11 Қаңтар, 2017

Қостанайда хайуанаттар паркі ашылды

547 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11-1-17-zoopark

Хайуанаттар паркі туралы облыста бұрыннан айтылып жүретін. Бастаманы биологтар мен әуесқой табиғат қорғаушылар ара-тұра көтеріп қоятын. Енді олар нақты іске кірісіп отыр. Қазір облыс орталығында есігін енді ашқан «Теремок» хайуанаттар паркінің 20 тұрғыны бар. Қолтырауын, қоян, енот, жыланның түрлері, шиншилла, тиін, үкі, құрбақа, тасбақа болып жалғаса береді. Хайуанаттар паркінің директоры Елена Юрьева қостанайлықтар мен қала қонақтары үшін мұндай орынның керектігін айтты. «Біз ұзақ жылдар цирк өнерімен айналысамыз. Онда жануарлармен өнер көрсететін номерлер бар. Бірақ каникул кезінде амалсыз оларды үйде ұстадық. Ойлана келе жануарлар түрін көбейтіп, жұртшылыққа ұсынуды дұрыс көрдік. Бірақ қаржылай қолдау бола ма деп күткенмен ешнәрсеге қолымыз жетпеді. Сондықтан өзіміздің отбасымызбен несие алдық та,  хайуанаттар паркін ашуға тәуекел жасадық», – деді Елена Юрьева. «Теремок» ұжымы алдағы уақытта аю, қабылан секілді ірі жануарлар алғысы келеді екен. Алайда, оған кәсіби ғимарат, маусым сайын аңдарды көшіріп отыратын, арнайы алаң жоқ. Бірақ бұл мәселе қаланың да, облыстың да даму жоспарында айтылған емес. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»