11 Қаңтар, 2017

Сахараның ботакөзі

960 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
7127621a-23cf-4fdd-9260-2e6bbdc298ef «Қызыл кітапқа» кірмесіне кім кепіл? Бүгінгі күні жануарлар дүниесін қорғау және санын кемітпеу қай кездегіден де маңызды, қай кездегіден де қажеттірек дей аламыз. Қазіргі таңда елімізде қорғауға аса зәру болып отырған жануарлар түрлерінің бірі сахараның ботакөзі – ақбөкендер. Қолда бар деректер бұдан тұп-тура екі жыл бұрын, яғни 2015 жылдың басында Қазақстан аумағындағы киіктер саны 300 мыңның төңірегінде болғанын көрсетеді. Әрине, бұл әбден шүкірлік етуге тұратындай көрсеткіш бола тұрса да, соңғы екі жылдың ішінде «дала ару­ла­рының» саны екі есеге дейін қысқарып кеткеніне қалайша қынжылмассың. Киіктер лағын өргізгеннен кейін жүргізілген өткен жылғы соңғы санақ республикамызда небәрі жүз мыңның төңірегінде киіктер қалғанын айғақтайды. Оның жетпіс пайыздан астамы Орал өңірінде, қалған 30 пайыздық мөл­шері Бетпақдала мен Үс­тірт­те сақталған. Киіктер ареа­лы еліміздің он облысын және көршілес Ресей Феде­рациясы мен Өзбекстан өңірлерін қамтиды. Үкі­меттің 2012 жылғы 25 шіл­дедегі №969 қаулысына сәйкес 2020 жылға дейін ақбө­кендерді ату мен аулауға тыйым салынған. Соған қара­мастан, «Атты екен қан­дай адам көзі қиып?!» деп ақын жырлағандай, бес қаруын асынып мұздай қа­ру­ланған браконьерлердің жез­киіктерге жаудай тиіп, жаппай қыру деректері тоқталмай келеді. Жоғарыда айтылғандай, екі жылдың ішінде киіктер санының екі еседей кеміп кетуінің басты сыры осында десек, қателеспейміз. Заңсыз киік аулаушылар оған неге соншама өші­геді? Бал татыған, дәмі тіл үйі­ретін еті үшін бе? Жоқ, мол пайдаға бірден қарық болуды ойлаған қаскүнемдер киік етіне тістерін батыруды бірінші орынға қоймайтын секілді. Олар үшін киіктің етінен гөрі оның мүйізі әл­деқайда пайдалы, әлдеқайда табысты екені байқалады. Осы материалды газетке әзірлеу барысында біз Оң­түстік-Шығыс Азия ел­де­рінің, соның ішінде Қы­тай мемлекетінің фарма­цевтикалық және дәрі-дәр­мектер жасау өнді­рісіне киік мүйізіне деген сұра­ныстың аса жоғары еке­нін анық­­тадық. Соның салда­ры­нан алтынмен пара-пар киік мүйізі бармақ бас­ты, көз қысты дегендей, контра­бан­далық жолмен жоғарыда атал­ған елдерге қарай жылыстай беретінге ұқсайды. Былайша алып қара­ған­да, өз елімізде киік мүйі­зінен дәрі-дәрмектер жасай­тын фармацевтикалық өнді­ріс жоқ болғандықтан, рес­публиканың өз ішіндегі қара нарықтың өзінде киік мүйізі аса бір жоғары баға­лана бермейді деуге болады. Яғни киік мүйізінің бір келісі мұнда он мың мен жүз мың теңгенің аралы­ғында бағалануы осы пікірі­міздің дәлелі. Сонымен, бір мезгілде бір келі киік мүйізінің Қытайдағы құны төрттен он мың долларға дейін шарықтайды екен. Әрі бұл елдің нарықтағы киік мүйізіне деген сұра­нысы жылдан-жылға өсіп отыр­ғаны аңғары­ла­ды. Соның әсері­нен бра­коньерлерді қаржы­лан­­ды­рудың астыртын жымысқы жолдары да көбейіп келе жатқандай. Екіншіден, браконьерліктің тыйылмауына табиғат қор­ғау жөнінде қабылданған заң­да­рымыздың әлсіздігі мен сол­қылдақтығы да әсер етіп жүр­генін жасырып қалудың реті жоқ. Тіпті, ұсталған жағ­дай­дың өзінде айыптылар жауап­кершіліктен оңай құты­лады. Дәндеген қарсақ құла­ғымен ін қазады дегендей, дәндеген браконьерлер табиғатқа қаскөйлігін одан әрі жалғастыра береді. Осы арада бұған Қазақстандағы киіктер санының басым бөлігін құрайтын Орал өңірінен бірер мысал келтіре кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Айталық, мұнда өткен жылдары Алматы облысының тұрғыны Амангелді Жантөреев 149 дана киік мүйізімен ұсталған. Сөйтіп, тиісті жауапқа тартылған. Соған қарамастан, ол арада екі ай өтпей Бөкей Ордасы ауда­нында тағы да өз сыбайластарымен қолға түскен. Бұл жолы браконьерлер мінген автокөлік салонынан елу дана киік мүйізі тәркіленген. Тағы бір өкіндірерлік мәселе өңірде қызмет жасайтын кейбір ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңсыз киік аулау ісін бүркемелеп келгенінен туын­дап отыр. Мысалы, тергеуші Дәурен Мұқанов Амангелді Жантөреевке толтырылған хаттамадағы деректерді бұрмалап көрсетіп, тәркіленген мүйіздер санын әжептәуір кемітіп жазған. Екінші бір жағдайда учаскелік инспектор Д. Әшімов «Нива» автокөлігімен шығып киіктерді баудай түсірген. Ол жүргізген көліктің ішінен кесілген он төрт мүйіз бен тоғыз киіктің денесі табылды. Бұл деректі «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Орал өңірлік филиалының қызметкерлері әшкерелеген. Түйіп айтқанда, табиғат қорғау қыз­меткерлері анықтағандай, қосымша 340 миллион теңгеден астам қаражаттың айып­пұл есебіне кіргізілмей қалғаны жер­гілікті полиция қызметкерлерінің қыра­ғылығы мен белсенді іс-әрекетіне үлкен сын болып жүрмегей. Олардың өңірдегі табиғатты қорғау жөніндегі ме­ке­мелермен байланыстары және өзге өңір­дегі әріп­тестерімен ақпарат алмасу жұ­мыс­тары да нашар, өз деңгейінде емес екендігі өткен жылдың аяғында об­лыс­тық прокуратурада өткізілген ал­қа мәжі­лісінде егжей-тегжейлі сөз болды. Киіктердің мүйізіне қатысты жайттарды түйіндей келгенде, тағы бір тосын мәселеге тап боламыз. Гәп мынада. Ақбөкендердің мүйізі браконьерлерден тәркіленіп алынғаннан кейін жойылады екен. Айталық, соңғы үш жылда облыс аумағында 941 киіктің мүйізі тәркіленіпті. Оның жалпы құны шетелдік нарық сұранысына шаққанда 1 миллион 600 мың АҚШ долларына тең болып шығады. Сондықтан оны жоймай экспортқа шығарған жағдайда бұдан бюджет қоржыны 550 миллион теңгеге толығады екен. Мәселенің мұндай мәнісін неге ойластырмасқа? Тәркіленген киік мүйізіне қатысты заңнама аясында акт ресімдеп оларды қажетке жаратуды, бұл бағытта отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоюды ойластыруға болмас па еді? Қазіргі кезде киіктерді қорғау ісін­де рес­публикалық деңгейдегі «Охот­зоопром» өндірістік бірлестігі Батыс Қа­зақстан өңірлік филиалының қызмет аясы кеңейіп келеді. Өйткені, ел аума­ғындағы киіктердің жетпіс пайыздан астамы Орал өңірін қоныстанған. Соған сәйкес аталған бірлестіктің Ақтө­бе және Қостанай облыстары бөлім­шелеріндегі бірқатар қызмет орындары қысқартылып, соның есебінен Орал өңірлік филиалы қызметкерлерінің саны өскен. Ендеше, оның қызметіне іскерлік пен қырағылық, кәсіби біліктілік пен бел­­сенділік қажет екендігі талас туғызбай­ды. Соған қарамастан, «Охот­зоопром» ӨБ өңірлік филиалының дирек­торы Сәбит Дүйсекеновтің сыл­бырлық таны­тып жүргенімен келісу қиын-ақ. Фи­лиалға қарасты тірек қосын­дары қайта жарақтандыруды қажет етеді. Мұн­дағы мемлекеттік инспек­торлар осы заманғы қажетті құрал-жаб­­дық­тармен қамтамасыз етіл­ме­ген. Қыз­мет көліктерінің тең жарты­­сын­да тех­никалық ақау бар. Мем­ле­­кеттік инс­пекторлардың дені өз маман­­дықтарына сәйкес білім алмаған. Міне, қазір қыстың қақ ортасы. Күн­парағымызда – қаңтар. Биылғы қыста Ақжайық аймағына қалың қар түсті. Бұл жағдай мұздай қаруланған браконьерлерге тіптен ыңғайлы бол­ған­дай. Өйткені, олар қалың қар үстін­де жүрдек әрі қуатты қар шанамен ­киік­терді қарауылға іліктіріп жүр. Бұған таяуда ғана, яғни өткен 2016 жылдың  30 желтоқсанында олардың бірден 34 бас киікті жайратып салғаны толық дәлел. Бір өкініштісі, браконьерлер оқиға орнынан сытылып үлгерген. Оларды құтқарған желден жүйрік қуатты қар шана екенін тағы бір астын сызып айта кеткенді артық көрмейміз. Керісінше, «Охотзоопром» мамандарының техникасы ескі, күші әлсіз болғандықтан қар қауып қала берген. Рас, қазір тергеу жүріп жатыр екен. Істің мән-жайы таяу күндерде анықталып қалатын шығар деген ойдамыз. Сөз соңында тілшілер қосынына өңір­ді мекендейтін киіктердің қазіргі қысқы жәй-күйінен хабар берген Жаңа­қала ауданының әкімі Лавр Хайрет­диновтің айтқан дерегін оқырмандар назарына бергенді жөн көреміз. Оның айтуынша, киіктер орнығып, отығатын және төлдейтін мекендерінен ауып көшіп облыстың оңтүстік өңіріндегі Нарын құмының етегіне қарай қоныс аударып жатыр екен. Киіктер, соның ішінде аталық текелер көрер көзге өте әлсіз көрінген. Аяқтарын әрең басып келе жатқанға ұқсайды. Тіпті, ауыл­дың ішіне кіріп кеткен киіктер де бар. Бұл бір тосын өзгерістің болға­нын көрсе­теді, деп ойын ашық айтты негіз­гі маман­дығы ветеринар, тәжіри­белі әрі кәнігі аудан басшысы Л.Хайретдинов. Біз өз кезегінде мұның сыры неде, сіз бұған не дейсіз деген сауалды Батыс Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевке қойған едік. Оның жауабының ұзын ырғасы төмендегідей болды. Сала жетекшісі Жаңақала ауда­нының әкімі хабарлаған жайт шындыққа сәйкесетінін жеткізді. Даланың жүрдек жануары – ақбөкен қыс кезінде азығын қар астынан тебіндеп тауып жейтін жылқы тектес жануарлар тобына кіреді. Би­ылғы қыста киіктердің негізгі тұрағы Жә­нібек пен Қазталов аудандарына қар қалың түсті де кейін ауа райы­ның құбылмалылығы салдарынан қар­дың үстіңгі қабатын қалың мұздақ басып қалды. Бұл жағдай киіктердің тебін­деуіне қиындық туғызды. Аса сезімтал жануарлардың жылы әрі қары жұқа, әйт­се де шөбі құнарлы құмды өңірге қа­рай ойысуының мәнісі осында деді ол. Тағы бір ұққанымыз, бұл мәселе ­инспекция бақылауында болып шықты. Тіпті, қажет кезінде арнайы техника көмегімен қар аршылып киіктерді құм өңіріне қарай өткізіп жіберудің тиісті шаралары да белгіленіпті. Ал киіктердің аталығы – текелердің әлсіреу сыры өткен желтоқсанның онынан бас­тап осы айдың аяғына дейін болған күйек салдары екен. Соңғы санақ бойынша еліміздегі киіктердің жалпы саны 100 мыңның төңірегінде болса, алдағы кездегі бұл санның жай-жапсары қалай болып шығар екен? Бұған алдын ала бал аш­пай-ақ қоялық. Дегенмен, соңғы екі жыл­да «дала аруларының» саны екі есе­ге дейін төмендеп кеткенін ескерсек, бұл мәселеге алаңдамау еш мүмкін емес. Мұның екі себебі бар екені анық. Оның біріншісі – браконьерліктің сал­қыны, яғни тікелей адамның қолы­мен жасалған қатыгездік болса, екін­шісі соңғы жылдары себебі дәл анықтал­маған киіктердің арасында кезде­сіп жүрген ауру­лар. Оның алдын алу мақса­тындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары да әзірге нақты нәтиже бермей келе жатқаны алаңдатпай қоймайды. Сондай-ақ, заңды қасақана бұзып киіктерді қырғандарға қатаң жаза қолданылса мүмкін бұл қанды қырғын тыйылар ма екен деген ой келеді. Бұған қоса киіктерді қорғауды күшейту жөніндегі мәселелерді де ойластыратын кез келгені анық. Мысалы, осыдан 5-6 жыл бұрын ақ­бөкендерді арнайы қорғайтын заңды тұлға ретінде «Бөкей Орда» мемле­кет­­тік табиғи резерватын құру туралы мәсе­ле көтерілген еді. Тіпті, мұнда­ғы инс­­пекторлар құрамы 52 адамнан тұра­ты­ны да ашып айтылған-ды. Сондай-ақ, бо­лашақ резерваттың барлық құжат­тары әзірленгеніне де тиісті мекемелерде жинақталған ақпараттар арқылы куә бола аламыз. Қайда сол резерват? Мен қауіп еткеннен айтамын дегендей, киіктерді алдағы жылдары «Қызыл кітапқа» кіргізуге мәжбүр болып жүрмесек болғаны... Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы