерімен қатар, тыңдаушылармен курс кезінде және курстан кейінгі мерзімдерде курс тиімділігінің сапасын бағалау бойынша кері байланыс орнады. Қазіргі уақытта сапаға көңіл бөлініп, жаңашылдық басымдығы күшейтіліп, сонымен қатар, жаңарған және жетілдірілген білім беру модульді бағдарламалармен жұмыс жүргізіледі. Әзірлемелердің модульдік тәсілі курстардың мазмұны жаңаруының тиімді жолы болып отыр.
Курс бағдарламасының барлық модульдерінде белсенді оқыту әдістерін қолдану қарастырылған. Бағдарламаларда басымдық негізінен тыңдаушыларды оқытудың практикалық бөліміне беріліп, аудиторияда өткізетін тәжірибелік сабақтармен қатар, жаңашыл, тыңдаушыларға бірлескен көшпелі тәжірибелік сабақтарды көрсетерлік тәжірибесі мен шығармашыл педагогтары бар базалық жалпы білім беретін мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында, балабақшаларда, мектеп-интернаттарда өткізіледі.
Қысқа мерзімді курс бағдарламалары мазмұнын жаңартуда Кембридж университетінің деңгейлік бағдарламаларындағы тұжырымдамалық идеялар және инновациялық тәсілдер қолданылады. Тәжірибе көрсеткеніндей, қазақстандық оқушылардың халықаралық TIMSS, PIZA зерттеулеріне қатысудағы нәтижелілігі ұстаздардың құзыреттілігіне, педагогтың кәсіби біліктілігінің дамуына тікелей байланысты. Халықаралық TIMSS, PIZA зерттеулерінде жоғары көрсеткішке жетіп жүрген Сингапур елінің педагогтары біліктілігін екі жылда бір рет көтеріп отырады екен.
Курстардың сапалы өткізілуі мұғалімнің нәтижелі қызмет атқаруына әсер етуін қадағалап отырамыз. Мұның тиімділігі оқушылардың функциялық сауаттылығының қалыптасу деңгейін көтеруде педагогтардың оқыту үрдісі барысында жаңа технологияларды тиімді пайдалануынан көрінеді. Мұғалім күн сайын оқушылар мен студенттердің ой-санасын дамытады, олардың көзқарасы мен дүниетанымын, өмірге, мемлекетке, қоғамға деген қатынастарын қалыптастырады. Өмірлік қажетіне жаратарлық білім мен тәрбие алған, өз орнын табуға қабілетті, елінің дамуы мен гүлденуі үшін еңбек ететін, бәсекеге бейім, бойында ұлттық құндылықтар қалыптасқан өскелең ұрпақты тек өз ісінің майталманы атанған педагогтар ғана тәрбиелей алады.
«Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» АҚ жүзеге асырып жатқан педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың жаңа инновациялық форматы кезең бойынша Қазақстан педагогтарының білім алуға деген сұраныстарын қанағаттандыруға және өздерінің кәсіби деңгейін тұрақты көтеруін тиімді ынталандыруға бағытталған үздіксіз біліктілікті арттыру жүйесін кұруды қамтамасыз етеді. Осы орайда, ең алдымен, педагогтардың инновациялық даярлығын қалыптастыру үшін төмендегі бағыттағы жұмыстарға қажеттілік басым болып отыр. Олар: білім беру саласына қатысты жаңаны қабылдау, ғылыми-әдістемелік жұмыстарды, озат педагогикалық тәжірибелер мен инновациялық педагогикалық-психологиялық нәтижелі зерттеулерді, педагогикалық технологияларды тәжірибеге енгізу, теориялық білімді тәжірибемен байланыстыра ұштастыру, инновациялық зерттеушілік іс-әрекеттер мен ізденісті еңбектерді қолдау, педагогтардың ғылыми шығармашылығын жетілдіру. Нәтижесінде педагогтың біліктілік сапасы көтеріледі. Міне, осындай сипаттағы біліктілік арттырудың жаңа жүйесі педагогтардың мәртебесін, әлеуметтік маңызын, біліктілігін өмір талабына лайық арттыруға бағытталып, ізденісті еңбек жалғаса бермек. Мақсатымыз – өскелең ұрпақтың саналы да тәрбиелі, өмірге икемді, функциялық сауатты болуын қалыптастыратын педагогтардың біліктілігін арттыруды жоғары деңгейде ұйымдастыру.
Маржан ҒАЛЫМЖАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры