Жылу қазандықтары тексеріледі
Премьер-Министр алдымен Үкімет атынан Қарағанды облысының Шахан кентінде орын алған қайғылы оқиғаның салдарынан қайтыс болғандардың туыс-туғандары мен жақындарына көңіл айтты. Мұнда жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі құлап, салдарынан 9 адам қаза тапқан болатын. Сондай-ақ, 8 қаңтарда Шымкенттегі жекеменшік тұрғын үйде де жарылыс болды. Ал 9 қаңтарда «Kazakhmys Energy» ЖШС Жезқазған ЖЭО-дағы апаттан Жезқазған қаласы мен «Қазақмыс» ЖШС өндіріс нысандары тоқтан ажырап қалды. Үкімет басшысы осы төтенше оқиғаларға байланысты қолға алынған шаралар жайына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкіміне, сонымен қатар, өкілетті мемлекеттік органдарға барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Қазір апат себептерін тергеу бойынша ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр», деді Б.Сағынтаев. Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков жүргізілген тергеу нәтижелері туралы баяндады. Тұрғын үйлерде, мектептер мен ауруханаларда қазандықтар орнатылған кейбір аймақтардың әкімдері де өңірлердегі жағдайды хабарлады. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері де бар. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов болашақта мұндай апатты жағдайларға жол бермеу бойынша ұсыныстарын білдірді. Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин талқыланған барлық мәселелер жекелеген кеңестерде қарастырылатынын, жағдайға талдау жасап, республикалық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктерді бөлуге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар енгізетіндерін атап өтті. Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп көп қабатты тұрғын үйлердегі, әсіресе, білім беру және әлеуметтік сала нысандарындағы барлық жылу қазандықтарына тексеру жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Б.Сағынтаев жылумен қамту нысандарының пайдаланылуы мен техникалық күйін бақылау мен қадағалау функцияларын күшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.Тіркелуге қолайлы жағдай керек
Отырыста талқыланған тағы бір маңызды мәселе – уақытша тіркелу туралы жұмыстардың жайы. Үкімет басшысы министрліктерге азаматтардың келген жерінде уақытша тіркелу нормалары мен ережелері туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Қазір қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың уақытша тіркелуіне қатысты тақырып белсенді түрде талқылануда. Адамдардың сауалдары көп, ал ақпарат жеткіліксіз. ХҚКО-ларда кезек көбейген», деді Б.Сағынтаев. Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп тың бастаманы түсіндіру бойынша ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізуді және тіркеу шарасын барынша жедел жүзеге асыруды тапсырды. Б.Сағынтаев бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының да міндеті екенін еске салды. Б.Сағынтаев азаматтарға олар үшін қолайлы уақытта тіркелуге мүмкіндік беру керектігін және ол үшін ХҚКО-да жұмыс істейтін терезелер санын барынша көбейтіп, қызмет көрсететін операторлар санын жеткілікті ету керектігін атап өтті.Шетелде қалғандарға көмек көрсетілуде
Премьер-Министр жыл басында түрлі себептермен еліне орала алмай қалған қазақстандық азаматтарға қатысты мәселеге де тоқталды. Атап айтқанда, Түркия мен БАӘ-ге қатысты, онда ауа райы жағдайына байланысты әуе рейстері кейінге қалдырылған болатын. Бұл жөнінде кеңірек баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қалың тұман мен көру қашықтығының нашарлығына байланысты Шарджа және Дубай қалаларынан әуе рейстері кейінге қалдырылғанын жеткізді. Соның салдарынан Қазақстанға бағыт алған 500-ге жуық адам зардап шекті. Аталған мәселені шешу үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, әуе компаниялары мен туроператорлар жедел штаб құрды. «Біз алғаш рет қазақстандық азаматтардың көшпелі туризм саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің тетіктерін іске қостық. 31 желтоқсанда «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының кепілдігімен 300 жолаушыны шұғыл алып келу ұйымдастырылды, қалған жолаушылар былайғы әуе компанияларының тұрақты рейстерімен жеткізілді», деді Ж.Қасымбек. Сондай-ақ, министр Ыстанбұл қаласының әуежайындағы жағдай бойынша есеп берді, онда қалың қар түсуіне байланысты Қазақстанға келетін бірқатар рейстер кейінге қалдырылды. Соның нәтижесінде 900-ге жуық адам зардап шекті, олардың 600-і қолайлы ауа райы кезінде жеткізілсе, тағы 300 адам қазіргі уақытта әуежайда. Қазақстан тарапы оларды тамақпен және қонақ үймен қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Премьер-Министр Б.Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне аталған мәселені айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпараттық жұмыс күшейеді
Үкімет отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Бұл ретте Бақытжан Сағынтаев министрліктерге жастар саясатын сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ету және жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы тиімдірек ақпараттандыру бойынша тапсырма берді. Премьер-Министр Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі жастар екенін атап өтті. Олар елдің одан әрі дамуына бағыттала алатын зор әлеует болып табылады. Б.Сағынтаев жастар саясаты дегеніміз мемлекет пен жастар арасындағы қарым-қатынас қана емес екенін, бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді болуы үшін оған қоғам да, бизнес те қызығушылық танытуы тиістігін алға тартты. Әсіресе, ел аймақтарындағы жастар саясатының сауатты жүзеге асырылуы аса маңызды. Отырыста сондай-ақ, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы мен «Жастар үні» жастар бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Ұлттық волонтерлік желісінің төрайымы Вера Ким және Қазақстан студенттері альянсының басшысы Мержан Әбілқас сияқты жастар ұйымдарының өкілдері де сөз алды. «Жастар саясатының басымдықтарын Мемлекет басшысы желтоқсан айында өткен жастар форумында белгілеп берген болатын. Осыған байланысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жастардың белсенділігін ынталандыру үшін жаңа тетіктер мен тәсілдерді пайдалана отырып Мемлекет басшысының нұсқауларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-Министр Ақпарат және коммуникация министрлігіне, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралған ғаламтор мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әрі бұл жұмыс жүйелі түрде қолға алынуы тиіс.5,7 трлн теңге заңдастырылды
Ал елімізде жүргізілген заңдастырудың аралық нәтижелері туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов есеп берді. Министрдің мәліметінше, акцияға еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысқан. Барлығы 5,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде 4,1 трлн теңгесі – ақшалай, 1,6 трлн теңгесі – мүлік түрінде. 151 мыңға жуық жылжымайтын мүлік, сонымен қатар заңды тұлғалардың қатысуындағы 213 үлес заңдастырылды. Акцияның соңғы айларында халықтың жоғары белсенділігі байқалған, мәселен, 2016 жылдың төртінші тоқсанында қаражаттың 53%-ы заңдастырылыпты. «Бұған 2015 жылдың соңында қабылданған түзетулер ықпал етті, оған сәйкес үдерістер жеңілдетіліп, азаматтарға қосымша кепілдіктер берілді», деді Б.Сұлтанов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»