11 Қаңтар, 2017

Дүниежүзілік банк: 2017 жылы әлем экономикасы қарқын алады

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Дүниежүзілік банк мұнай мен өзге де шикізаттық тауарлардың қымбаттауының арқасында және Бразилия мен Ресей экономикасының қалпына келуі себепті әлемдік экономиканың 2017 жылы қарқын алуын болжап отыр. Дүниежүзілік банктің әлем экономикасына жасаған болжамынша, 2017 жылғы нақты ЖІӨ өсімі 2,7 пайызды құрамақ. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш қаржы дағдарысы кесірінен 2,3 пайыз ғана болған еді. Дамыған елдердің өсім көрсеткіші 2017 жылы 1,8 пайыз болады деп күтілуде. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 1,6 пайыз болған. Ал дамушы елдер үшін былтырғы өсім 3,4 паыз болса, 2017 жылы 4,2 пайыз болады деп күтілуде. Дегенмен, Дүниежүзілік банктің өзі бұл баяндамасында айтылған мәліметтерге толықтай кепілдік бере алмай отыр. Өйткені, Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы ұстанымдары мен АҚШ экономикасын қай бағытқа бұратыны сарапшылар тарапынан әлі де болса біржақты бағаланбай отыр. АҚШ-тың биылғы ЖІӨ өсімі 2,2 пайыз болады деп күтілуде. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 1,6 пайыз болған еді. "АҚШ экономикасындағы бұл қарқынды өсім Федералды қордың қаржы-валюта саясатының ықпалынан болуы мүмкін," - делінген баяндамада. Ал Қытайдың жалпы ішкі өнім өсімінің көрсеткіші 2017 жылы 6,2 пайыз шамасында болжануда. Ал 2016 жылы Қытайдың экономикалық өсім деңгейі 6,7 пайыз болған. Қытай қарқыны азайғанымен, оңтүстік-шығыс Азиядағы Индонезия мен Тайланд бастаған елдердің экономикалық өсімі қарқын алмақ. Үндістанның экономикалық өсімі 2016 жылы 7 пайыз болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 7,6 пайызға ұлғаяды деген жорамал бар. Айта кетейік, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2016 жылы 1 пайызға өссе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2,2 пайыз болады деп күтілуде.