11 Қаңтар, 2017

Сауд Арабиясы мұнай бағасын құтқарып қалды

456 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Астана уақытымен түнгі 03:00-де күрт төмендеп, 53 долларға дейін түскен мұнай бағасы таңғы сессияға қарай қайта қалпына келе бастады. Оған себеп болған Сауд Арабиясының мұнай өндірісін азайтқаны туралы мәлімдеме. Астана уақытымен күндізгі 15:00-де Брент маркалы мұнай бағасы барреліне 54,12 долларға көтерілді. Трейдерлердің пікірінше, саудиялық Saudi Aramco мұнай компаниясы Азиялық тұтынушыларына ақпанда мұнай экспортын азайтатынын хабарлап, бұл өз кезегінде келер айдағы қара алтынның фьючерстік бағасының қымбаттауына жол ашты. Алайда Эр-Риядтың бұл бастамасына картельдің өзге де мүшелерінің қосылар-қосылмасы әлі де белгісіз қалып отыр. ОПЕК-тің өндіріс жағынан екінші ірі мүшесі Ирак Басра порты арқылы мұнай экспортын ұлғайтатыны айтылуда. Нақтырақ айтар болсақ, ақпанда осы порт арқылы экспорт көлемі тәулігіне 3,641 млн баррельді құрап, рекордтық көрсеткішке жетпек. Қазақстан өз кезегінде өзіне тиесілі 20 мың баррельді азайтқаны ертеректе хабарланған еді. Енді қаңтардың 21-22 күндері ОПЕК+ комитетінің бес мүшесі Венада бас қосып, желтоқсанда қабылданған келісімнің жүзеге асырылу барысын тексермек.